Медицина • 08 Қыркүйек, 2017

Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қысқы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланған әкімдіктің отырысында орын алған олқылықтарды шұғыл түрде түзету талаптары қойылды.

 

Уақыт ырғалып-жырғалуды көтермейді

Өңірде жылыту маусымының басталуына да аз қалды. Теріс­кейдің қысы қаһарлы әрі ұзаққа созылатынын ескерсек, уақыт най­қалуды күтпейтіні, жан-жақ­ты дайындық жұмыстарын қа­жет ететіні сөзсіз. Энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­­руашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқа­да­мов­тың айтуынша, тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарын қыс­қы жағдайға қалпына келтіруге жергілікті қазынадан 2,4 миллиард теңге бөлінген. Бюджеттік мекемелер 173,8 мың тонна көмірге келісімшарт жасасып, 94 пайызы жеткізілген. «СевКазЭнерго» АҚ инвестициялық бағдарламалар шеңберінде 5,6 миллиард теңге бағыттаған. Петропавл № 2 жылу электр орталығы 14 қазандық пен турбоагрегатты жөнеуден өткізіп, екеуін толықтай жаңартқан. Кө­мір мен мазут қоры жеткілікті. «Қызылжар су» кәсіпорны 280 ша­­қырым су жүйелерін, 400 құ­дықты қалпына келтіріп, 53 ги­дрантты ауыстырған. «Есіл су» мекемесі 18,8 шақырым ма­­гис­­тралды су құбырларын жа­ңалаған. 

Басшының есебі жан жадыратар цифрларға толы болғанымен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловты қанағаттандырмады. Күзгі-қысқы жауапты науқанға даярлықта бірқатар түйткілді мәселелердің қордаланғанын атап көрсетті. Жұмыс кестесінен кешігушілік бар. Әлеуметтік нысандардағы 509 қазандықтың 455-і ғана әзір.­ Әсіресе, көп қабатты тұр­ғын үй­лердегі ақаулар мен кемшіліктерді анықтау сылбыр жүргізілуде. Об­лыс орталығындағы бір мыңнан астам көп пәтерлі бас­паналардың 600-не жуып-шаю, қысыммен тек­серу шарала­ры жүргізілмеген. Жам­был, М. Жұмабаев ауданда­рының қатты отынға берешегі 75 миллион теңгеге жетеғабыл. Көмірді сабанмен алмастыру үрдісіне көшушілер санаулы. 

Сол сияқты мектептер ішін­дегі қазандықтарды сырт­қа орнату туралы Үкімет тапсыр­ма­­­сы­ның орындалуы да көңіл көн­шітпейді. Биыл жоспар­лан­ған 60 қазандықтың 8-і ға­на шығарылған. Қарағанды облы­сының Шахан қаласында орын алған жарылыстан кейін то­ғыз ай өткеніне қарамастан аудан­ әкім­дерінің қарекеті қа­рын аштырады. «Сапро-Нат» ЖШС-нің қазандықтарды се­німді басқаруға алу секілді озық тәжі­рибесі өзгелерге үлгі ету­­ге тұ­ра­р­лық болғанымен, ес­керу­шілер аз. 

Құмар Іргебайұлы жаңадан бой көтеріп жатқан баспаналардың сапасын да өткір сынға алды. Шы­нында да, былтыр жаңа қоныс­қа кір­ген тұрғындардың қыс бо­­йы бүрсеңдеп шыққаны әлі ұмы­­тыла қойған жоқ. Осыған орай қадағалау орындарына құры­лысқа бөлінетін қаржының жұм­салуын қадағалауды күшейту тап­сырылды. Қылышын сүйретіп қыс келеді. Оның қандай мінез көрсетері белгісіз. «Қыс арбаң­ды, жаз шанаңды сайла» деп текке айтылмаған. Кестеден ауыт­қушылық болмасын. Көп қабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың жылы да жайлы болуына аудан, қала әкімдері алдымен жауап береді, деді әкім отырысты қорытындылап.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы