Театр • 06 Қыркүйек, 2017

Әзекең және Әкем-театр

1199 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

...Ол кіріп келе жатқанда те­атрға жан бітетін. Тастай қа­тып тұрған театр ғимаратының тамыр­ларына қан жүгіріп, рухы кө­теріліп, сахнасы саңқылдап сөй­леп тұратын. Өйткені, кіре сала үстіңгі қабаттағы өзінің ка­би­нетіне емес, қасиетті сахна­сына баратын. 

Әзекең және Әкем-театр

Авансценаны қо­лы­мен сипап өтіп, киелі құт­ха­насына тағзым жасайтын. Әкем-театрында әкесіндей бол­ған қазақ өнері алыптарының аруа­ғына сәлем беретін. Бұл – театр­ға кіргендегі күнделікті әде­ті екенін кейін білдік. Мұндай қа­сиет кейінгі кезде тілге тиек, ой­ға қазық, жанға азық болудан қалып барады.

Әуезов театры... – Әкем-теат­ры... – Әзекең театры... – Әдемі кезең! Бұл тіркестердің әдіптеліп, әсер­лі естіліп тұратындығының сы­ры неде?
Әуезов театрына жалындап тұрған 25 жасында келіп, қа­жыр­­лы да қазыналы еңбегімен оны Әкемтеатр дейтін деңгейге көтеріп, әдемі кезеңді жасай білу екінің бірінің қолынан келе беретін шаруасы емес еді. 

...Иә, ежелгі амфитеатрлар шырғадан шыға алмай шырмалып жатқанда, Қазақ елінің дала-театры сән-салтанатымен сахараны ән мен жырға бөлеп, табиғи таланттарымен шығандап шыңға өрлеп тұрған болатын. Дәстүр-салт, әдет-ғұрпымыздың сце­нарийін кімдер жазып, ре­жиссерлық шешімін кімдер жаса­ды? Оның жауабы – шерлі ше­жіреміздің шертілмей жатқан сыр­лары мен ұлы дала тұрмыс-тіршілігінің ырғағында жатқан болар... 

Былайғы жұрт таңдайын қа­ғып, ожырая қараса өзі білсін... Ал қазақтың бүкіл болмысы мен тұтас ұлттық тұлғасының айнасы – рухани байлығы, дәстүр-сал­ты, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тір­ші­лігінің бәрі де – тұнып тұр­ған өмір-сахнасының салтанаты еді. Сол өмір-сахнасынан кә­сіби өнер сахнасына айналып, өзін өзгеге мойындатқан қазақ те­атры ә дегенде-ақ, талайды тән­­ті еткені тарихтың тарғыл бет­­терінде бедерленді. Кәсіби теа­тры­мыздың негізін қалаған Жұ­мат Шаниннен бастап, айна­ла­сындағы қайталанбас хас таланттар – Қалибек, Серке, Қапан, Елубай, Сәбиралардың санаты – сары алтынмен салмақтанатыны белгілі. 

Ал Қошке, Сәкен, Ілияс, Бейім­бет, Мұхтар, Ғабит, Сәбит­тердің соқпақ жолды сара­лап, драматургиямызды даралап, қаламынан от шығарып қажырлы еңбек еткенін елгезек уақыт ешқашан да ұмытпақ емес. Аласапыран-алмағайып заманмен алысып өткен Алаштың арыстары табандап жүріп тарих сахнасына Қазақ театры дейтін қарашаңырақтың қазығын осылай қадап берген еді.

Асқар Тоқпанов алмағайып уа­қыттарда әкем-театрының ару­ағын үйіріп, әудем жерін әспеттеп берсе, енді оның дәуірлеу кезеңі­нің сатыларын санамалап отырып, кәсіби дәргейін арттырып, әлемдік деңгейдегі санатқа қо­су бақыты – Әзірбайжан Мә­диұлына бұйырған болатын. Бұл – бұйырған бақ қана емес, бат­­пандай жүкті арқалап, азапты жол­­дардан ақ адал ниетке сүйене оты­­рып өнерді өрге, өнердің абыройын төрге сүйреу еді.
Арқалады – азабы өзінікі, абыройы халықтікі. Сүйреді – сүбесі сөгілді, театр аламанда ал­дыңғы қатардан көрінді. Бірақ, сүйе­ніші – театрға деген ақ адал ни­еттен бір сәт те айныған жоқ. 

М.Әуезов қазақтың бүкіл ру­хани қазынасын сақтап, болашаққа аман-есен апаратын алтын сарайы – театр екенін айт­ты. Еуразия белдеулерінде бе­лағашын көтеріп жанталасып жат­қан театрлардың беталысын жі­ті қадағалап, саңлақ өнердің са­ра жолын салып беруге атсалыс­ты.

Биыл қайталанбас қарымды қа­ламгер, ұлы тұлға – Мұхтар Әуезовке де 120 жыл толып отыр. Әкем-театры ғана емес, қазақтың ұлт­тық театр өнерінің көшін өрге сүй­реп, ақылшы-абызы бола біл­ген алыпты Алашы мәңгі ар­дақтап өтетіні хақ. М.Әуезов атын­дағы қасиетті қарашаңырақ биылғы театр маусымының ашылуын ұлы жазушының мерейтойымен мәртебелемек. Аруағы – қазақ руханиятының нұры боп шалқысын!
Әзекеңмен Астанадағы Қали­бек Қуанышбаев театрында жақын араластым. Жанында жү­ріп, 5 жылдай әдебиет бөлімінің мең­герушісі қызметін атқардым. 

Берері мол, кемелі зор кезінде жұ­мыссыз да жүрді ғой... Соның есе­сін қайтарғысы келді ме? Аста­наға келгендегі ынта-ықы­ла­сы, жігерлі де ширақ тіршілігі бә­рімізді тәнті етті. Мүмкін, баяғы әкемтеатрындағы біз көрмеген қарқыны осындай болған шығар? Арыны басылған ақсақалдық жас­қа келсе де айналдырған аз уа­қыттың ішінде қазақ класси­касы мен әлем классикасын ара­ластыра отырып, 10 шақты спек­такльді сахналап үлгерді. Актерларды да әптер-тәптерін, ақ тер-көк терін шығарып, сымдай тартып сыңғырлатып қойды. Осы­лайша, енді ғана еңсе көтеріп ке­ле жатқан елордамыздың театры­на Қызыр қонғандай болып еді. 

Өмірдегі жары, өнердегі ақыл­шысы – Ғазиза Ахметқызын ерек­ше аялап айтып, еркелете еске алып отыратын. «Кез-келген сах­налық қойылымның жаны, рухы, өзіне тән мінезі болады. Ол – қасиеттердің бәрі құдіретті му­зыкада жатыр. Қисынын тауып қиюлай білмесең, қойылым – са­былған қимыл, сапырылысқан құ­р сөз боп қалады. Мұндай жағ­дай­да ынтымақпен ымырала­са, ыммен түсінісіп, жұптанып жұ­мыс жасасқан – Ғазиза Ахметқы­зы Жұбанованың орны бөлек еді...».

Отырысы да, жүрісі де ешкім­ге ұқсамайтын. Отырса да, жүрсе де мойны ішіне кіріңкіреп, екі иығы шығыңқырап, мықшия кө­терген жүгі бар адамдай кі­сі­ге қабағының астымен қарай­ты­ны бар еді. Сөйтсем, ол – Ұлт те­атрының негізін қалаған ұлы­лар­дың, алыптардың арқалатып қойған аманаты екен. 

Бірде Тахауи Ақтановтың «Жо­ға­лған дос» пьессасын сах­наға әзірлеп жатқан Әзекең, үнсіз егіліп жылап отырды. Келесі дай­ындықта да бір қолымен сах­наның шымылдығын ұстап, ше­шесінің етегінен жармасқан ба­ладай кемсеңдеп, көз жасына ерік беріп тұр...
Қойылымның оқиға желісі – сұ­рапыл соғыс жылдарындағы тә­лейсіз тағдырлардың жанкешті сұрқай өмірі туралы еді...
Мүмкін, сол әсер етті?! 
Жоқ, ол да емес екен...
Сәлден кейін кабинетіне барсам, үнсіз отыр. Көзі жасқа толып..
«Әкем,.. әке,.. папам,..» – де­ді де әңгімесін үзіп-үзіп, жанын ауырта айта бастады:

«Мен күттім оны... Соғыс аяқ­тал­ғаннан кейін, баласын тос­­­қан ана, күйеуін күткен жар, әке­­сін аңсаған бала... бәрі вок­зал­­ға жиі баратын... Бірі – кө­рі­­сіп қуаныштан, бірі – кемтар солдаттың азапты хәлінен, енді бірі – шаһит болған батырына жоқтау айтып жылап жататын. Вок­зал – азан-қазан, айғай-шу... Біз Аққағаз екеуміз бірге баратынбыз. Сабақтан шыққан соң күн батқанша жүріп, бір-бірімізді жұ­батқан боп, артымызға қа­рай-қарай жәутеңдеп үйге қай­та­тынбыз. Кейін Аққағаз бармайтын болды. Менің де барғанымды жөн көрмеді. Бірақ, мен содан кейін де оған білдірмей бес жыл­дай вокзалға барып тұрдым. Кел­мейтінін білем. Білсем де әдетіме ай­налып кетті... Үміт, шіркін, үзілмейді екен ғой... 

Өйткені, «өлді» деген түгілі, «келмейді» дегенге мүлде сенгім келген жоқ... Әлі де болса, «әке» де­ген сөзді естіп қалсам, ет жү­регім езіліп елеңдеп қалам. Так что... отбасының амандығын, бала-шағаңның бүтіндігін ойла!.. Күт­кен – жаман!..»

«Не жаман? Бұл дүниеде 
күткен жаман,
Күтуменен зарығып біткен 
жаман.
Келем деген адамың келмей 
қалса,
Сол екен ғой бәрінен – тіптен жаман» – халықтың зары мен зарығуы жатқан осы бір қара өлең қабырғамның астына қадалды да қалды. Иә, басыңнан өтпей, құдайдан жетпейді... 

1999 жылы Елбасы арнайы шақырып, елорда театрын сеніп тапсырғанда еңсесі көтеріліп, ба­ладай қуанып, барын салып жұмысына кірісіп кеткен еді. Ең­бегі бағаланды. Бағасы бас­бар­мақпен ғана емес, бас-ая­ғы бүтін халықтың махаббаты­мен бағаланды. – «Халық Қаһар­ма­нын» алды... 
Жаңа заманның пәндәуи айла-амалын меңгере алмағандығынан шығар. Бәлкім, өнерге деген адал­дығы болар. Кейде кейіп оты­­ратын. «Осы «Халық Қаһар­ма­ны» деген атақ – менің қа­бі­рімнің басына жазу үшін ғана керек пе?» – деп...

Жоқ, Әзеке, сіз жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың, екі кезең мен екі дәуірдің қиындығы мен қызығын қатар көріп, арқа­ла­ған аманатыңызды алдың­ғы ұрпаққа аман жеткізген алып­тардың арасындағы алыбы­сыз. Халықтың қаһарман ұлы­на да, қазыналы тұлғасына да лай­ықсыз. Пәниден бақиға көш­келі, тоғыз жыл өтсе де әкем­театрда аруағыңыз қалқып, Қал­лекей-театрында рухыңыз шал­қып тұр. Әдейі сізді ояту үшін, әсіре қызылға апармай, осы әңгімені қозғап отырмын. Сізді қозғамасқа әддім болмады. Өйткені, сіз сенген, сізге сенген – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты пәтуалы мақаласына пәрмен берер күш керек. Иә, ол – кемерін толтырар келешегімізге кемел, беделін арттырар болашағымызға бедел боларлық ұлттық рухымыздың жаңғыруы... 

Екінші қыркүйек – туған күні­ңіз. Еске алдық. Еңсемізді тік­тедік. Ендігі жүрер жолымызды сізге қарап айқындап алып, аттай шабармыз. Бірақ, өзіңіздей өмірі мен өнері өнегеге толы өр тұлғаны жылына бір рет емес, күнде есімізге алып тұрсақ та артықтық етпейтінін білем...
Әуезов театры.., Әкем-теа­тры.., Әзекең-театры.., Әдемі ке­зең! Бұл тіркестердің әдіптеліп, әсер­лі естіліп тұратындығының сы­рын білгіңіз келсе, ұлт театры­ның тылсым-құдіретіне айналып бара жатқан «төртеу түгел болсын» – дейік.

Бақыт БЕДЕЛХАНҰЛЫ