Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2017

Өскеменде қала күні мерекесі өзгеше атап өтілді

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл өскемендіктер қала күні мерекесін есте қаларлықтай мәдени-танымдық шаралармен атап өтті. 

Өскеменде қала күні мерекесі өзгеше атап өтілді

Екі күнге созылған мерекелік шаралардың шымылдығы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен түрілді. Дәстүрге айналған маңызды басқосуға Ұлыбритания, Ресей, Моңғолия, Әзірбайжан, Түркия сынды мемлекеттердің өкілдері қатысты.

 «Алтай – сан алуан этнос өкілдеріне ортақ рухани байлық, қастерлі тарихи мұра. Алтай - түсіністік пен келісімде өмір сүріп отырған көптеген ұлт пен ұлттың ата-қонысы. Біздің облысымызда 2010 жылдан бері Алтайды зерттеу, зерделеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі шара барысында сол уақыттан бергі атқарылған шаруалардың нәтижелері ұсынылатын болады», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов алқалы басқосудың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Ал конференция қонақтарын ана тілімізде құттықтаған Ұлыбританияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Кэролин Браун сөзін жағымды жаңалықпен бастап, жақында Лондонда сақ мәдениетінен сыр шертетін тарихи жәдігерлер көрмесі өтетінін жеткізді.

Тұманды Альбион төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған шара барысында Шығыс Қазақстандағы Берел қорғандары мен Шілікті жазығынан, өзге де қорымдардан табылған құнды дүниелер көрермен назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар жиында белгілі археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев Берел мен Зайсан ауданының Айнабұлақ, Қаратал ауылдары маңында өздері жүргізген қазба жұмыстарының нәтижелері жайында баяндады. Ымырт үйіріле кенді шаһар тұрғындары драма театрды бетке алды. Аймақ басшысының бастамасымен осымен үшінші мәрте өткізілген «Ақ Ертіс» халықаралық классикалық музыка фестивалі биыл да жоғары деңгейде өтті деуге болады. Бұл күні Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаева, «Астана опера» театрының әншісі Сүндет Байғожин бастаған отандық әншілермен қатар Самсун (Түркия) қаласындағы опера және балет театрының дирижері Михаил Кирхгофф, Стамбул мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас кларнетисті Айшегюль Кирманоглу, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Әльфия Кәрімова,  халықаралық байқаулардың лауреаты Наре Аргаманян (Армения) сынды шет елдің зор дауысты өнерпаздары көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған концертте Верди, Моцарт, Чайковский, Пуччини,  Штраус сынды әйгілі композиторлардың туындылары орындалды. «Мұндай фестивальдер көрермен үшін ғана емес, әншілер үшін де өте пайдалы. Біз бір-бірімізбен араласып, шеберлігімізді шыңдаймыз, рухани жағынан өсіп, толысамыз. Сондықтан да мен осындай халықаралық деңгейдегі фестивальді ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды айтамын», - деді Айшегюль Кирманоглу.

Екінші күнгі мерекелік шаралар республика алаңында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бал фестивалінен басталды. Өңірдің 115 омарташысы 56 тонна бал өнімдерін жұрт назарына ұсынды бұл күні. Сонымен қатар қала күні мерекесіне орай шаһар тұрғындары арасында вело жарыс өтті. Өскемен қалалық әкімдігі мен «Қазцинк» компаниясы бірлесе ұйымдастырған сайыстың бір ерекшелігі, қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Олар үш топқа (14 жастан асқан оқушылар, студенттер және ересектер) бөлініп жарыстың көрігін қыздырды. Шайтан арба мінген шаһар тұрғындары қаланың негізгі көшелерімен үш айналым жасап, өздерінің шеберліктерін байқап көрді. Қала күніне арналған мерекелік шаралар республика алаңында «Гәкку дауысы-2017» фестивалімен түйінделді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН