Бокс • 09 Қыркүйек, 2017

Қанат Ислам техникалық нокаутпен жеңіске жетті

682 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада Қанат Ислам мен Брэндан Кук арасындағы жекпе-жек кеші өтті. 

Қанат Ислам техникалық нокаутпен жеңіске жетті

Тоғызыншы раунд: Қарсыласын бірнеше мәрте нокдаунға жіберген Қанат Ислам бүгінгі кештің басты кездесуінде текникалық нокаутпен жеңіске жетті. 


Бесінші раунд: раундтың орта тұсына келгенде Қанат қарсыласын екінші рет нокдаунға жіберді. Қанададан келген боксшы әзірше Қанаттың ауыр соққыларына төтеп беруде.


Үшінші-төртінші раунд: Жекпе-жек басын қарқынмен бастаған Қанат үшінші раундта қарсыласын нокдаутқа жіберді. Қанаттың соққыларынан Кукты гонк үні құтқарып қалды. Төртінші раундта да Қанат қарсыласына қарағанда белсенді болды. Алайда, төреші Қанат Ислам белден төмен соққы жасады деп, ұпайын шегеріп тастады. Бірінші раундта да төреші Қанатқа белден төмен соққы жасағаны үшін ауызша ескерту берген болатын.

Сонымен, шаршы алаңдағы жүргізушілер екі боксшының атақ-абыройын жанкүйерлерге таныстырып, төреші жекпе-жектің ережесін ескертіп, кездесуді бастауға рұқсат берді.


"Жаман бала" Брэндон Кук жекпе-жек алдында Астанаға тек жеңіс үшін келгенін айтқан-ды. 

«Мен негізі Қазақстанға жоспарланған уақыттан үш күн ерте келіп алдым. Уақыттық белдеуге, ауа райына тез үйренісіп кеттім. Қанаттың жекпе-жектерін қарап шықтым. Бірақ, қазір сіздерге ол туралы ештеңе айта алмаймын. Бәрін шаршы алаң көрсетеді. Бұл менің сырт елдегі алғашқы кездесуім. Мен елдеріңізге тек жеңіс үшін келдім», - деген еді Кук.


Жанғош Тұраров пен Бруно Ромэйдің жекпе-жегі 10 раундқа созылды. Тартысты өткен жекпе-жекте Жанғоштың асығы алшысынан түсіп, ұпай санымен жеңіске жетті. 


Бокс кешінің маңызды кездесуіне аз уақыт қалды. Осы орайда, Қанат Исламның баспасөз жиынында айтқан сөзін оқи отырыңыз:

«Елордада тұңғыш рет кездесу өткізбекпін. 9-шы қыркүйек күні шаршы алаңға шығатын боксшылардың барлығы тәуелсіз елдің ер-азаматтары. Мақсатымыз - елге жеңіс сыйлау, қазақ боксшыларының мықты екенін бүкіл әлемге таныту»


Кешті тамашалауға қазақ күресінің, жалпы қазақ спортының айбоз ұлы Жақсылық Үшкемпіров те келді. 

Бокс кеші Жанғош Тұраров пен Бруно Ромэй арасындағы кездесумен жалғасады. Біздің боксшы кәсіпқой рингте 21 рет өнер көрсеткен. Оның қарсыласы аргентиналық спортшы да осынша мәрте шаршы алаңға шыққан. 


Жәнібек пен Перейро арасындағы бокс соңына дейін созылды. Бразилиялық спортшы жекпе-жек аяқталғанша шыдап берді. Әйтсе де, кездесу барысында Жәнібек Әлімханұлы айқын басымдықпен жеңіске жетті.


Қазір шаршы алаңға нокауттың шебері Жәнібек Әлімханұлы көтеріледі. Оның қарсыласы бразилиялық Перейро дос Сантос. Айта кету керек, бұл Жәнібектің кәсіпқой рингтегі небәрі 2-ші кездесуі. 


Руслан Мырсатаев қарсыласын нокаутпен тізе бүктірді. 


Жекпе-жектер қалай өтіп жатыр?


Алтыншы жекпе-жек. Руслан Мырсатаев пен аргентиналық Андрес Матиас күш сынасады. Екі боксшы да кәсіпқой рингке енді қадам басқан сопртшылар. Мырсатаев 4-ші, Матиас 6-шы жекпе-жегін өткізбек.


Айтып ауыз жиып болғанымызша Нұрсұлтан дөп тиген соққысымен Дуартені нокаутқа жіберді. 


Жаңабаев жекпе-жек бастала сала қарсыласын нокдаунға түсірді. Арты жақсы болсын дейік. 


Бокс кеші жалғасады. Рингке тағы бір бразилиялық Алекс Сандро Дуарте мен Тараздың тарланы Нұрсұлтан Жаңабаев көтерілді. Бүгінгі кездесу Нұрсұлтанның кәсіпқой бокстағы 3-ші жекпе-жегі. Жерлесімізге сәттілік тілейміз. 


Күткеніміздей Али Ахмедов жеңіске жетті. Томас Джастиннің дым істей алмасына көзі жеткен төреші ойынды тоқтатты. 


6 раунд. Али қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Томас қолғабын тастай қашар ма еді, гонг даусы естілді.


"Ауыл қайда, су қайда?" Бұл жекпе-жекті осылай суреттеуге болады. 


Томастың мықтылығын мойындамасқа шара жоқ. 4 раунд бойы таяқ жеп жүріп нокаутқа түспеу - ерлікпен пара-пар. 


Бүгінгі кешті тамашалауға көптеген танымал тұлғалар жиналған. Солардың бірі - Данияр Елеусінов. 


Залға жиналған көрермендер көп. 

Оппа! Екінші раундта Али қарсыласын нокдаунға жіберді. Жаңбырдай жауған соққылар деп осыны айтуға болады. 


Бірінші раунд. Алидің әлеуеті қарсыласына қарағанда жоғары екені анық байқалып тұр. Бірнеше мәрте жойқын соққысын дарытып үлгерді. 


Бүгінгі кештің 4-ші жекпе-жегі. Рингке америкалық Томас Джастин мен қазақстандық Али Ахметов шығады. АҚШ боксшысы 18 кездесу өткізіп, 7 мәрте нокаутпен жеңген. Али 8 жекпе-жектің бәрінде қарсыласынан басым түскен. Бұл жекпе-жек 10 раундтан тұрады.


Өз жекпе-жегінен кейін Димаш Ниязов сұхбат берген. Оның айтуынша, жанкүйерлердің қолдауы көп көмектесіпті. Біздің өреніміз қарсыласын нокаутпен жеңе алмағаны үшін кешірім сұрап жатыр. Кешіреміз бе? 


Бітті. Джонатан екі рет нокдаунға түскен. Шәкіртінің таяқ жеп жатқанына төзбеген бапкері рингке сүлгісін лақтырды. Осылайша, бірінші раундтың 2 минутында Айдос Ербосынұлы қарсыласын қапы қалдырды. Аргентиналыққа өкпелеудің реті жоқ. Бары осы болды.


Төрешілер жекпе-жекті бастауға рұқсат бере сала Айдос бел шеше кірісті. Оның соққыларына аргентиналық шыдай алмай, рингті айнала қашып жүр. 


Кешімізді жалғастырамыз. Шаршы алаңға аргентиналық Джонатан Барбадилло мен алматылық Айдос Ербосынұлы көтерілді. Джонатан 17 жекпе-жек өткізсе, Айдос үшін кәсіпқой бокстағы небәрі 7 кездесу. Мессидің жерлесінің қарымы қалай екенін байқаймыз. Атақты отандасы секілді Джонатан да жеңіске жете ала ма?


Екінші жекпе-жекте ұпай саны бойынша Димаш Ниязов жеңіске жетті. Үш төреші де бірауыздан біздің боксшыны жеңіске лайық деп таныпты. 


Өрендерімізді қолдауға Данияр Елеусінов, Дәурен Елеусінов секілді танымал боксшылар да келіпті.


Димаштың соққысы дөп тиген сайын көрермендер қиқулап кетеді. "Димаш", "Қазақстан" деген ұранның қанша рет естілгенінен біздің боксшының соққысы қаншауы дәл тигенін байқауға болады. 


Жекпе-жектің 5-раунды өтіп жатыр. Әзірге қай боксшының соққысы жойқын шығып жатқанын айту қиын. Екі спортшы да мықты екен. Бір-бірінен басым түсе алар емес. Әйтсе де, Димаштың шойын жұдырығы нысанаға дөп тиіп жатыр. 


Залға жиналған көрермендер қайта-қайта "Димаш, Димаш" деп қолдап отыр. Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда Димаш есімі танымал. Мұхиттың ар жағында жүрген қандасымыз бокстан бөлек, еңбегі арқасында халықтың ықыласына бөленген-ді. 


Бірінші раунд тең жағдайда өтті десе болады. Қарсыластар бір-бірінің осал тұсын аңдып жүргендей. 


Димаш қазіргі таңда Нью-Йорк қаласында полиция болып қызмет атқарады. 


Бүгінгі кештің екінші жекпе-жегі тағы бір бразилиялық боксшы Эдуардо Перейро дос Рейс пен Димаш Ниязовтың арасында өтеді. Эдуардо 22 рет шаршы алаңға шығып, 4 рет жеңілген. Димаш кәсіпқой рингтегі 12-ші жекпе-жегін өткізеді. 


Бірінші раундтың 50 секундында Мейірім Нұрсұлтанов қарсыласын нокаутқа жіберді. Жекпе-жек бастала сала Мейірім алға лап қойған. Бразилиялық спортшы қазақ боксшысының жаңбырдай жауған соққысына төтеп бере алған жоқ. Айта кету керек, бұл Мейрімнің кәсіпқой бокстағы 4 кездесуі. Астаналық спортшы соның бәрінде жеңіске жетіп, 3-еуінде қарсыласын нокаутқа жіберді.


Шаршы алаңға алғаш болып Мейірім Нұрсұлтанов пен бразилиялық Исмаель Буэно көтерілді. 


«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылып жатқан Қанат Ислам мен Брэндан Кук арасындағы жекпе-жек басталды.