Руханият • 26 Тамыз, 2017

Азаматтық пен адамгершілік ұлттық рухтың жарқын бейнесі

925 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ қашанда рухани байлықты пір тұтып, оған жүгінген халық. Сондықтан бүгінде рухани байлығы терең, білімді ұрпақ тәрбилеудің маңызы зор екендігіне Елбасымыз, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ерекше көңіл аударып, «Егемен Қазақстан» газетінде  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Мақала болашақ ұрпақтың ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен саналы сезімін қалыптастыруда, «Мәңгілік ел» құрудың алғышарты ретінде қарастыруға шақыратын іргелі бағдарлама.

Азаматтық пен адамгершілік ұлттық рухтың жарқын бейнесі

Бұл бағдарламаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің дінтану және  мәдениеттану кафедрасының профессорлық-педагогикалық ұжымы мемлекеттік  құжат әрі тапсырма ретінде қарастырып, студенттердің ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух пен саналы сезімін дамытып, ел, мемлекет мүддесіне қалтқысыз қызмет етудің үлгісін қалыптастыруды оқу және тәрбие жұмысының басты мәселесі ретінде  қарастыруда.

Ғылыми-педагогикалық тұрғыдан алғанда рухани байлықты қалыптастыру ата-бабаларымыздың  бұдан мыңжылдар бұрын тәрбиелік жұмысты көздің қарашығындай жинақтап, табиғи қабілеттік пен табиғи дарындылықтың арқасында үлкен өнегелікпен игеріп ұлтымыздың бірегей мәдениетін, дәстүрлері мен салтын құрғаны  ешбір дау, талас тудырмайтыны анық. Тарихи-ғылыми тұрғыдан осы рухани және  мәдени құндылықтарды зерттеуде алғашқы жол салушылар болады. Солардың ішінде қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен рухани байлығын ғылыми-философиялық тұрғыдан алғашқылардың бірі болып зерттеген  Садуахас Темірбековтың «Закономерности культурного развития деревни в процессе строительства социализма» атты кандидаттық диссертациялық жұмысы 1965  жылы Мәскеудегі М.В.Ломоносов  атындағы МГУ-да қорғалғанын атап айту керек.

Қазақстан егемен мемлекет болып жарияланғаннан кейінгі кезде  Садуахас Темірбеков өз ғылыми зерттеулерін заман талабына сай Қазақстанның нарықтық қатынастарға өтуі мен даму мәселелеріне бағыттаған болатын. Осы тұрғыда оның ойлары мен ізденістері «Ұлттық мәдениет дамуының заманауи мәселелері», «Өтпелі кезеңдегі қоғам мәдениетінің құрылымы туралы», «Нарық құшағында», «Ұлттық мәдениет дамуының жалпы өркениеттік аспектілері», «Бір іргелі құндылық туралы», «Қазақтардың ұлттық мінезіндегі мәдени аспектлер», «Мәдениет және өркениет», «Қазіргі заманғы рухани-өркениеттік құндылықтар мәселесі» және т.б. еңбектерінде айқын әрі жан-жақты көрсетілген.

Осы еңбектерінде ол заман тудырған қазақстандық қоғам үшін өзекті болып табылатын мәселелерді қарастырған. Олардың ішінде ұлттық мәдениеті баз қалпында, «... таза күйінде сақтау керек» немесе «... советтік дәстүр мен үлгілерді толығымен сақтауымыз керек» деген тартыс туғанда, ол «қазақ мәдениетін жаңғыртудың жаңа ұлттық-өркенитетік жолын жандандырудың қажеттілігі анағұрлым басым екенідігін» дәлелдеп бақты. Өз ойын философиялық тұрғыдан тұжырымдауға ол қазақ халқының төл құндылықтарына сүйене отырып ақиқатты әдіптеумен болды. Намысын  қымбат, арын сымбат тұтқан халқымыз ешуақытта адалдықтан жазбаған деп,  «... әр іске әділ қараушының басына   бәле келмейді» деген  халық сөзін өзінің өмірлік кредосы ретінде ұстанды.  Сондықьан да өз өмірінде абыройлы адам болу- адамгершіл адам болу деп түсінетін.

Ол студенттерге дәріс оқығанда, сабақтан тыс уақытта, қазақ халқының тәрбиелік маңызы терең, «алдымен туған жердің жақсыларын таны» деген мақалын қайталап айтып отыратын. Өйткені туған жерімен жарасқандар бұрын-соңды таңғаларлық тәрбиелік істің бастаушысы болған, елдің бірлігін, татулығын үйлестіретін әрекеттер жасаған, игілікті істер жасауға үндегенін баса ескертіп айтып отыратын. Өмір шындығы тұрғысынан алып қарағанда әрбір азамат туған еліндегі жаксылардан алған  тәрбие өмірлік сананы  қалыптастыратыны да анық.

Қандай да бір тұлғаны  ой елегінен өткізгенде, оны өз заманы контекстісінде қарастыру    методологиялық талап. Садуахас Темірбековтың философия  ғылымдары бойынша ғалым  болуы, жоғары оқу орындарында алғашқы ұстаздық қызметтерді атқару кезі кеңестік жүйедегі тоталитарлық заманмен тұспа-тұс өтті. Кеңестік жүйедегі философиялық ой-толғаулар катаң бақылауда болатын. Сондықтан қазақ халқының түбегейлі мұдделерін өзіне  ту етіп тұтқан азамат өзінің  ғылыми зерттеулеріне лайықты деп іздеген бағыты идеологиялық құрсау шеңберіне сия бермейтін философияның табиғи сұрақтары болып  танылатын мәдениеттану мәселерімен айналысу қажет деп тауыпты. Бұл бағыттағы дәстүрлі қазақ қоғамының рухани іргелі негіздерін; оның ішінде ар, намыс, жеке тұлғаның рухани байлығы мен ұлттық материалдық өркениетке байланысты мәселелерді зерттеуі заманның өзекті мәселелері болатын. Себебі, тоталитаризмнің антигуманистік сипаты өзге мәселелерге қарағанда қазақ ұлтының мәдениетіне, ұлттың рухани байлығына өте зардапты еді.

Осы жағдайларды ескере отырып Садуахас Темірбеков қазақ халқының ұлттық  кеңістігінің философиялық рухани дүниесін әлемдік мәдени рухани дүниенің құрамдық бөлігі ретінде  қарастырды. Себебі, мыңжылдықтар барысында Орталық Азияда өмір сүрген халықтар, бір-бірімен ортақ мәдени, үздіксіз рухани  қатынаста болғаны белгілі. Бұл ақиқат ғасырлар бойы жалғасып келе жатқандықтан қазақтың мәдени дәстүрлерімен  қайшылықта болмаған. Қазақ  мәдениетінің және рухани байлығының күштілігі мен тұтастығы да осында.

Садухас Темірбековтың еңбектерінде ұлттық  мәдениеттің жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту барысында трансформацияға ұшырау үрдісі болуына байланысты ой толғап, мұндай жағдайда да тұлғалардың (көсемдер, даналар, данышпандар) рөлінің күрт өсетінін де болжамдаған еді. Мұндай даналықтың көзін ол көшпенді халықтардың өзге  отырықшы ұлттар арасына сіңіп кетуінен сақтап қалған мінез-құлқын қазақ халқының табиғи иммунитеті деп танитын.

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көтерілген мәселелер Қазақстанның ертеңгісі мен  келешегі рухани, мәдени өсуінің  көсемдік, данышпандық бағдарламасы деп, осы орайда атап көрсететін Президенттің бір сөзіне тоқталайық. Мақаланың басында ол «рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес» деп  көрсеткен. Бағдарламаның «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде «Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек» деп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім жобасын» ұсынып, «жобада нақта адамдардың нақты     тағдырлары мен  өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті  көріс табуы» керектігін ескертіп, осылайша, мың жылдың тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады» деп жазған.

Осы тұрғыдан алғанда Садухас Темірбековтың «Мәдениеттануға кіріспе» (Введение в  культурологию: учебное  пособие.- Алматы, 1996 г.) еңбегінде мәдениет  туралы түйінді ой айтып, былай дейді. «Мәдениет –  адам әлемі, ұлттық мәдениеттің кәусар  бұлағынан дәм татқан  адам ана сүтін еміп өскен баладай бақытты. Ал адамзат мәдениетінен толыққанды нәр алған адам, міне, нағыз рухани толыққанды адам болғаны» деп  жазады. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің  мәдениеттану майданының өкілдерін, өз тұлғаларымызды ұлықтауды әсе  естен шығармағанымыз абзал.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға  алуды ұсынып, бұл бағдарламада туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүріне айрықша игілікпен  атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды  көріністерінің бірі деген. Елбасының осы жазғандарын келтіріп отырғанымыз мәдениеттанушы ғалым, профессор Садухас Темірбеков ол дүниелік болып кетпегенде биыл, 2017 жылы 85 жасқа толатын еді. Егер бұл өмірдегі тірі болғанда бұл жыл мерейтой жылы болар еді. Дегенмен осы 2017 жылы Елбасымыз, Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жариялануы мәдениеттанушының мерейін үстем етіп, тірі өмірінде жасаған  сүбелі еңбегін біз үшін паш еткендей болып тұр.

Қазақтың «қанағаты бар адам қалпын бұзбайды» деген  сөзі бар Садухас Темірбеков өмірден қарапайымдылықпен өтті. Өзін түсінген ұжыммен  үйлестікте болды, құрметтеген топтармен татулықта  қызметін өткізді. Мұралы ортадан ой тапты,  сауаттылар арасында сөзін іске тұтты. Артына тура, батыл, қарай алады. Олай дейтініміз 1996 жылы Қазақстанда мәдениеттану бойынша тұңғыш ғылыми-әдістемелік оқу құралы «Введение в культурологию» деген  еңбегі жарық көрді. Кітапты  қолдан-қолға тигізбей оқығандардың қатарында студенттер, аспиранттар және докторанттар, оқытушылар болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінінң Ғылыми кеңесі бұл оқу құралын жоғары бағалап, оған университеттің  профессоры атағын берді, әл-Фараби атындағы «Үлкен алтын медальмен» марапаттады. Осылармен қатар оның білім-болмысы ескеріліп, Республикалық «Өнегелі өмір» атты сериялық кітаптың 35-ші шығарылымы дарынды ғалымға арналаып 2014 жылы «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді. Қоғамдық қызметтерде де аса іскерлік-ізденімпаздық әрі жаңашылдылығымен көзге түскен азамат, оқу ағарту және мәдениет салаларында жұмыс істеп жүрген халықтың зор сенімі мен жауапкершілігін арқалап, қатарынан екі рет, 1980  және 1985 жылдары  Қазақстан КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты  болып  сайланды. Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін «Еңбек  Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Ғасырлар бойы ұлттың мәдени-рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп, мәйегін бұзбай келешекке табыстап, сол халықтың жарқын болашағы үшін бүкіл саналы ғұмырын арнаған Садуахас Темірбековтың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету  әбден орынды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың мақалы бекер айтылмаған депті. Соған байланысты Садуахас Темірбековтың туған елі Оңтүстік Қазақстан обылысы, Төле би ауданындағы бір оқу орнына, немесе мәдениет ұйымына оның есімі берілсе, осы елдегі болашақ ұрпақтың білімділікке, мәдениеттілікке, рухани байлыққа ынталы болып өсуіне себебін тигізер еді деп тұжырымдаймыз.

 

Ә. Р. Масалимова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор

Ж.Ж. Молдабеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы

Т.Х. Ғабитов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының  докторы