Күрес • 11 Қыркүйек, 2017

Астанада «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатының турнирі өтті

763 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Астанадағы «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында қазақ күресінен «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатының турнирі өтті. 

Астанада «Әлем барысы» абсолютті әлем чемпионатының турнирі өтті

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясындағы шаралар тізіміне енген биылғы додаға әлемнің ең мықты деген 42 балуаны қатысып, бақ сынады.

Биылғы дода үш жыл бұрынғы бәсекеден өзгеше болды. Өйткені осы жылғы «Әлем барысы» турниріне әрісі Латын Америка, АҚШ, Куба, Африка құрлы­ғынан, берісі Ресей, Қы­тай, Өз­бекс­тан секілді елдердің кү­ші бойында тасып тұрған кіл мықтылары келді. Ал елі­міздің намысын ең мық­ты деген бес балуан қор­ғады. Олар – «Қазақстан Ба­рысы-2013» турнирінің жеңімпазы және екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2017) Ай­бек Нұғымаров, 2017 жы­лы «Қазақстан барысы» және «Әскер барысы» атан­ған Еламан Ерғалиев, «Қа­зақстан Барысы-2013» тур­нирінің және биылғы ел чемпионатының күміс жүл­дегері Ержан Шынкеев, 2016 жылғы «Астана қыраны» Айбат Сейтен және еліміздің та­лантты жас балуаны Дәурен Нұ­ралиев «Әлем барысы» атану үшін барын салып белдесті.
Енді негізгі бәсекелерге жеке-жеке тоқталып өтсек, алғашқы айналымда би­ылғы «Қазақстан барысы» бәсекесінің жеңімпазы Ел­аман Ерғалиев пен Ержан Шынкеев қарсыластарынан айла асырып кетті. Ал Айбек Нұғымаров, Дәурен Нұралиев, Айбат Сейтен жеребеге сәйкес тікелей екінші кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда Дәурен Нұралиев өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновке есе жіберіп қойса, үшінші ай­налымда Айбат Сейтен грек Масманидис Тэнторэден ұпай санымен жеңіліп қалды. 
Ширек финалдық кездесуде қазақ күресі мамандары биыл «Әлем барысы» атанады деп болжаған екі мықты балуанымыздың жолы түйісіп қалды. Айбек Нұғымаров пен Еламан Ерғалиев ширек финалда белдесіп, кездесудің алғашқы үш минутында Еламан жамбас ұпайымен жеңіп жатқан болатын. Алай­да, күрестің соңғы минутында Айбек әдіс жасап, жартылай жеңіс ұпайымен жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров «Әлем барысының» жа­ртылай финалына шықты. Ал үшінші ширек финалдық белдесуде Ер­жан Шынкеев армениялық Акоб Аракеляннан бір жартылай жеңіс және бір жамбас ұпайымен басым түсті. Сөйтіп, Ержан жартылай финалда ресейлік Рустем Арс­лановты алып жыққан грузин балуаны Гурам Тушиш­вилимен финалдық белдесу жолдамасын сарапқа салды.
Алғашқы жартылай фи­нал­дық бәсекеде Айбек Нұ­ғымаров моң­ғолиялық Серік Бердімұратпен белдесіп, екеуі де бірінші минутта бүк ұпайын иеленді. Араға екі минут уақыт салып Айбек тағы бір бүк ұпай алып, жамбас ұпайымен жеңіс­ке жетті. Алайда, моңғолиялық балуан бұл нәтижеге келіспей, өзінің нара­зылығын білдірген еді. Бірақ, төрешілер жеңіске Айбек Нұғымаров лайық деп тапты. Сөйтіп, Айбек қатарынан екінші рет «Әлем барысы» турнирінің фи­налдық белдесуіне шықты. Ал екінші жартылай финалдық кез­десуде Ержан Шынкеев грузиялық балуан Гуран Тушишвилимен күш сынасып, белдесудің соңғы секундында қарсыласынан таза әдіспен жеңіліп қалды.
Турнирдің қола жүлдесін сарапқа салған Ержан Шынкеев пен Серік Бердімұрат арасында өткен тартысты бәсекеде қазақстандық балуанның асы­ғы алшысынан түсті. Әдісі мен тәсілі артық шыққан қарағандылық спортшы қарсыласынан айласын асырып, ұпай санымен жеңіске жетті. 
Сонымен, қазақ күресінен әлемнің ең мықты, ең күшті балуанын анықтар фи­нал­дық белдесуге қарсыластарын шалып та, алып та жыққан Айбек Нұғымаров пен Гурам Тушишвили шыққан болатын. Екі алыптың айқасы бастала сала грузиялық спортшы бірден шабуылға шығып, бүк ұпайын иеленген. Алайда Айбек те ұрымтал сәттің бірінде қарсыласын шалып жы­ғып, таразы басын теңестірді. Ар­палысқан сәттердің бірін­де қарсыласын қапсыра құ­шақтаған Нұғымаров грузин балуанының аяғын аспаннан келтірді. Сөйтіп, Айбек Нұғымаров қазақ күресінен 2017 жылғы «Әлем барысы» атанды. 
Қазақ күресінің абыройын асыр­ған «Әлем барысы» турнирінің же­ңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау шарасына Мәдениет жә­не спорт министрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлы, Халықаралық Қазақ күресі федерациясының президенті Қанат Бозымбаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы Арман Шораев және «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Қарин қатысты. 2017 жылғы «Әлем барысы» Айбек Нұғымаровтың беліне «Алтын белбеуді» Қанат Бозымбаев байлады. Сонымен қатар, шығысқазақстандық балуанға 15 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші орын алған грузиялық Гурам Тушишвилиге «Күміс белбеу» мен 5 миллион теңге, ал үшінші орын иеленген қарағандылық Ержан Шын­кеевке «Қола белбеу» мен 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Жалпы, биылғы «Әлем барысы» турнирі 2014 жылғымен салыстырғанда жоғары деңгейде өтті. Оны жарыстың ұйымдастырылуымен қатар, «Барыс Арена» мұз сарайына жиналған жан­күйердің қарасынан-ақ байқауға болады. Сондай-ақ, «Әлем барысы» тур­нирі телевизия арқылы дүниенің төрт бұрышына көрсетілді. Мұндай ұлттық спорттық шара қазақтың атын әлемге таныта түсері сөзсіз.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Жеңіс Ысқабай