07 Қыркүйек, 2017

Ақан серінің домбырасы – мұражай сөресінде

2369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары ұлттық өнерді жасаған тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбіткен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы күні кеше тағы бір тарихи жәдігермен толықты.

Ақан серінің домбырасы – мұражай сөресінде

Ән өнері шырқау шегіне жетіп, қазақ мәдениеті мен өнерінің «алтын ғасыры» аталған ХIХ ғасырдағы сал-серілік мектептің көрнекті өкілі Ақан серінің домбырасы Алматы төріндегі мұражайдан орын алды. Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай сынды сал-серілік дәстүрді қалыптастырған ірі тұлғалардың бірі Ақан сері Қорамсаұлы ұстаған 150 жылдық тарихы бар қара домбыраның ғасыр асып мұражай қорындағы қастерлі жәдігерге айналуы бүкіл қазақ мәдениетінің жетістігі болып қабылданды. Саналы ғұмырын Ақан серінің мұрасы мен шығармашылығын түбегейлі зерттеуге арнап, соңына ақтаңгер әнші туралы туралы ғажайып роман жазып қалдырған белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің үйінде сақталып келген домбыраны мұражайға оның ұрпақтары әкеліп тапсырды. Қымбат мұраны сүйіншілеп, салтанатты кешті жүргізген белгілі күйші Мұрат Әбуғазы домбыра тарихына аз-кем тоқталып, домбыраны Сәкен ағамыз «Ақан сері – Ақтоқтыны» жазу үшін Көкше жеріне ізденіспен барған сапарының бірінде оған әншінің өз ұрпақтары аманаттағанын жеткізді. 

Қазақтың ән өнерінде қайталанбас дара тұлғаға айналған Ақан серінің бүгінге дейін жеткен мол мұрасы – бүгінгі дәстүрлі әншілеріміздің қоржынындағы қымбат қазына. Оның әндері қазіргі дәстүрлі ән өнерінде ерекше құбылыс болып отыр. Ақанның әндері Арқа мектебінің үлгісінде айтатын әншілердің ғана емес, сахна сәніне айналған бүгінгі күміс көмей, жез таңдай майталмандардың дерлігінің репертуарынан берік орын алған. Осы кеште Ақанның сырлы сазға толы, ел ішіне кең тараған шоқтығы биік әндерін дәстүрлі әннің дүлдүлдері бірінен соң бірі тамылжыта орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиев «Шәмшіқамарды», Гүлсім Арысбаева «Ақтоқтының аужарын», Жоламан Құжиманов «Іңкәр-айды», Айдана Асанбаева «Мақпалды», Талғат Әбуғазы «Балқадишаны», Тілеулес Құрманғалиев «Құлагерді», Құралай Шаяхметова «Майдақоңырды», Саят Нұрғазин «Көккөбелекті», Амангелді Күзеубай «Шырмауықты» асқақ үнмен әуелете шырқағанда, кеудеде тыншып жатқан рух шымырлап, асқақ сезіммен атойлады. Ал кезек Ақан серінің домбырасымен ән салуға келгенде, кешегі сал-серілік мектептің жұрнағы ретінде ел ризалығына бөленіп жүрген Ерлан Төлеутай толқып тұрып шырқаған «Алтыбасар» әні Ақан заманының күмбірін құлаққа жеткізгендей тыңдаушысын тіпті арқаландырып жіберді.

Дәстүрлі музыка өнері салтанат құрған кештің қонағы болған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек домбыраны мұражайға табыстай тұрып, мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы арқылы халық мәдениеті мен ұлттық кодты сақтауға үлкен мән беріп отырғанын,  ал бұл еліміздің  мәдени жетістіктерін бүкіл әлемге паш етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кеш бітті, көпшілік тарқап жатыр. «Нағыз рухани жаңғыру деген, міне, осындай болады!» деген дауысқа жалт қарадық. Жігерленіп, желпініп бара жатқан қарапайым көрермен екен. Рухани жаңғырудың не екенін, рухтың қандай болатынын оған Ақан келіп ұғындырғандай...

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ