Білім • 09 Қыркүйек, 2017

Қызылқұмдағы жаңару лебі

840 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Өзбекстанның Науаи облысында атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Әсіресе, шалғай аудандардың халқы жаңару лебін анық сезінді. Биыл сәуірде ел Президенті Шавкат Мирзияев «Науаи облысының шалғай шөлейт аудандары тұрғындарының тұрмыс дәрежесін одан әрі арттыруға тиісті қосымша іс-шаралар туралы» Қаулы қабылдаған болатын. Соның негізінде Тамды, Кенимех және Үшқұдық аудандарындағы 80 мың тұрғынның өмір сүру деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік туды. 

Қызылқұмдағы жаңару лебі

Республикада дамудың бес үстем бағыты бар. Соның аясында үлкен көлемде жасампаздық және абаттандыру жұмысы атқарылды. Жастарды жоғары білімге тартуға, аймақта еңбек етіп жүрген мамандарды қолдауға, тұрғындардың кәсіпкерлікпен шұғылдануына үлкен жеңілдіктер жасалды. Сондай-ақ, ел тәуелсіздігінің 26 жылдығы қарсаңында Науаи облысында «Өзбекстан, cаған жанкүйерміз!» атты тақырыппен мерекелік шаралар мен кездесулер ұйымдастырылып, реформаның нәтижелері анық байқалды.

Айтулы мерекеге Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев та қатысып, ел қуанышына ортақтасқаны тұрғындарға ерекше рух сыйлады. Осы сапарынан кейін Ерік Өтембаев облыстағы жағдайға байланысты пікірімен бөлісті:

«Осында қазақ тілінде білім берілуі, қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілуі, ұстаздардың қазақ екені қуантарлық жайт. Мұнда білімге ден қойғаны нақты көрініп тұр. Ілімге құмарлық бүкіл Өзбекстан мектептеріне тән. Өзбекстан мен Қазақстан Президенттері екеуара кездесуінде қазақ пен өзбектің туыс халық екенін тілге тиек етеді. Бұл ‒ екі халықты жақындастыра түсетін қадам», ‒ деп елші ағынан жарылды.

Өзбекстан басшысының қаулысына орай, Үшқұдық ауданындағы Желқұдық ауылы көркейе түсті. Елді мекендегі 36 ғимарат жөндеуден өтіп, оған 200 миллион сум бөлінді. Ауылдағы 65 шақырымдық жол қайта жаңартылып, асфальт төселді. Сондай-ақ, қазақ тілінде сабақ беретін №2 мектептің жаңа ғимараты қолдануға берілді. Айта кету керек, 40 орындық білім ордасын салуға 522 миллион сум қаражат жұмсалды. Алыстан ат терлетіп келген меймандар заманауи мектеппен танысып, зор әсер алды. Өз кезегінде қонақтар оқу ордасына түрлі сыйлықтар мен әдеби кітаптар тарту етті.

Ауылдық жердегі педагогтарды қолдау мақсатында мемлекеттен тегін тұрғын үй беріледі. Осыған сәйкес, Тамды ауданы толықтай, Кенимех және Үшқұдық аудандарының кей елді мекендерінде білімді мамандарды тарту мақсатында жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, үй беру не жатақханамен қамтамасыз ету жолға қойылды. Мұның бәрі аталған аудандарда кадр жетіспеушілігіне байланысты проблемаларды шешуге зор үлес қосады.

Қонақтар ауылдағы дәрігерлік пункт жағдайымен танысты. Мұнда жоғарғы білімді 7 медицина маманы қызмет атқарады. Керекті дәрі-дәрмектің бәрі табылады. Зертханада жалпы және биохимиялық қан талдауларын өткізуге мүмкіндік бар. Мереке қарсаңында дәрігерлік пунктке «Дамас» автокөлігі тапсырылды.

Қазақстанмен шекаралас Тамды ауданында 7 ауыл бар. Мұндағы жағдай кейінгі кезде түбегейлі өзгерді. Мәселен, №12 музыка және өнер мектебінде ұлттық саз аспаптары мен домбырада ойнауды үйреніп, хореография мен эстрада бағытына маманданады. Сонымен қатар, білім саласындағы деңгей де тез көтеріліп келеді. Мысалы, шалғай аудандағы талапкерлер тест сынағынан 68 не одан жоғары балл жинаса, қосымша грант негізінде оқуға қабылданады. Осы жеңілдіктің арқасында жоғарыда аталған үш ауданнан 94 талапкер университетке түсті. Төтенше және өкілетті елші Ерік Өтембаев сол жастармен жолығып, ағалық ақыл-кеңесін айтты.

Осы сапар барысында қонақтар аудан орталығындағы толық жөндеуден өткен екі қабатты үйдің кілтін табыстау сәтінің куәсі болды. Қоныс тойын тойлағандар қатарында Өзбекстан қаһарманы, әйгілі шопан Серікбай Сағатов та бар. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі үш отбасы пәтер иесі атанды. Оларға жеңілдік ретінде бастапқы қаржыны мемлекет төледі. Пәтер құнының қалған бөлігін үй иелері 15 жылдық мерзім ішінде жеңілдік бойынша төлейді.

Тамды ауданындағы Өтемұрат ауылы да жөндеу, абаттандыру нәтижесінде түбегейлі өзгерді.  Мұнда 514 тұрғын үй қайта жөндеуден өтіп, 30 әлеуметтік нысанға абаттандыру жүргізілді. Құрметті меймандар ауылдағы №8 мектепке ат басын тіреген. Оқу ордасы қазіргі заман талабына сай бейімделген. Мұнда компьютер сыныбы, спортзал, оқу-зертхана бөлмелері бар. Ауылдағы дәрігерлік пункт те заманауи ғимаратта қызмет көрсетеді.

Сапар соңына таман меймандар Өзбекстан Қаһарманы 70 жастағы Серікбай Сағатовтың отбасына қонаққа барды. Тамдылық шопандардың ұстазы атанған Серікбай аға 45 жыл шопан таяғын қолынан тастаған жоқ. Бүгінде 7 перзенті мен 17 немересінің ықыласына бөленіп, ұзақ жылдардағы еңбегінің зейнетін көріп отыр.

«Шалғай аудандарда болып, сондағы жастармен кездестім. Жеңілдік арқасында оқуға түскен жастар Өзбекстанның Мемлекет басшысына деген ырзалығын білдіріп жатыр. Әрбір жастың жанарындағы қуанышты, жүрегіндегі ерекше күш-қайратты көрдік. Олар бар күш-жігерін Өзбекстанның болашағы үшін жұмсауға, өзгелерге үлгі болып, мемлекеттің өркендеуіне сүбелі үлес­терін қосуға дайын екенін айтты. Сапар кезінде музыка және өнер мектебіне де барып, шалғайда жасалған мүмкіндіктерге ырза болдым.

Сынып бөлмелерінің көптігі, фортепианода жастардың музыка шығармаларын орындауы, Өзбекстан және шетел композиторларының туындыларынан үзінділерді ойдағыдай орындауы ерекше сезімге бөледі. Өйткені, Қызылқұм өңірі ақындарға, сазгерлерге бай, адамдары өнер сүйгіш өлке», ‒ деді Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елші Ерік Өтембаев.

Атқарылып жатқан шаруаларға қарап, келешекте Қызылқұмда өмір қайнайтынына сенім мол. Бұл жердегі құс ұшса қанаты, адам жүрсе аяғы күйетін мидай шөл дала гүлдеп, жайнайды, бау-баққа айналады. Соған сенім мол.

Анар НӘЛІБАЕВА,

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Өзбекстан