Медицина • 08 Қыркүйек, 2017

Қоғамдық көлікке көңіл толмай тұр

258 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Семейдегі автобустар қозғалысына тұрғындардың нара­зы­лығы ерекше. Аяладамада жаздың ыстығы, қыстың аязында автобустарды сағаттап тосуға тура келеді. Уақтылы келетіні некен-саяқ. Ал сенбі, жексенбі немесе мереке күндері автобустағылар өздеріне демалыс жариялап алған. Салондардағы қара шаң, отыратын орындықтың аздығына өзара орынға таласып, төбелесетін жолаушылар, себебі автобус автобус емес, мал тиейтін көлік сияқты, ақша үшін бәрін тиеп әкету керек. Сол үшін мәселен, кейбір 20 орындық автобустарда қарттарға, аяғы ауыр әйелдер мен басқа да мүгедек жандарға арналған бес-алты орындық қалдырғаны болмаса, қалғанын түбірімен жұлып алып тастаған. Діттеген жеріңе 20-30 аялдама болса да, аяғыңнан тік тұрып барасың. Бірдеңе деп арыз-шағым айту мүмкін емес, себебі Семейде әр автобустың өз қожайыны бар. Әр автобус жекенің меншігінде. Ірі жүз шақты автобустың басын біріктіретін автопарк иелері өз алдына, жалға алушысы бар, басқасы бар, кім кімге бастық, кім кімге жауап береді – ол жағын ұғу оңай емес, сондықтан да ешкімге сөзің өтпейді. 

Қоғамдық көлікке көңіл толмай тұр

Осы және басқа да ол­қы­лық­тарды қала әкімі Ер­мак Сәлі­мовтің өзі байқап көрді. Авто­бустардың көбі би­лет бер­мей­ді, ал берген күн­нің өзінде оларды жол бо­йында тексеріп тұратын тексерушілер де жоқ, барлығы «өздері би, өздері қо­жа» болып алғандар екен. Бір ай­лық жол жүру билеті қаладағы авто­бустардың небәрі 10 пайы-зына ғана жарамды. Тіпті осыдан үш-төрт ай бұрын облыс әкімі Даниал Ахметов келіп, №13 автобусқа жұрт­пен бірге мінген кезде, газ шығаратын түтіктің автобус салонының ішінде ор­на­­лас­қанын көріп, жағасын ұста­ған еді. Қала басшысына ондай олқылықтарға жол бермеуді тап­сырған болатын. 

Таяуда Ермак Сәлімов жаңа­дан тағайындалған жо­­лау­шылар көлігі жә­не ав­то­мобиль жолдары бөлі­мінің бастығы Серік­қали Жұма­новпен және Кө­лік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты директорының орын­­басары Байболат Бай­махан­бетпен бірге рейдке шық­­ты. Әкім тек­серіске шық­қан күннен бастап, Семейде автобус тасыма­лындағылар кешкі 21.30-22.00-ге де­йін жұмыс істейтін болды. Бұ­рындары барлығы кешкі 17.00-ден бастап жо­ға­лып кететін де, халық жұ­мыстан үйге қайтуға көлік тап­пай қалатын. Сондықтан, бұл да жағымды жаңалықтың бі­рі болды. Және қала бойынша қосымша бес бағыттың автобустары 22.30-ға дейін жү­ретін болды.      

– Қала ішінде жүрудің жа­ңа жұмыс кестесі жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде семей­ліктердің көптеген өтініші бо­йынша жа­сал­ды, – деді қала әкімі. – Қа­ла тұрғындары автобус-тар қоз­ғалысын кешкі 22.00-23.00-ге дейін ұзартуын та­лап етті. Деген­мен, жаңа жұ­мыс кестесінде әлі де өзге­рістер болуы мүмкін. Өйт­­­ке­ні, біз қарапайым ха­лыққа мей­­­лінше жағдай жаса­уымыз ке­рек. 

Жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары бө­лімінің бастығы С.Жұма­нов­тың айтуын­ша, жаңа жұ­мыс кестесі қаладағы 6 автобус паркінің жетекшілеріне тап­сырылыпты. Дегенмен, же­тіл­діретін де тұстары бар екен. Себебі, таңғы 5-те жұ­мыс­қа кірі­се­тін жүргізуші түн­гі 22.00-ге дейін шыдай алмайды. Яғни, 17-18 сағат­тық жұмыс кесте­сі көлік жүр­гізушісіне өте қиын. Ал Қа­зақстанның кейбір қала­ла­рында екі немесе үш ауысыммен жұмыс істейді екен жүр­гі­зушілер, сондықтан да Се­­­мейде екі ауысыммен жұмыс іс­теу қолға алынуы мүмкін. Жүр­гізушілер тобы, кондуктор­лар бұрынғы замандағыдай қайта қалпына келу керек. Себебі, кей­бір бағыттардағы көліктерде кон­дукторлар да жоқ. Халық жолақысын рөлде отырған жүргі­зушіге жинап береді.

Қала әкімі жолаушылармен, кондуктор және автобус­ жүр­гізушісімен сөйлесіп, өзіне ке­ректі ақпараттарға қа­нық болды. Мә­селен, жаңа жұ­мыс кестесі жай­лы не біледі, жолаушыларға арналған же­ңіл­діктер сақталған ба, дәл қазіргі уақытта неше автобус бағытқа  шыққан, салонда санитарлық тазалық дұ­рыс па, қанша рет жуылып-шайы­лады, жүргізушілер неше рет медициналық тексеруден өте­­ді және тағы басқалар. Қа­ла әкімі байқағандай, Се­мей­­де, әсіресе, демалыс күн­­­­­­де­рі халық аял­дамаға сый­­­май кетеді. Се­бебі, ав­то­бустың қайсысы жүре­тін­­­­­дігін сол күнгі кесте бо­йын­­ша автопарк иелері ха­лық сұранысына емес, өз қа­лауларына орай бекітетін бо­лып шықты. Қожайын атау­лы жексенбі күні де ха­лықтың автобустарға деген қа­жеттілік, сұраныстары бо­ла­тындығын есепке алмайтын болса керек. 

Раушан НҰҒМАНБЕК

Семей 

Суретті түсірген автор