Руханият • 08 Қыркүйек, 2017

Қайсар қалыпты, дара мінезді жан

803 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазақ елінің бүгінгі, отандық кәсіби музыка өнерінде композитор Жоламан Тұрсынбаев ойып орын алады. Оның дарынынан туған шығармашылық мұрасына қарасақ, біршама тамаша дүниелерді көреміз. Өзінің замандас – әріптестері Тілес Қажығалиев, Алмас Серкебаев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов сапында тұрған ол музыка-сахналық, кантата-ораториялық, аспаптық, камералық, балалар музыкасы және ән жанрларында жемісті де жеңісті еңбек етіп жүрген композитор. Сонымен бірге, оның ешкімге ұқсамайтын айшықты шығармашылық мәнері бар. 

 

Қайсар қалыпты, дара мінезді жан

Шығармашылық шырайы
Қазақ халқы жоғары деңгей­дегі еуропалық музыка өнерін тануда әлі де кенже қалып келеді. Оларды әлі де элиталық өнер санап, қалың қауым қабылдай қоймайды, сондықтан ән жанрын­да көрінетін сазгерлердің ғана аты озып, бәйге алып жа­та­ды. Ал классикалық музыка­ның құлағын ұстап, ұлттық өнерімізді өрге бас-тырып жүр­ген композиторлардың таны­мал­дығы қашанда кемшіндеу болатыны белгілі. Сондықтан негізінен классикалық музыка жазатын Жоламан Тұр­­сын­баевтың алдымен шығар­машылығымен таныстыр­ғанды жөн көрдік. 

Жас Жоламанның компози­тор­­лық қабілетін бірден танып, Құрманғазы атындағы кон­­сер­ваторияның сазгерлік бөлі­міне қабылдануына қолдау біл­дірген атақты композиторымыз Ғазиза Жұбанованың өзі болатын. Жоламан мұнда Қа­зақ КСР халық әртісі, профессор Анатолий Бычков сыныбында тәлім ала жүріп, 3-курстан бастап оркестр­ге ар­налған күй-симфониясын, виолончель мен фортепианоға арнал­ған вариа­цияларын, скрипка мен фортепианоға арналған «Жел­дірме» поэмасын, альт пен фор­тепианоға арналған сонатасын және т.б. жазды. Осында жүргенде ол бүгінгі күннің жаңа композиторлық технологиясын, олардың ұтқыр да ұтымды жетістіктерін меңгеруге құлаш ұрды, оның элементтерін өз туын­дыларының кеңістігіне енгізді. С.Рахманинов, С.Про­кофьев, Д.Шостакович, Г.Сви­ридов және т.б. сынды ХХ ғасыр­дың ғажайып композитор­лар әлемінің тереңіне бойлады. Әрине, жас Жоламанның алғаш­қы шығармалары классикалық туындылар деп танылып, мамандар тарапынан жоғары баға алған деуден аулақпыз, бірақ білікті музыканттар жоғары бағалап, конкурстарда жүлде алғандары бар. Мәселен, «Жеті­су әндері» вокалдық циклы Бү­кіл­одақтық жас композиторлар кон­курсының ІІ жүлдесін алған. Сөйтіп, қазақ музыка әлеміне өз үнімен, өз қырымен келген композитор ретінде консерватория қабырғасында жүргенде-ақ ол өзін таныта білді.

Консерваторияны бітіріп, Қа­зақ теле-радио комите­тінде одан аспирантурада, «Өнер» баспасында істеп жүрген жылдарында да Жоламан Тұрсынбаевтың шығар­машылығы шарықтап, дами берді. Өлеңдерін қазақ­­тың белгілі ақындары Ш.Сма­ханұлы, Ж.Әбдірашев, М.Әу­бәкіров, Х.Ерғалиев, Е.Өте­тілеуов, А.Асылбеков, Е.Елу­баев, Е.Шәймерденов және т.б. жазған «Көз нұрындай Ота­ным», «Той бастар», «Есіл бойы – Қызылжар», «Майдангер мирасы», «Өміріміз ән дастан», «Ту­ған жер», «Ақ жаңбыр» және т.б. әндері радио-теледидардан жиі шырқалып тұратын. Сондай-ақ, іш­кі дүниесі тылсым иірімдерге, биязы жеңіл әзілге, шырқау әуен­ге толы кейінгі жылдары ту­ған «Айгүлім», «Біздің ауыл, Бестерек», «Тұсаукесер» (сөзі А. Асылбектікі), «Сарыарқа сай­ран жерім-ай», (сөзі М.Жұ­ма­­баевтікі), «Тораңғұл», «Арай­лы­ Астана», «Меңгесер» (сөзі С.Тұр­ғынбекұлынікі), «Есілім», «Қы­зыма» (сөзі Е. Шаймер­де­новтікі), «Жырау әні» (сөзі  Қ.Шаң­­­ғыт­баевтікі) әндері тыңдарман жүрегіне жол тап­қан. Бұлардың арасында да түрлі республикалық конкурс­тарда жүлде алғандары бар. Осы жылдарда Ж.Тұрсынбаев ком­позиторлар одағының мү­шесі ғана емес, КСРО және Қа­зақстан Композиторлар одағы бас­қармаларының мүшесі де болып сайланды. 

Өнерлі ортаның ортаң қол­дай өкілі болып жүрген өмірі­нің осы кезеңінде Жоламан Тұр­сынбаев классикалық му­зы­ка жанрында да сүбелі дү­ние­лер тудырды. Соның ішін­де, 1983 жылы Қазақстан ком­по­зиторларың VІІ съезінде ал­ғаш орындалған жеті бөлімді «Бай­қоңыр баспалдақтары» ораториясы (ақын Жұбан Молда­ғалиевтің поэмасы бойынша) көрермендердің ықыласына бө­леніп, музыка мамандары оны отандық композиторлардың кан­таталық-ораториялық музы­ка саласындағы соңғы онжыл­дықтағы олжасы деп таныды. Белгілі композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Балнұр Қыдырбек бұл туралы: «Менің пайымдауымша, көп жылдар бойы кантата-ораториялық жанр­ға тың көзқарастың жоқты­ғынан оған жақындауға ешкім­нің жүрегі дауаламады. Бұл қа­тарда өз ерекшелігімен, жаңа­шылдығымен көзге түсетін Жо­ламан Тұрсынбаевтың кантатасын айтуға болады», деп жаз­ды. 

Кейін композитордың ша­бы­ты­нан үш актілі «Төле би» операсы (либреттосын жаз­ғандар Әкім Тарази мен Қа­дыр Мырзалиев), скрипка мен симфониялық оркестрге ар­нал­ған үш бөлімді «Астана әуен­дері» атты концерті дүниеге ке­ліп, отандық композиторлар ішінде тұңғыш рет шертпе күй таби­ғатының интонациялық әуе­нін, ойнау ерекшелігін қол­данды.

Композитордың «Қызқа­ра­ғай» (өлеңі М. Әубәкіровтікі), «Біз­дің ауыл Бестерек», «Төле би­дің батасы», «Ұлбикенің соңғы әні» (А. Асылбек), «Айналайын, Қы­зылжар», «Астана арулары» (С. Тұрғынбекұлы), «Таразым» (М. Жолдасбеков), «Арман-ай», «Досқа сыр» (Ш.Сариев), «Батыр бабам – Бауыржан» (Ө.Оралбаев), «Елімнің сенде ажары» (Р.Онаева) әндері халық арасына кеңінен танымал болды. 

Жоламан Тұрсынбаев музы­кант қана емес азаматтық позициясын да берік ұстанып, қоғам­дық міндетін де белсенділікпен атқарып жүрген жан. Әсіресе, отандық патриотизмнің орны­ғуына ол өз тарапынан сүбелі үлес қосып келеді. Осы қатарда Тө­ле биді насихаттау, Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековті таныта түсу, Ер Жәнібек, Бекет ата, Ұлбикені ұрпаққа үлгі ету сарынында жазылған бірнеше шығармалары бар. 

Оның 3 актілі, 5 суретті «Арай­­лы Астана» мюзиклі (либреттосы – Ш.Құсайынов пен Ш.Сариевтікі) 2013 жылғы Рес­пуб­ликалық «Тәуелсіздік тол­ғауы» конкурсының І дәрежелі сыйлығын, қазақ халық аспаптары оркестріне жазылған «Киік қыр­ғын» поэмасы да 2014 жы­лы осы конкурстың І сый­лығын иеленді. Ал 2012 жы­лы «Абылайдың Ақ үйі» поэмасы (өлеңі Ө.Оралбаевтікі) «Тәуелсіздік толғауы» конкур­сы­ның ІІ дәрежелі сыйлығын ал­ған еді. 
Міне, бүгінгі таңда ата жасын алқымдап жүрсе де зар кү­йін­дегі композитордың шы­ғар­машылық табыстары қысқа­ша айт­қанда осындай. 
 
Өрге бастаған өмір баспалдақтары
Барлық адамның тұлға ретін­де қалыптасуына туған жер мен өскен ортаның әсері мол болады. Жоламан «ақ балтырлы ақ қа­йыңдары» сыңсыған, айдын көлдері жарқыраған, жасыл шалғыны белуардан келетін елі­міздің қиыр терістігінде, та­биғаттың сұлу өлкесінде дү­ниеге келген. Алайда, бұл өл­кенің жазы сұлу, жайлы, жомарт болғанымен қысы қытымыр бо­лып, қыркүйек айынан бас­тап соққан қара суығы адамды бүрістіріп, күшеншекке ай­нал­дырып жіберетіні жиі бола­ды. «Алты ай жаз, алты ай қыс болады» дейтін өлке осы. Жо­ламан Тұрсынбаев шығар­машылығында бірде сұлу, жаз­дай жайлы, мамыражай музы­калар болса, бірде ашулы, найзағайдай жарқылдап, тыңдаушының көңілін сан алуан­ қалыпқа түсіретін драма­тур­­гиялық қақтығыстарға то­лы әуен­дер болуы туған жер таби­ғатының өнер­паз сана­сы­ның қалыптасуына әсерінен бол­са керек. 

Жөкең өскен ортада қаймағы бұзылмаған шағын қазақ ауылдары көп және олар бір-біріне жақын орналасқан. Бірақ кейін қазақ ауылдары қысқартылып, жанындағы ірірек мекендерге сіңіріліп кетті. Жоламан Тұр­сын­баевтың «Мереке» ауылы да кейін «Жекекөлге» қосылып, ірілендірілген. Қалай десек те Жөкеңнің өскен ортасы таза қазақы қалыпта болды. 

Жоламан 7 жылдық мектепті тәмамдаған соң Қызылжар қала­сындағы бастауыш мектептерге мұғалімдер дайындайтын педагогикалық училищеге тү­седі. Осы оқу орнының ком­по­зитордың өмірінде алатын орны ерекше. Себебі, ол Жола­манның мәдени-рухани аясының қалыптасуына, музыка деген қасиетті ұғым әлеміне еніп, оның биігінде шырқау арманына құлаш ұрғызған құтты оқу орда болады. Болашақ ком­позитор осында алғаш рет му­зыкалық сауатын ашып, фортепиано, мандолина, домбыра аспаптарында ойнауға үйренеді, жеке солист ретінде де, хорда да ән айтады. Училище көркемөнер үйірмесі деңгейінің жоғары екенін композитор Георгий Сви­­ридовтың біршама күрделі туындысы «Патетикалық ораториясын» осындағы хордың Қазақстанда тұңғыш орындауы­нан аңғаруға болады. 

Оқу орнында тамаша әнші, әуесқой композитор Мәділхан Есмағамбетов те ұстаздық еткен. Ж.Тұрсынбаев осы ұстазының ықпалымен композитор болуды қалап, өзінің алғашқы туындысы «Қоштасу вальсін» жазады... 

Ж.Тұрсынбаевтың үлкен өнер жолына түсуі Абай атын­дағы ака­де­­миялық опера және балет театрының вокалдық-хор студиясында оқыған жылдарында болды. Ол Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», А.Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», М.Төле­баевтың «Біржан-Сара», Н.Жи­гановтың «Алтыншаш» және т.б. опералардың хорында ән айтады. Хор артистерін дайындайтын 2 жылдық осы оқу орнында дауыс қою ұстазы, театрдың жетекші ән­шісі Клавдия Бобошкоға Жоламан өзі шығарған төл туын­дыла­рын алғаш рет көрсетеді. Адам­гершілігі мол, жанашыр адам оны қолынан жетектеп отырып, Құрманғазы атындағы ұлт­тық консерваторияның жас ұс­тазы Ғазиза Жұбановаға әке­леді. Ол Жоламанның шы­ғар­маларын мұқият тың­дап, консерваторияның компо­зи­торлық бөлімінде міндетті түрде оқу керектігі туралы кеңес беріп және өзінің нақты көмегін көр­сетеді. Осының арқасында Жо­ламан консерваторияның ком­позиторлық бөлімінің студен­ті атанады. Ғазиза Жұбанова сияқ­ты абзал жанның үмітін Жоламан Тұрсынбаев толы­ғымен ақтады деп айтуға қақы­мыз бар, өйткені ол бүгінгі таңда биік кәсібилігімен, жасампаз ең­бегімен Қазақ елінің рухани келбетін ашатын санаулы азаматының бірі болды.

Композитордың халық ара­­сына кең тараған сүйікті әндерінің бірі «Қызқарағай». Күміс көмей әншіміз Бибігүл Төлегенованың орындауында ра­дио мен телевидение арқы­лы республиканың барлық өңі­ріне таралған бұл әнді сөз зер­гері, классик жазушымыз Ға­бит Мүсіреповтің өзі жоғары баға­лаған. 
Әннің шығу тарихы да қы­зық. 1981 жылдың жазында Ғабит Мүсіреповтің туған жері – Солтүстік Қазақстан облы­сындағы Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында жазушының 80 жылдық мерейтойы өтеді. Оған Алматыдан қазіргідей көп адам­дық делегация бармай, сөз зергерінің өзі таңдаған 5-6 адам ғана ереді. Соның ішінде ақын-жазушылардан Ғафу Қайыр­беков, Сәкен Жүнісов, Мақсұтжан Әубәкіров, ғалым Евней Букетов және композитор Жоламан Тұр­сын­баев болған. 

Ғабең ауылының төрінде қа­рағайлы қалың орман бар. Соның ішінде жалғыз өскен, қалың жапырақты, зәулім шырша тұр. Жанындағы қарағайлардан мойыны асып тұрған ерекше әсем өскін Ғабеңдей жаны сезімтал суреткердің көзінен тыс қалмай, жа­зушы оған «Қызқарағай» деп ат береді. Өйткені, оның ма­ңына өзге өзіндей ағаш өс­пе­ген, демек аталық тозаң болмай, ұрықтанбаған. Кезінде Бу­ра­бай орман шаруашылығы техникумына сабақ берген, биологиядан хабары мол Ғабең осылай топшылап, мұны «қызқарағай» деп атаған сияқты. Осы әңгіме классиктің серіктеріне де қатты әсер етеді. Оған арнап бә­рі де шығарма жазуды, ал әнін араларындағы жалғыз композиторға жүктейтіндіктерін ай­тып, даурығады. Өзіне жүк­телген міндеттің ауыр екенін жан-тәнімен сезінген Жоламан Тұрсын­баев та қатты толғанады. Жат­са да, тұрса да ән әуенін іздеп, жал­ғызсыраған қызқарағайдың мұңы сезімтал жүрегіне маза бергізбей, шабыт іздеп шарқ ұрады. Ақыры ән туады. Ал сөзін Мақсұтжан Әубәкіровке шы­ғартады. «Аулында бар аға­ның Қызқарағай, Өтпес адам қа­сынан бір қарамай», – деп бас­талатын ән осылай туған. Қазіргі тілмен айтқанда кейін ол Жаңа­жол ауылының ғана емес, жалпы Солтүстік Қазақстанның брендіне айналды...

Міне, бұл бір әннің ғана тарихы. Композитордың әңгімелерін тыңдап отырғанда осындай қан­шама туындыларының қызықты тарихына қанықтық. 
Жоламан Тұрсынбаев бар­лық саналы ғұмырын өзі сүйген өнер жолына арнаған. Еңбек жо­лын Қазақ радиосының музы­калық бас редакциясында бастаған ол кейін республикалық «Өнер» бас-пасына ауысып, он­да қатардағы қызметкерден бас редактордың орынбасары баспалдақтарына дейін көте­рілген. Одан мемле­кет­тік теледидардың музыка редак­­циясының бас редакторы болып, бұл жерден Желтоқсан оқи­ғасына белсене қатысушы Хасен Қожахметті қызметке ал­ғаны үшін қудаланады. Жөкең өз өмірінің 21 жылын Мәдениет министрлігіндегі қызметтерге арнады. Мұнда ол бас маманнан басқарма бас­тығы сияқты лауазымдардан өтеді. Кейін Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының музыкалық-әдебиет бөлімінің меңгерушісі болса, қазір «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры музыкалық-әдебиет бөлімінің музыка зерттеушісі болып қызмет етуде.     

Композитордың ұзақ жыл­ғы жемісті еңбегі жоғары баға­ланып, оған «Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері» атағы, «Құрмет» ордені берілген. Соны­мен қатар, ол Жамбыл атын­дағы Халықаралық сый­лық­тың лауреаты, бірнеше мере­келік медальдардың иегері. Қаз­ір ол Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы бойынша осы аттас екі актілі, үш картиналы опера жазу үстінде. 

Халқының бай рухани болмысын бойына дарытқан Жөкең жылдар жымына қайсарлықпен қарсы тұрып, қашан көрсең де өмірге құштарлықпен, отан­сүйгіштік жоғары леппен, Мағ­жанның «қаламымды малып жү­рек қанына» дегеніндей, жаны­ның ең түкпіріндегі дарын қуа­тын елінің игілігіне суырып беруге дайын болып, жалындап жүреді. 

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар