21 Қазан, 2011

Қаламгер сөзі – өмірдің өзі

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ тарихындағы ірі тұлға, сөз зергері Ғабит Мах­мұтұлы Мүсіреповтің шығармашылығы көркемсөз әле­­­міне қайталанбас ғажайып құбылыс болып енгені анық. «Нағыз өнердің белгісі — оның ешқашан да ескірмейтіндігінде» деген екен орыстың көрнекті жазушысы Ф.М.Достоевский. Ғабит Мүсіреповтің сөзі де XXI ға­сыр табалдырығынан аттап өтіп, өз айшығымен таны­­­­­лып, өз бедерімен айқындалып бүгінгі әлемдік әдеби процесс ағымына қосылды десек те, бүгінде біз ұлттық әдебиеттер жаһандану жағдайында өз қасиет-сипатын сақтап қалу үшін тайталасқа түскен аса күрделі уақыт­ты бастан кешіріп отырмыз десем, Ғабит Мүсірепов шығармаларының жас ұрпақ бойына ұлттық рухани ұстанымдарды сіңіруіне, халқымыздың салт-дәстүрінің рухани құндылықтарының тілі мен ділінің қаймағын бұзбай сақтап қалуға елеулі ықпал ететіні анық. Ендеше, саясаттану ғылымдарының докторы Роза Нұр­­та­зинаның жақында ғана жарық көрген «Ғабит Мүсі­ре­­пов және қоғамдық-саяси мәселелер» атты моно­гра­­­фия­­­сы дер кезінде жарық көрген, өзекті де өрелі дүние дер едік. Онда Ғабит Мүсіреповтің және ол өмір сүрген кездегі қоғамдық-саяси мәселелер жан-жақты талданады. Жазушының шығармашылық дәстүрінің тағылымы бүгінгі жастардың қоғамның бүгінгі тынысын әр қы­­рынан тереңірек зерттеуіне, өмір құбылыстарын көр­сетуде айқын идеялық-адамгершілік позиция ұстануы­­на, дәлелдің кисындылығына қол жеткізуіне, кез келген процесті өзара байланыста қарастыра білуіне, қоры­­­­тын­­­ды жасау қарым-қабілетін арттыруына жәрдемдеседі. Мүсіреповтің стилі негізінде қазақ тілінің байлығын зерттеу тек лингвистикада, тілтануда ғана емес, журналистикада да әдістемелік негіз болып табылады. Кітап жоғары оқу орындарының студенттеріне, ма­­­­гистранттарына, докторанттарына, ұстаздарына және сөз өнерін қадірлейтін қалың оқырман қауымға арналған. Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.
Соңғы жаңалықтар