Экономика • 08 Қыркүйек, 2017

Қамбадағы түйір дән – ел ырысы бұйырған

668 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің астықты өңір­лерін­де егін орағы бел ортасына жетті. Мәселен, астық дақылдары жө­ніндегі жаңалықтарды жүйелі жет­кізіп тұратын «ҚазақЗерно» ақпа­рат агенттігі сайтының осы апта­дағы мәліметі бойынша Қостанай об­лысында астықты алқаптардың 51 пайызы, Солтүстік Қазақстан об­лысында 50,2 пайызы бастырылса, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 46,6 пайызға жеткен. 

Қамбадағы түйір дән – ел ырысы бұйырған

Ал Ауыл шаруашылығы ми­ни­стр­лі­гінің мәліметі бойынша, ос­ы егіс ал­қаптарынан әзірге 9 миллион 623,5 мың тонна ас­тық жиналған. Әр гектардың өнім­ді­лігі орта есеппен 12,7 центнерден айналған. Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылы дәл осы кезеңде астықты өңірлердегі егіс алқаптарынан 9 миллион 1,4 мың тоннаның өнімі алынған бо­латын.

Егер жағдайды таратып айтатын болсақ, 4 қыркүйек күні Қостанай облысында 2 мил­лион 116,3 мың гектардың асты­ғы орылған. Сөйтіп, астықты ал­қап­­тардың 50,5 пайызында өнім жи­нау жұмыстары жүзеге асқан. Сондай-ақ, майлы дақылдар егіс­тігінің 61,5 мың гектары немесе 18 пайызы жиналып алынған. Б­ұдан 2 миллион 267,6 мың тонна астық, 45 мың тонна күнбағыс дәні алынған. Облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының мәліметі бойынша, астықтың әр гектарының өнімділігі 10,7 центнерден, күнбағыстікі 7,3 центнерден айналған.

Айта кетерлік бір жағдай, би­ыл Қостанай облысындағы ау­ыл­шаруашылық дақылдары егіс­тігінің кө­лемі былтырғыдан 1,1 пайызға ұлғай­тылып, 5 миллион 197,1 мың гектарды құрап отыр. Мұның 80,7 пайызы астық және бұршақ дақылдары егістігіне, 12,3 пайызы мал азықтық да­қыл­дарға, 6,7 пайызы майлы да­қыл­дарға, 0,3 пайызы картоп пен кө­көніске және бақша дақыл­да­рына арналған.

Солтүстік Қазақстан облыс­ын­дағы жағ­дай да осыған ұқсас. 4 қыркүйек күні мұнда 1 миллион 695,9 мың гектардың өнімі орылды. Мұның 337,9 мың гектары – майлы дақылдар егістігі.

Жуықта еліміздің Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі астықты сатып алу бағасын жариялады. Биылғы егін ору маусымында бидай бағасы оның сапасы мен жеткізу орнына байланыс­ты қалыптастырылды. Бұл ақ­па­рат астық бастырып жатқан ди­қан­да­рымыз үшін аса қажет болған соң келтіре кетейік.
Сөйтіп 1 тонна астық бағасы клей­­ко­винасы (қамырлылығы) мен протеиніне байланыс­ты тө­мен­дегідей мөлшерде анық­­тал­ды:

құрамында 23 пайыз клейковина және 12 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 42000 теңге; құрамында 25 пайыз клейковина және 13 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 45000 теңге; құрамында 27 пайыз клейковина және 14,5 пайыз протеині бар 3-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 50000 теңге (54000 теңге – АҚО-да қапшықталған); құрамында 32 пайыз ұлпа жә­не 15 пайыз протеині бар 3-сұ­рыптағы би­дай­дың тоннасы – 60000 теңге (АҚО-да қап­шық­талған); құрамында 20 пайыз клейковина және 11 пайыз протеині бар 4-сұрыптағы би­дайдың тоннасы – 39000 теңге; құрамында 18 пайыз клейковина жә­не 9,5 пайыз протеині бар 4-сұрыптағы би­дайдың тоннасы – 37000 теңге; ал 5-сұрыптағы бидайдың тоннасы – 33000 теңге.

Сонымен қатар, 2-сұрыптағы арпа­ның жеткізу көлемі 1000 тоннаға дейін бол­са, 40000 теңгеге бағаланбақ, ал жеткі­зу көлемі 1000 тоннадан артық болса, тоннасының бағасы 41000 теңге­ге дейін арта түсетін болады. Бұл баға­лар­дың барлығында ҚҚС-ның қоса есепте­лін­ген­дігін айта кетсек артық болмас.

Еліміздің астықты өңірлерінде егін орағы қызу қарқын алған осы тұста ақ күрішімен аты шыққан Қызылорда облысының Қармақшы ауданында да осы өнімді жинау жұмыстары басталып кетті. Мұндағы биылғы жылдың бір ерек­­шелігі, егістіктің елеулі бөлігіне кү­ріш­­тің ирандық «Таром Хошими» сор­ты­­ның егілгендігінде болып отыр.

Аталған күріш сортын өсіріп отыр­ған Ақтөбе ауылындағы «Ақ­төбе и К» ЖШС егістік ал­қап­­тарында облыс әкімі Қырым­бек Көшербаевтың қатысуымен және атақты күрішші Социа­лис­­тік Еңбек Ері Сәлима Жұ­ма­бе­ков­аның ақ батасымен күріш бас­тыру жұмыстары салтанатты түр­де басталды. 

«Ақтөбе и К» ЖШС-ның кү­­ріш­тің ирандық сортын таң­дап алуында да өзіндік сыр бар екен. Облыс әкімдігі мен Иран елі­нің тиісті орындары өз ара ын­тымақтастық орнатуы нә­ти­­жесінде екі елдің күріш өсі­рушілері мен сатушылары өзара мәмілеге келген. Мұнда Ираннан жет­кізіліп, өсіріліп отырған «Таром Хошими» сортты күрішті ирандықтардың өздері сатып алмақ. Бұл ел жылына 3 миллион тоннаға жуық күріш тұтынса, соның үштен бір бөлігін сырттан сатып алады екен. Иран еліндегі күріш­тің орташа шығымдылығы гектарына 33-35 центнерден ай­налса, «Ақтөбе и К» ЖШС қол­данған жаңа технология­ның нә­тижесінде мұндағы 1510 гектар алқаптағы шығымды­лық гектарына 75 центнерден айналып отыр. Демек, екі елдің бірлескен әрекеті қызылордалық күрішшілер үшін пайдалы бола­тындығы анық. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»