Бокс • 06 Қыркүйек, 2017

Қанат Ислам мен Брэндон Кук баспасөз жиынын өткізді

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук жекпе-жегінің баспасөз мәслихаты өтті. 

Қанат Ислам мен Брэндон Кук баспасөз жиынын өткізді

Жиынға Ислам-Кук андеркартында кездесу өткізетін барлық қазақстандық боксшылар мен олардың қарсыластары қатысты. Сондай-ақ, Брендон Кук пен оның жаттықтырушысы Майк Гайет, промоутері Тайлер Бракстон да келді.

Қазақстанда екінші рет жекпе-жек өткізейін деп жатқан Қанат Ислам алдағы кездесуге дайын екенін айтты. «Елордада тұңғыш рет кездесу өткізбекпін. 9-шы қыркүйек күні шаршы алаңға шығатын боксшылардың барлығы тәуелсіз елдің ер-азаматтары. Мақсатымыз - елге жеңіс сыйлау, қазақ боксшыларының мықты екенін бүкіл әлемге таныту», деді ол.

Ал канадалық боксшы Брэндон Кук Қазақстанға тек жеңіс үшін келгенін айтады. Ол өзге елде алғаш рет жекпе-жек өткізейін деп жатса да, бұл жеңіске жетуіме еш кедергі келтірмейді дейді. «Мен негізі Қазақстанға жоспарланған уақыттан үш күн ерте келіп алдым. Уақыттық белдеуге, ауа райына тез үйренісіп кеттім. Қанаттың жекпе-жектерін қарап шықтым. Бірақ, қазір сіздерге ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бәрін шаршы алаң көрсетеді. Бұл менің сырт елдегі алғашқы кездесуім. Мен елдеріңізге тек жеңіс үшін келдім», дейді Кук.

Айта кетейік, Қанат Ислам мен Брэндон Кук арасындағы жекпе-жек 9-шы қыркүйек күні астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Сондай-ақ, бұл кеште Қанаттан басқа сегіз боксшымыз жұдырықтасады. Олар: Мейірім Нұрсұлтанов, Жанхош Тұраров, Жәнібек Әлімханұлы, Айдос Ербосынұлы, Әли Ахмедов, Димаш Ниязов, Руслан Мырсатаев және Нұрсұлтан Жаңабаев.