Қазақстан • 08 Қыркүйек, 2017

Ислам әлемі және ғылым

8421 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада 10-11 қыркүйек күндері өтетін Ислам ынтымақ­тастығы ұйымының Бірінші ғылым және технология саммиті мұсылман әлеміндегі тарихи оқиға болатыны сөзсіз. Саммитте әлемнің ғылыми және технологиялық дамуындағы мұсылман елдерінің орны мен салмағы айқындалады.  

 

Ислам әлемі және ғылым

Ислам діні тарих сахнасына шық­қа­лы бері білімге ай­рықша көңіл бөлді. VIII-XIV ғасырларда білім мен ғылымға арқа сүйеген мұсылман өрке­­ниеті әлемнің ғылыми, мәдени, ру­хани орталығына айналып, білім иелеріне ерекше қолдау көрсетеді. Діни негіздерден нәр алған ислам мәдениеті өз­ге өркениеттердің ғылыми же­тістік­те­рін қабылдап, оларды бейімдеді, әрі қарай дамытты. Сол кезеңде білім дін­нің негізгі ерекшеліктерінің бірі болды. 

Осылайша, ислам мәдениеті Батыс өркениетінің дамуына зор ықпал етіп, адамзаттың да­муына даңғыл жол ашты. Араб жазуы ғылым құралы рө­лін атқарып, ақпарат пен бі­лім оған дейін адамзат тарихында болмаған ауқымда кең та­ралды. 

Ең бастысы ислам дінінде ақыл мен жүрек арасында қай­­­­шылық болмады. Ислам фи­лософиясы бойынша құдай зат­тарды адамдар ойлансын, па­йымдасын деп жаратқан. Адам құдай мен заттарды тануы үшін дінмен қатар сол заттар­ды – табиғатты зерттейтін ғы­­­­лымдарды жаратқан. Орта­ға­­сырлық Батыста білімді мо­йын­дамаған дін ғылым­ға қарсы соғыс ашып, діни фанатизм, инквизиция, соғыстар мен им­периализмге жол берді. Қазір де мұсылмандар надандықтан, тар ұғым­дардан әлі де құтыла алмай келеді. 

ХIV ғасырдан кейін мұсыл­ман әлемі белгілі объективтік себептерге байланысты дамуда артта қалды. Мұсылман ай­мағында ауызбіршіліктің болмауы, исламның кең пейілді, терең рационалды және рухани негіздерінің орнына шектеулі, аясы тар формализмнің салтанат құруы, сыртқы күштердің жорықтары, Жібек жолындағы халық­аралық сауданың тоқы­рауы, Еуропадағы демо­графия­лық өсім, капитализм мен өн­дірістік төңкеріс сияқты себептер жатады. Жаңа дәуірде мұсылман елдері түгелдей дерлік әлемдік геосаяси алпа­уыт күштердің ықпалына тәуел­ді болып, ғылым дамымады. 

Отаршылық кезеңін басы­нан өткер­ген көптеген мұ­сыл­ман елдерінде саяси, құ­қықтық, әлеуметтік-эконо­ми­калық мәселелер ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, Таяу Шығыста үздіксіз халық нара­зылығының басты себебіне айналды. Аймақта тарихи жағ­дайға байланысты білім мен ғылым мәселелері екінші қа­тардағы проблемаларға айналды. Кейбір мұсылман ел­де­ріндегі діни радикализм на­дандықпен қатар кедейліктен бас­тау алады. Ал негізінде, дамыған елдерде білім, ғылым және тех­нологияның дамуы адамның саяси-экономикалық құ­қықтарының қор­ғалуына байланысты екені белгілі. 

Мұсылман елдері әлемдегі энер­гетикалық ресурстардың үш­тен екі бөлігіне, атап айт­қанда мұнай қорлары мен газ­­дың 63%-ына иелік етеді. Соған қа­ра­­мастан ИЫҰ-ға мүше 57 м­емлекет халқының 26%-ы кедей, басым көпшілігі әлеу­меттік-экономикалық да­­му тұрғысынан әлемнің өр­кениетті елдерінен артта қал­ған. 

ХХ-ХХІ ғасырларда ислам әлемінде демографиялық дүм­пу орын алып, әлем халқының төрттен бір бөлігін құрағанына қарамастан білім мен адам капиталының сапасы төмен деңгейде. Мәселен, ИЫҰ ел­дерімен салыстырғанда Еу­ропадағы зерттеушілер саны 10 есе көп екен. Еуропада 1 мил­лион адамға шаққанда ға­­лым саны 4651 кісі болса, мұсылман елдерінде бұл көр­сеткіш Түркия, Иран, Мы­сыр, Әзербайжан, Қазақ­стан, Ту­нис, Малайзия сияқты ел­дерді санамағанда 1000 кі­сіден төмен. Түркия мен Иран ИЫҰ елдерінде жарияланатын ғылыми зерттеулердің жар­тысын қамтамасыз етеді. Ал ИЫҰ-да шығатын ғылыми ма­қалалардың үштен бір бөлігі Малайзияда жарияланады. Тех­нология экспорты саласында Малайзия ИЫҰ өндіретін өнім­дердің 80%-ын сыртқа шығарады. Араб елдерінен Тунис пен Иордания ғалым саны бойынша алда келеді. Парсы-араб шығанағының бай елдері ғылыми зерттеулерден гөрі университеттік және ді­ни білімге қомақты қолдау көр­сетуде. 

SESRIC ұйымының зерт­теуіне сәйкес Ислам ынты­мақтастығы ұйымы­на мү­ше елдер әлемде ғылым мен тех­но­­логияға бөлінетін қаржының тек 2,4%-ы, патенттердің 1,6%-ын және жарияланымдардың 6%-ын ғана қам­тамасыз ете­ді. ИЫҰ елдері ғылыми зерт­теу­лерге шамамен жылына 30 млрд АҚШ долларын жұм­сайды. Ал бұл көрсеткіш Ресейдің ғылымға бөлетін бюд­жетіне жақын. ИЫҰ елдері ІЖӨ көрсеткішінің 1%-ын ғана ғылым-білімге жұмсайды. Түркия мен Иран ғылыми зерт­теулерге шамамен 10 млрд АҚШ долларын бөліп, мұ­сылман елдерінің көшін бастап тұр. ИЫҰ елдерінің басым көп­шілігі ғылымға ІЖӨ-нің 0,7 %-ын бөледі. Түркия, Тунис, Иран, Малайзия сияқты елдер кісі басына шаққанда ғылымға ең көп қаражат жұмсайды. 

Қазіргі мұсылман елде­рін­­дегі ең өзекті мәселе қо­ғам­ мен мемлекеттің үй­ле­сім­ді, жан-жақты дамуын­ қам­­­­­та­масыз ететін білім мен­­ ғылым саласы тұралап, әлеу­меттік және қауіпсіздік про­блемалары белең алуын­­да жатыр. Мұсылман әле­мінде тұрақтылық орнап, ғы­лым мен білімге қайта кө­ңіл бөлінуі, дүниежүзілік қо­ғам­дастыққа интеграция­ла­нуы үшін исламның төзім­ділігі, ашықтығы және пікір алуандығы туралы жа­ңа тұ­жырымдамалар мен филосо­фияға мұқтаждық айқын сезілу­де. Ол үшін мұсылман қоғамдары жал­пы адамзаттық құндылықтарды, өзге өрке­ниет­­тердің жетістіктерін қа­был­­дауға, жаңа білім мен тех­­­но­логия­ны үйренуге ниет та­нытуы қажет. Мұ­сылман әлемінің үштен бір бөлігі жас-тар екенін ескерсек, ғаламат әлеуеттің барын түсіну аса қиын емес. 

Қазіргі мұсылман әлемін­дегі күйзелістен шығу, ке­дейлік мәселелерін шешу қо­ғамның білім деңгейі мен тә­лім-тәрбиесіне тікелей байланысты болмақ. Сондықтан мұсылман әлемінде адам мен табиғат туралы жаңа дүние­таным қалыптастырып, ақыл мен жүректі тең ұстаған ислам­ның кең көкжиегіне қайту қажет. 

Қазақстанға келсек, еліміз ислам әлемінде білім индексі бо­йынша алдыңғы қатарлы мем­лекет. Сондай-ақ, ИЫҰ ел­­дері арасында Қазақстан ғы­лы­ми және индустриалды негіз­дері күшті мемлекет­тер­ге жатады. Өйткені, елі­міз­де сауаттылық деңгейі жо­ға­ры, кеңестік, ұлттық және ба­­тыстық білім жүйелерінің эле­менттері үйлесім тапқан. Қазақстан ізгілік пен білімге құштар жастарды тәрбиелеу арқылы ислам әлемінің интеллектуалды жаңғыруына сеп­тігін тигізіп, мұсылман әле­міне өз даму үлгісін ұсына алады. 

Сондықтан, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің жабылу салтанатымен тұспа-тұс орайластырылған және мұсылман әлемінің ең көкей­кесті білім-ғылым мәселелері талқыланатын ИЫҰ ғылым және технология саммитінің Астанада өтуінің үлкен мәні мен әсері болары даусыз. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
философия ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы