Аймақтар • 08 Қыркүйек, 2017

Көше мерекесіне – көшелі көзқарас

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» деп қайран Би-ағаң, Бейімбет Майлин жазғандай бір­қатар түсінбестік пен келіспеу­шіліктің басы еліміздегі үлкенді-кішілі қалалардағы көшелерге қойылатын атаулардан бастау алатыны бар.

Көше мерекесіне – көшелі көзқарас

Осындай кейбір кере­ғарлықтың алдын алу үшін соңғы кездері облыс орталығында көше мерекелерін өткізу үрдісі қолға алынды. Бұл іс-шаралар тек құр дүрмек пен концерттік нөмір­лерді қызықтау үшін өткізіл­мейді. Немесе белгілі бір қолөнер бұйымдарын тұрғындардың назарына ұсыну үшін жасалмайды. Сөз жоқ, көше мерекелері кезінде оны одан әрі көркейту мен абаттандыру мәселелері талқыланады. Оны шешудің жолдары ортаға тасталады. Бұған қоса көше мерекесінің бұдан да гөрі тереңірек мәнісі бар деуге болады. 

Ең алдымен көше мерекесінің мазмұн мен түр жағынан тығыз үйлесім табуына жағдайлар жасалады. Көше есімі берілген қайрат­кердің кім болғаны, осы топыраққа қатысы мен оған шапағатын ти­гізгені жөнінде кең ауқымды тү­сінік жұмыстары жүргізіледі. Бұ­ған есімдері елге танымал тарих­шылар мен өлкетанушылар, оно­мас­тика мен тіл саласында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен лингвист мамандар қатысады. 

− Көшелерге ұсынылған атау­ларға сараптама мем­ле­кеттік мекеме арқылы жүргі­зіледі. Одан кейін оны респуб­ликалық ономастикалық комиссия мүшелері бекітеді. Қайт­кенде де көшелерге атау беру жөнінде кешенді көзқарас ұстанғанды жөн көреміз. Осындай қағидат кейінгі кездері дәстүр мен тәжірибеге ене бастаған көше мерекелеріне де тән. Ондағы ашық әңгімеден соң кейбір екіұшты ой мен көзқарас туғызып жүрген мәселелер де өз ыңғайын таба бастағанына көз жеткізіп ке­леміз, − деді газет тілшісіне Ақ­төбе облыстық тілдерді дамыту бас­қар­­масының басшысы Гүлайым Төлебаева.

Жергілікті Тіл басқармасы бас­шысының мәлімдеуінше, жа­ңа көшелерге тек қазақ ұлты­нан шыққан тұлғалардың есім­дерін беру шарт емес. Керісінше, Ақтөбе қаласында осы елдің даң­қын асырған өзге ұлт өкіл­дерінің атындағы көше атаулары жеткілікті. Оны Николай Оно­триенко, Михаил Прохоров, Алексей Марисьев және Виктор Пацаев деп жалғастыра беруге болады. Бұлардың алғашқылары Кеңес Одағының батырлары болса, кейінгісі Ақтөбе аймағында туып-өскен ғарышкер екені көпшілікке белгілі, деді ол одан әрі. 

Ақтөбе күн сайын өсіп-өр­кендеп, қанатын кеңге жайып ке­ле жатқан республиканың батыс өңіріндегі ірі қала. Мұнда жаңадан бой түзеп жатқан көшелер мен орамдар және шағын аудандар жетерлік. Қазір атау әлі беріле қоймаған 200-ге тарта көше бар. Ақтөбелік көше жанашырлары оның бәріне көшелі көзқарас тұрғысынан келуді көздейді.

Темір ҚҰСАЙЫН, 
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар