Үкімет • 06 Қыркүйек, 2017

Қыстың қамын жаз ойла

356 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық жайы, сондай-ақ, елімізде энергия­ны үнемдеу шаралары, білім беру нысандарының уақытылы салынуы сияқты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. 

 

Қыстың қамын жаз ойла

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, Қазақстанның энергия таратушы кәсіпорындарының алдағы күз-қыс маусымына даярлық жұмыстары аяқталуға жақын. Министрдің айтуынша, ай сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялардың қатысуымен түйткілді мәселелерді талқылау мен олардың шешімін табу шараларын қабылдау бойынша салалық селекторлық кеңестер өткізіліп тұрады.

Биыл 10 энергия блогына, 61 энергетикалық қазандыққа және 49 турбинаға жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Қазір 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 22 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталған. 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 21 турбинада түрлі аяқталу деңгейінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстар кес­теге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын электр тарату желісіне және 6300 аралық стансаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 17 мың шақырым электр тарату желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген, бұл жоспардың 71 пайызын құрайды. Мұнда да жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Электр стансаларында 3,7 млн тонна көлемінде көмір қоры бар, бұл өткен жылдың деңгейінен 24 пайызға артық, сондай-ақ 82 мың тонна мазут бар.

Министр сонымен бірге, еліміздің газ-көлік инфрақұрылымының нысандары штаттық режімде жұмыс істеп тұрғанын, оларға техникалық қызмет көрсету кестелер мен жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жиында одан әрі әлеуметтік сала нысан­дарының жылыту маусымына дайындығы туралы бірқатар мемлекеттік органдар мәлімет берді

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз кезегінде алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған жұмыстар жоспары бекітілгенін атап өтті. Осыған сәйкес, 15 қазанға қарай барлық нысандарды, соның ішінде дербес қазандықтар мен инженерлік желілерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталады, сондай-ақ, бүкіл дербес жылу көздері отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда білім берудің 11 139 нысаны жоспар бойынша 100 пайыз жөнделген. Денсаулық сақтау нысандары бойынша 6 445 нысанды жөндеу көзделген болатын, олардың бүгінде 98 пайызы дайын. Жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған 43 572 тұрғын үйдің 88,2 пайызы дайын.

Жылу көздері туралы айтар болсақ, жергілікті атқарушы органдар 10 326 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған, олардың 94,3 пайызы әзір. Қазіргі кезеңге жоспарланған 2 113 шақырым жылу желісінің 2 000 шақырымы жөнделген. Бүгінгі таңда Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жылу желілері шамамен 85 пайызға дайын. Сумен жабдықтау желілерін әзірлеу аясында, жоспардағы 2 040 шақырымның 87,6 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Отын әзірлеу мәселесі бойынша, дербес қазандықтардың отынға деген қажеттілігі алдағы маусымда 1 227 мың тонна көмір мен 122 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі таңда 1 070 мың тонна көмір және 63,6 мың тонна мазут өндірілген.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Облыстардың және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің ақпараты бойынша жылыту маусымына 2 617 мемлекеттік балабақша, 7 094 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 473 колледж және 130 жоғары оқу орны дайын. Білім беру нысандары жылыту маусымына әзірлік бойынша актілерді алды, деді Білім және ғылым министрі.

Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2017-2018 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстары коммуналдық қызметтермен бекітілген кес­телерге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық өңірлерде денсаулық сақтау ұйым­дарын жылыту маусымына дайындау жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. 

Республикада арендалық және жекемен­шік нысандарды есепке алмағанда денсаулық сақтаудың 5 774 нысаны жұмыс істейді, олардың 822-сі орталықтан жылытылады, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады. Жөндеу және даярлау жұмыстары, отын сатып алу және жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызы бар 41 нысан бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 98 пайызды құрайды, 37 нысан әзірлік актісін алды, 4 нысанда жұмыс жалғастырылып жатыр және оны 30 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген.

Жергілікті маңызы бар 5 733 нысан бойынша ЖАО мәліметіне сәйкес, жылыту мау­сымына дайындық орта есеппен 92 пайызды құрайды. Сонымен қатар 11 өңірде жұмыстар 90 пайыз және одан жоғары пайызға орындалған. 

Үкімет отырысында сондай-ақ, бұл мәселе бойынша өңірлерден Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының, Астана, Алматы қалаларының әкімдері және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары сөз сөйледі. Мәселені талқылау қорытындысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, сонымен қатар өңірлерге отын сатып алуға бөлінген қаражаттар туралы деректерді жинақтауды тапсырды. Аталған жұмысқа жауапкершілік Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді. 

Үнемдеу үдесінен шықтық

Үкімет отырысында талқыланған тағы бір мәселе – энергия үнемдеуді реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру жайы. Қазақстанда ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 2020 жылға қарай 25 пайызға және 2050 жылға қарай екі еседен кем емес деңгейде төмендету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек баяндады. 

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда Мемлекет басшысының 2020 жылға дейін қойған міндеті мерзімінен бұрын орындалған. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бо­йын­ша, еліміздің ІЖӨ-нің энергия сыйым­ды­лығы 2008 жылғы деңгейден 28,2 пайыз төмендеген. 

Қазіргі энергия үнемдеу жүйесінің не­гізі 2012-2015 жылдары қаланды. Толық нор­мативтік-құқықтық база қалыптасты, Ұлттық даму институты айқындалды, Жа­по­ния тәжірибесі бойынша энергия үнемдеу жүйесінің негізгі элементі – Мемлекеттік энер­ге­ти­калық тізілім жасалды. Бүгінде онда 5 мың­нан астам ұйым қамтылды, деді министр. 

2016 жылы МЭТ субъектілерінің энергия ресурстарын жалпы тұтынуы 49 млн тонна шартты отынды құрады. Бұл еліміздің жалпы энергия тұтынуының 38 пайызын және заңды тұлғалардың жалпы тұтынуының шамамен жартысын құрайды.

Бекітілген жоспарларды талдау қорытындылары бойынша 2015-2016 жылдары МЭТ субъектілерінің энергия үнемдеуге 178 млрд теңгеден астам инвестиция салғанын атап өтуге болады. 2020 жылдың соңына дейін тағы 200 млрд теңгеге жуық қаржы инвестициялау жоспарланып отыр. 
Ұлт жоспарының 59-қадамын жүзеге асыру аясында энергия үнемдеуге ынталандыру мақсатында энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. ИИДМБ аясында жылу ұстағыш материалдарды, энергия үнемдейтін шамдарды, энергия тиімді электр жабдықтарын шығару бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылған. 

Ж.Қасымбектің айтуынша, таяу жылдарға ведомствоның алдында екі ірі міндет тұр. Біріншіден, энергия үнемдеуге ынталандыру тетіктерін кеңейту қажет. Екіншіден, энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіру керек, ол жергілікті атқарушы органдардың энергия үнемдеудің аймақтық саясатын жүзеге асыру бойынша рөлі мен жауапкершілігін арттыруды, мемлекеттік бақылау тиімділігін көтеруді қарастырады. 
Жалпы, жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыру энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге және экономиканы жаңғыртуға үлкен серпіліс береді, нәтижесінде біздің еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуіне жол ашады, деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар жиында энергия үнемдеу мәселесі бойынша Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі. Талқылау қорытындысында Премьер-Министр энергия тиімділігі саласында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін Инвестициялар және даму министрлігіне Энергетика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, өнім бірлігін өндірудегі энергия тұтыну нормативтерін белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды. 

Сондай-ақ, әрбір жекелеген кәсіпорын үшін энергия сыйымдылығын жыл са­йын төмендетіп отыру мәселесін пысықтау жүктелді. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру бойынша критерийді орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметінің тиімділігін бағалау жүйесіне қосу тапсырылды. 

Тендер телміртпесін... 

Кешегі Үкімет отырысында сондай-ақ, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының білім беру саласында іске асырылу барысы да талқыланды. Бұл ретте Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев есеп берді. Министрдің мәліметінше, биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен 109 мектептің құрылысына 71,7 млрд теңге бөлінген, оның 26,5 млрд теңгесі бұған дейін басталған 53 мек­тептің құрылысын аяқтауға және 45,2 млрд теңгесі 56 мектептің құрылысын бастауға бөлінді. 

Биылғы жылдың жоспары бойынша 2016 жылы қаржыландырылған 76 мектеп пен 2 балабақша пайдалануға берілмек. Әкімдіктердің ақпараты бойынша, жыл соңына дейін 24 мектеп 2018 жылы қалған 33 мектеп пайдалануға беріледі. 2018 жылы аталған мектептердің құрылысын аяқтауға қаражат бөлу Қаржы министрлігінде құпталған, деді Е.Сағадиев. 

Сондай-ақ, бұл жұмыстардың өңірлерде орындалу барысы жайында Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының әкімдері қосымша баяндады. 

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге және орынбасары Ерболат Досаевқа қа­жетті жұмыстарды жүргізіп, жауапты мем­лекеттік органдармен бірлесіп, мектептердің құрылысы саласындағы тендерлерді жүргізу рәсімдерін өзгерту шараларын қабылдауды және мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттарды игеруді жылдамдатуды тапсырды. Тендерлердің уақытылы өтпеуі сал­дарынан мектептердің құрылысы кешеуіл­демеуі қажеттігін айтты. Яғни, Үкімет басшысы үлкендердің кесірінен балалар зардап шекпеуі керектігін қатаң ескертті.

Динара БІТІК, 
«Егемен Қазақстан»