Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2017

Қостанайда адам құқықтарын қорғау жөнінде семинар-тренинг өтті

608 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің, Қостанай облысы әкімдігінің қатысуымен  Қостанайдағы  мемлекеттік қызметшілерге, үкіметтік емес ұйымдар  мен жұртшылық  өкілдеріне арнап «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында оқыту семинар-тренингін өткізді. 

Қостанайда адам құқықтарын қорғау жөнінде семинар-тренинг өтті

Оған жергілікті құқық қорғау және сот органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының және жастар ұйымдарының өкілдері де қатысты. Семинар-тренингті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев ашып, елімізде адам құқықтарын қорғау халықаралық құқықтың бөлінбес бір бөлігі екенін айтып өтті. Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев бүгін елімізде адам құқықтарын   қорғау жұмыстарының қалай жүргізіліп отырғанына, сапар мақсатына тоқталды.

«Қостанайлықтарға өз құқықтарын қалай қорғауды үйретеміз, еңбек қатынастарынан туындайтын дау-дамайды шешу жолдары, әйелдер мен бала құқықығының қорғалуы, адам саудасын болдырмау секілді көптеген мәселелерді көтеретін боламыз», деді Тастемір Әбішев. 

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің  үйлестірушісі Гүлмира Қуанжанова, Комиссия мүшелері мен сарапшылары Т.Әбішев, З.Байсақова мен С.Жаркенова нақты мысалдармен тыңдаушыларға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді. Шара барысында тыңдаушылар БҰҰ адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысты БҰҰ құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты, БҰҰ-ның тиісті Комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетігін талқылады.

Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев бастаған топ Қостанай облысындағы жұмысын Рудный қаласынан бастады,  одан кейін Федоров ауданына барады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ