ЭКСПО-2017 • 08 Қыркүйек, 2017

Қатар жобалары қызықтырады

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығындағы Қатар мемлекетінің павильонында бизнес-форум өтті. Басқосуға «Kahramaa» компаниясының, электрмен және су­мен жабдықтау мәселелерімен айналысатын корпорациялардың, сондай-ақ 14 мың студент білім алатын Қатар университеті өкілдері қатысты. Шара барысын­да та­биғи ресурстарды сақтау саласындағы жұмыстар көрсетіліп, мемлекеттің жаң­ғыр­­малы энергия көздерінің қолданыстағы және жоспарланып отырған жобалары та­ныстырылды.

 

Қатар жобалары қызықтырады

Жиында «Kahramaa» кәсіпорнының өкілдері елдегі энергияны үнемдеу және су ресурстарын сақтау саласындағы жұ­мыс нәтижелерін ұсынды. Мәселен, 2015 жыл­дан бастап онда су тұтынуды 35 пайыз­ға, ал электрді 20 пайызға қысқартқан. Мем­ле­кет­тің табиғи ресурстарды сақтау туралы жаңа за­ңына сәйкес, «Kahramaa» бірқатар тех­но­ло­гияларды әзірлеуде, олардың арасында ғи­м­араттарды энергиямен қамтамасыз етуге арналған күн сәулесі қуатын пайдалану, сумен жылыту жобалары бар. Сондай-ақ, су жылытқыш, тоңазытқыш, мұздатқыш және кіржуғыш машиналары үшін электр энергиясы өнімділігінің ең төменгі стандартын енгізілуде. 

Форумда Қатар университеті бірегей стадионның жоспарын таныстырды. Онда 2022 жылы ФИФА футбол ойындарынан әлем чемпионатын өткізу жоспарлануда. Осы шараға орай бой көтеретін нысанға сал­қындатудың инновациялық жүйесі енгізілмек. Онда арнайы технология салқын желді стимуляциялау және ауа сергіткіштерді қолданып, спортшылар мен көрермендер үшін қолайлы температураны сақтап тұруға мүмкіндік береді.  
Қатар университетінің профессоры, док­тор Сауд Гхани әлем чемпионаты өте­тін нысандардың құрылысшылары қан­дай жағдайда жұмыс істеп жатқанын да әңгі­меледі. «Оқу орны ғалымдары 35-40 градус­тық ыстықта 15 градустық температураны ұс­тап тұратын салқындату технологиясын ойлап тапты. Бұл ойынға ел қазынасынан жо­ға­ры деңгейде қаржы бөлінуде. Әлемдік до­­­дада ойнайтын Қазақстан құрамасына да сәт­тілік тілеймін», деді доктор.

Жиын барысында қазақстандық биз­не­с­мен­дер қатарлық «жасыл» технология жобаларына қызығушылық танытып, іс­кер­лік байланыс орнатуға уағдаласты.

Қазақстан мен Қатар маңызды эконо­ми­ка­лық әріптестер болып табылады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 746,5 мың АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспо­рт 647,6 мың доллар болса, импорт – 98,9 мың доллар.

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51