Театр • 11 Қыркүйек, 2017

Алматыда «Гала Этуалей» балет кештері өтеді

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Амандық болса, алдағы 15-16 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында әлемдік танымал балет артистерінің қатысуымен «Гала Этуалей» балет кештері өтеді. 

Алматыда «Гала Этуалей» балет кештері өтеді

 «Гала Этуалей» – бұл балет өнерін бағалайтындар үшін таптырмайтын тарту. Әлем­нің ең таңдаулы да күрделі қойы­лымдары, даңқы алысқа тараған бишілер, сүйікті партиялар – мұндай мүмкіндікті талғампаз көрермен жібере қоймас. 

Қысқасы, Алматыда аты аңызға ай­налған Мария театры­ның прима-балеринасы Диа­на Вишнева мен Штутгарт ба­ле­тінің премьері Фридеман Фогель, Үлкен театр прима-ба­ле­ри­насы Евгения Образцова, Мария театрының жетекші со­лисі Александр Сергеев, Мюн­­хен мемлекеттік балетінің көш­басшылары Осиэль Гунео мен Ксения Рыжкова, аты әлемге әйгілі қазақстандық ба­­ле­рина Әлия Танықпаева, Эссен-Балет саңлағы Айдос За­қан, Венгрия ұлттық бале­тінің жұлдызы Гергели Лэб­лан сынды саңлақтар өнер көр­сетеді.

Осы арада А.В.Селезнев атындағы Алматы хореогра­фиялық училищесінің түлектері Мария Эйхвальд, Әлия Та­нық­паева мен Айдос Зақан ұзақ уақыттан бері алғаш рет туған жерлерінде өнер­лерін паш ет­келі отырғанын айта кету ләзім. 

«Алматы әрқашан мен үшін ыстық. Мен бұл қалада өстім, білім алдым... Туған қалам­ның тұрғындары үшін бар ықы­­ласымды салып өнер көр­сете­мін», дейді Әлия Танық­паева. 

Ал Айдос Зақан өнердегі жолын Абай атындағы қара шаңырақтың қа­быр­­ғасында бастағаны аян. Оның дарынын достары мен ұстаздары жоғары бағалайды. «Сондықтан әлемдік жұл­дыздармен бірге туған сахнамда өнер көрсету мен үшін тек зор қуаныш емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік», дейді Айдос.

Орайы келгенде «Гала Этуалей» кештерін ұйым­дас­ты­рушы ArtClassic ком­па­ния­сының директоры Ерлан Ан­­дағұлов өз жерлестеріміздің өне­рі отан­дық мәдениет үшін үл­кен мақтаныш се­зі­мін туды­раты­нына сенімді екенін айтып отыр.

Сол сияқты Мария театры­ның примасы Диана Виш­нева қазақстандық ба­лет мектебінің деңгейін жоғары ба­ға­лай келе: «Мен балет әртістері арасында қазақтан шыққан хас таланттар­ды білемін. Петербургтегі түрлі гала-­концерттер мен конкурстарда жыл сайын­ қазақ балет мектебінің дарынды оқу­­шылары өнер көрсетіп, нәти­жесінде ең үздік би топтарының бөлшегіне айна­лады. Ваганова академиясында Қазақ­станнан келген балалар да аз емес. Өзім­­нің туған Мария театрыма «Астана Ба­лет» әртістері бірнеше мәрте ірі гас­троль­дерімен келді. Сондықтан мен Ал­маты жұртымен танысуды тағатсыз күтіп жүрмін», дейді. 

Сонымен «Гала Этуалей» балет кеш­те­рінің бағдарламасына классикалық жә­не заманауи хореографияның ең жар­қын бей­нелері кіреді. Бұлар – Диа­на Вишнева мен Фридеман Фогелдің орын­дауындағы «Оне­гин» балетінен па-де-де (Джон Крэнконың хореография­сы) және «Бас айналу» (Мауро Бигонзеттидің хореографиясы); Евгения Образцова мен Александр Сергеевтің орын­дауындағы «Сатанилла» бале­тінен «Венеция карнавалы» па-де-десі (Мариус Пе­типтің хореографиясы); Әлия Танықпаева мен Гергели Лэбланның орын­дауындағы «Элегия» дуэті (Елена Богдановичтің хорео­графиясы); Мария Эйх­вальд пен Айдос Зақанның орын­дауындағы «Шағу» дуэті (Ка­тарина Козильскаяның хорео­­гра­фиясы); Ксения Рыж­кова мен Осиель Гунеоның орын­дауындағы «Эсмеральда» бале­тінен «Диана мен Ак­теон» па-де-десі (Агриппина Ва­ганова хореографиясы); Абай атындағы мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солистері Әсел Асқарова мен Азамат Асқа­ровтың орын­дауын­­дағы «Ромео мен Джу­льет­та» бале­тінен адажио (Юрий Гри­горе­вич хореографиясы) және балет­ті бағалай біле­тін қауым­ның өзге де сүйік­ті партиялары.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ