Әдебиет • 08 Қыркүйек, 2017

«Қыз Жібек» жырын жатқа жырлайды

652 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Даниял ағам алғаш кездескенімде, үндемеген еді. Ішіне сыймаған екен. Тағы бір жолыққанымызда, – Інім, сен қалай ойлайсың, осы бізге керек пе? Мұны тыңдайтын орта бар ма өзі қазір? – деп құсалығын білдірді. Әп-сәтте үндей алмасам да, сөзімді: – Неге керек емес? Қажетті дүниенің жүгін көтеріп жүрген сізге әлі де болса ризашылық білдіреді! – дегеннен әріге бара алмадым. Шыны керек, ағам іштей жылап тұр еді. Өзінің жылауы емес, қазағының бір өнерінің келмеске кеткені ме, деген өксікті танып едім сонда. 

«Қыз Жібек» жырын жатқа жырлайды

Қырғыз көршімізде жыр бі­реу, бірақ халықтық. Қырғыз­дың қарты немересі мектеп та­­бал­дырығын аттамастан, сол «Манасты» жатқа оқуын қа­дағалайды екен. Бізде ше? Да­ниял ағам жыршылар мектебін ашу керек дейді. Себебі, қазақ қар­­тының немересі де сөзге жа­қын. Бірақ оның әке-шешесі жыр­шы баласынан болашақ көрмейді. Әйтпегенде Даниял ағам бүлдіршінді дайындап көрді. Онысы сәтті шықты. Үшін­ші сынып оқушысы бі­раз жыр­дың басын қайыруға қауқары келді.   Баламның өлеңді жатқа оқуын бағалап жатқан ешкім жоқ. Ал оның ұзақ-сонар жырын қазір ешкім тыңдамайды дегенді ата-анасының аузынан естіген соң Даниял ағам тартыншақтап қалды. Жас бүлдіршін компьютер үстелін серік етті. Бойдағы бар дүние осылай тұншығып қала берді. Кім ұтты? Кім ұтылды?

Даниял Әсенов. Жыршы. Абайдың қай шығармасын қа­лайсыз? Шәкәрім дастандарын тыңдауға уақытыңыз бар ма? Әлде сіздің ортаңыз үшін М.Арынның «Бес анығы» керек шығар? Жоқ лиро-эпостық, әлде батырлар жырын естігіңіз келе ме? Бәрі бар. Бірақ Абай бабамның «Сөз түзелді, тың­даушы сен де түзелі» әлі де болса ғұ­мырлығын танытып-ақ отыр. 

Даниял ағаны Кереку өңірі жақсы таниды десем, шолақ қайырғандай боламын. Бұл есімді естіген сәтте, Қазақстанның ба­ты­сындағы оралдық, ақтөбелік зия­лы қауым елең етері сөзсіз. Ал Астанада Даниял аға жыр сүйер қауымның қолдауымен жиыр­ма бес қазақ мектебін аралап, жыр оқығаны кеше ғана-тын. М.Жолдасбеков ағамыздың мұ­рындық болуымен Астана төріндегі Президент мәдениет орталығында, Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ әкімшілігінің ойластырумен болған кештерде де өзін ерекше сезінгені бар еді. Шығыс жұрты Абай бабамыздың 150 жылдық мерейтойында танып алды. Ал Ресейдің Сі­бір өңірі мен Түркияның алып қалаларының (Анкара, Ан­талья, Ыстанбұл) қазақтары аң­сайтындарын жасырмай, іздеп жүреді. 

Даниял аға ақы сұрамайды. Сөзді ұғар орта іздейді. Бір бол­­­­са, осы филолог мамандар ұғар­ деп, студенттерге келеді. Су­сындатып алады, өзінің де айызы қанады. Ал тыңдаушы қалай таңдайын қаққанын білмей қалады. Қанаттанып алғаны сон­шалық, моноспектакль жасап, халық алдына шығады. Ол жерде Абай боп толғанады. Қазағына керек екенін тағы бір ұғады. Барын байыта түседі. Мүдірмейді. Тілі емес, көмекейі бүлкілдейді. Жаттығы жоқ жыр жолдары өзі іздеп келіп жат­қандай болды. 

Жыршылық – бабалардан жеткен ұлы мұра. Ал жыршыға тән белгі тек жатқа оқу болмаса керек. Тыңдар қауымды баурап алар үн мен әртістік талант та керек-ау, шамасы. Осы жағынан келгенде, Даниял Сабырұлы дара тұр. Мұны ғалым Қинаят Шаяхметұлы да бағалаған екен. Семей студенттеріне оқылған жыр-дастаннан кейін сөз алған ұстазымыз Сабыр ағамызға риза­шылығын білдіре отырып: 

– Еуропа, Ресей елінен т­а­раған, дамыған өнердің бір тү­рі осы деп айтылып жүр. Шын мәнінде жыр оқу, жырды же­ке адамның оқуы қазақ өне­рі­нің бір парасы. Біз барымыз­ды бағалай алмай жүрміз. Даниялдың моноспектакльдік пайымы кімнен кем. Бұл қазір біз­де мүлдем жоғалуға айналған дүние деп жүрсем әлі де болса ортамызда бар екен, – деп үлкен баға беріпті.

Расында атадан дарыған дария дүние осы еді. Даниял ағаның ұлы атасы Мәди Тастанбекұлы Абайдың барлық өлеңдерін жатқа оқыпты. Абай шығармаларын зерделеумен де айналысқан екен. Қ.Мұхаметханов Мәди ақ­­­са­­қалдың жатқа айтуымен Абай­­дың бес-алты өлеңін жазып алғанын жеткізгені бар. Мәди Тас­танбекұлынан Даниялдың әкесі Сабыр жалғыз ұл. Ол да Да­ниял аға бірінші мүшелге толар-толмаста о дүниелік болған екен. Мұндайда қазақ қанына тартты дейді. Әйтпегенде екі жас-та жыршы атасы, он екі жаста әкесінен айырылған балаға жыр жаттау қалай сіңбек? Бәлкім, тегіне тартқанның дәлелі осы шығар.

Ақиқаты сол, Даниял ағаның өмірбаянына көз жіберсең, қа­зақ­тың осы өнеріне жол салатын азамат емес еді. Ол Семей педагогикалық институтын орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді. Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында қызмет істейді. Аталған екі бағыт та жыр­­шылықтан алыс жатыр. Бі­рақ ағаның санасын төңкерген ұлтына деген сүйіспеншілігі еді. Жад жарқылы да осы болса керек. Ауғанстан жерінде әскери қызметте жүріп, парсы тілін үйренеді. Өз бетімен араб, түрік тілдеріне ден қояды. Бәрі де оң жамбасқа кезіге береді. Біртіндеп өлең жолдарын оқиды. Ұзын-сонар дастандар да оңай жығыла береді. Бір кезде ата оқыған өлеңдер санада жаңғырады. Құйма құлақтық санат қайта бас көтергендей болады. «Менің жолым да, тағдырым да қара өлең мен қара сөз екен» деген ойлар ақыры жыр болып шашылады. Алдамапты, алданбапты. Сұлтанмахмұт пен Мұқағали өлеңдері иіді алдымен, Мағжан Жұмабаевтың өргендері де жарқ ете түсті. «Қалқаман-Мамыр» да көп тостырмады. Алпамыстың шұбарына, Құртқа баптаған бурылға тізгін түзген тұлпар аға Даниял Әсенов десем қалай болар екен? Әйтпесе, қырыққа келіп, жад қатқан жаста қазақтың төл өнерін серік етер ме еді?!

Әйтеуір деп тоқмейілсінсек те, қайдам деп күмәндансақ та, қа­зіргі оқудың шеңберіне сый­майтын жыршылық дәстүр жалғасын енді таба ма деген күдік сұрақ тұрады алда? Қазағы барда мұндай өнер өлмейді, бір­ге жасайды дегің-ақ келеді. Бірақ кейде осыған сеніңкіремей қарайтынымыз да анық. Енді бір ой айтады: орта бар ғой, бірақ соған жеткізетін делдалдық жоқ деп. Онда тағы да сауға айтамын, ағайын. Бәлкім, сіздің ортаңыз іздеген ғаламат дүние біздің өңірімізде шығар? Мүмкін, ол жыршы Даниял Әсенов шығар?! 

Соңғы бір қоңырау шалға­нында Даниял ағам: інім, мен се­­нің студенттеріңнің алдын­да түнеугүні оқыған «Қыз Жібегім­нің» жалғасын айтсам қайтеді? Мен өзім ұмытпауым үшін керек болып тұр деді. 

Осы сөздерді «Егеменнің» оқырмандарына қарата айттым: – Ағайын, мүмкін сіз жүрген орта қазақтың жыры мен жыршысына сауға айтар.

Бекен Сағындықұлы,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық
 институттың оқытушысы 

Павлодар