21 Қазан, 2011

Жәмила БАТТАҚОВА: Скринингтік профилактикалық тексеруден өту – әрбір азаматтың міндеті

731 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қазақстандықтардың денсаулы­ғын жақсарту, саламатты өмір салтын насихаттауда атқарылатын іс-шаралар көрсе­тіл­ген. Әсіресе, онда про­филактикалық жұмыстарды сауатты ұйым­дас­тыр­­ған жағдайда ғана ерте са­тыдағы аурулардың алдын алуға болатындығы атап айтылған. Бұл орайда  Денсаулық сақтау министрлігі Саламатты өмір салтын қалып­тас­ты­рудың проблемалары ұлттық ор­талығына ау­қымды міндеттер жүктеліп отыр. Енді екі жылдан соң біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйе­сін енгізуді аяқтауға бет бұрған елімізде ха­лықтың мақсатты тобының денсаулық жағдайын бақылау б­а­ғытында қандай бағдарламалар енгізілмек? Міне, осы және келешекте атқарылатын іс-шаралар жө­нінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Саламат­ты өмір сал­тын қалыптастырудың проблемалары ұлт­тық орта­лы­ғының директоры Жәмила БАТТАҚОВА әңгімелейді. – Жәмила Еркінқызы, сізге ең алғашқы сауал, елімізде 2008 жылы іске қосылған Ұлттық скринингтік бағдарлама туралы болмақ. Қазақстандағы халықтың мақсат­ты тобына арналған бұл бағдарламаның маңызы мен мәні және тиімділігі жөнінде айтып берсеңіз. Сондай-ақ «скрининг» деген сөздің мағынасы қандай? – Денсаулық сақтау ісін дамыту жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қа­зақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес  Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жы­лы профилактикалық іс-шараларды күшей­ту­де және скринингтік зерттеулерді кеңейтуде. Балалардың профилактикалық тексерулерін, қан айналымы жүйелерінің аурулары, жатыр мойнының, сүт бездері обырын бастапқыда ай­қ­ындау скринингтерін және олардың даму тәуекелдерінің факторларын да қамтиды. ДДҰ ұсынысы бойынша, бастапқыда айқын­далған глаукомаға, қант диабетіне, балалар­дың іштей тумасынан және туғаннан кейін пайда болған есту патологиясына, колорек­тал­ды обырға және В және С гепатитіне қо­сым­ша жаңа скринингтер енгізілген. ДСМ-нің Саламатты өмір салтын қалып­тас­тырудың проблемалары ұлттық орталығы осы ұлттық скринингтік бағдарламаның мониторингін және үйлестірілуін жүргізеді. Оны іске асыру үшін мемлекеттен жеткілікті қар­жы бөлініп, адам ресурстары қарастырылған, қо­ры­тын­дыларды талдауға бағдарламалық қам­сыз­дандыру енгізілді. Емханаларда отбасы ден­саулығы орталықтарының және саламатты өмір салты мектептерінің, сондай-ақ медици­на­ның әртүрлі бағыттары бойынша денсаулық мектептерінің профилактика бөлімшелері құ­рыл­ған. Белгілі бір жастағы дені сау тұл­ға­ларды жыл сайын профилактикалық медици­на­лық тексеру – скрининг деп аталады, мұ­ның мақсаты – аурудың бастапқы кезеңін және тәуекел факторларын айқындау, ол уа­қы­тылы ем қабылдауды, сауығып кетуді қамта­ма­сыз етуге, сондай-ақ асқынуға, мүгедектік­к­е және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күр­делі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Елімізде скрининг тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемі тізіміне кірген және тіркелген орын бойынша медициналық ұйымдарда жүргізіледі. – Өзіңізге белгілі, халқымызда «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ұлағат бар. Сонда кез келген сырқаттың алдын алуға ықпал ететін скринингтік тексерулер қалай жүргізіледі? – Еліміздің ересек тұрғындарын скринингтік тексерулерден өткізуді биылғы жылдан бас­тап емханалар мен амбулаторияларда құ­ры­лып жатқан профилактикалық және пси­хо­логиялық әлеуметтік көмек бөлімдерінде учас­­­келік дәрігерлер жүргізеді. Егер де әлдебір сырқаттың түрі анықталған кезде окулист, онколог және өзге де мамандардың тексерулерінен өту қажет. Тағы бір айта кететін жәйт, ересек тұрғындарды тексерудің мұндай түріне жүрек тамыры және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, глаукоманы бастапқы кезеңде айқындауға және онымен күресуге мүмкіндік беретін зерттеулер жатады. Сондай-ақ, антро­по­метриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел айналасы); артериалдық қысымды өлшеу; 40-70 жасқа дейін көздің ішкі қысымын өл­шеу; 18-64 жасқа дейін холестерин және қан глюкозасы деңгейін анықтау; электрокардио­гра­фия – көрсеткіш бойынша; көрсеткіш бой­ынша – кардиологтың, эндокринологтың, оф­тальмологтың тексеруі; тәуекел тобынан – балалардағы В және С созылмалы гепатит­те­рінің маркеріне арналған қан анализі. Обыр ауруының туындауына ықпал ететін патоло­гиялық өзгерістерді, сондай-ақ дамудың бас­тап­қы кезеңінде ісіктерді айқындау үшін әй­елдерге – 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жаста пато­логиялық өзгерістерді жоққа шығару үшін жатыр мойнының сүртіндісін цитологиялық зерттеуден; акушер-гинекологтің тексеруінен, көрсеткіш бойынша – кольпоскопия; 50, 52, 54, 56, 58 және 60 жаста сүт бездерінің (маммография) рентгенологиялық зерттеуден көр­сет­кіш бойынша – маммологтың, онкологтың тексеруінен өту қажет; 50-68 және 70 жас­та­ғы ер және әйелдерге тоқ және ащы ішектерінің ауруын бастапқыда айқындауға арналған жа­сырын қанға үлкен дәрет тестісінен өту; хи­рургтің, проктологтың, гастроэнтерелогтың тексеруінен, көрсеткіш бойынша – тоқ және ащы ішекті эндоскопиялық зерттеуден өткізу қа­жет. Атап айтарлығы, міне осындай зерттеу­лер­ді жаппай өткізетін елдерде жатыр мойы­ны, сүт бездері және тоқ ішек обырынан туындайтын өлім бірден азайғаны байқалды. – Жәмила Еркінқызы, жасыратыны жоқ өзінің денсаулық жағдайы қалыпты деп есептейтіндер қандай мамандарға қа­ра­луы тиіс? – Тұрғындардың барлығы дерлік профи­лак­тикалық тексерулерден міндетті түрде өтуі тиіс. Сондай-ақ денсаулығы алаңдатпаса да жасы мен жынысы бойынша қанның және зәр­дің жалпы анализі жасалады. Пациент учас­келік терапевке қаралып, сырқаты анық­тал­са, олар – тәуекел факторларын азайту жө­нін­де кеңес алу үшін саламатты өмір салты кабинеттеріне жіберіледі. Одан басқа, учаскелік терапевт тексеру қорытындысы бойынша тексерілуге дейінгі және сауықтырудың жеке жоспарын ұсына алады. Алайда, егер адам денсаулығында ешқандай ауытқу байқалмаса, онда бұл адамның өзіне және өз денсау­лығына жауапты қарайтындығын растайды. – Диспансерлік есепте тұратын созыл­малы сырқаты барлар қандай маманға көрінген жөн? – Бұл жағдайда, ең алдымен, диспансерлік есепте тұратын адамның сырқатының түрін анықтап, дәрігерге барғандығы туралы белгі жасалатын Ф-30у есепке алу формасы толты­ры­лады. Диспансерлік топта тұратын тұлға­лар­ды дәрігерлердің тексеруі әртүрлі №571 бұй­рық­қа сәйкес жүргізіледі. Егер де осындай сырқаты бар пациент ұзақ уақыт бойына дә­рігердің қабылдауына тексеруге келмесе, онда медициналық қызметкерлер оның келмеу себебін білуі тиіс. Өз денсаулығы мен өзінің бола­шағына жауапты әрбір адамның профи­лак­тикалық тексеруден өте білуінің пайдасы зор. Адамдардың белсенділігінсіз ұлт денсау­лы­ғын сақтау проблемаларын шешу де мүм­кін емес. Еліміздің барлық тұрғыны өзінің және бала­ла­рының денсаулығын сақтау және нығайтуға жауапты болуы тиіс. Бұл міндет саламатты өмір салтын қалыптастыру, ауруд­ың бастапқы профилактикасы және тегін медициналық көмек көрсетудің кепілдендірілген көлемін пайдалана білу арқылы жүзеге асырылуы тиіс. – Сонда, ең алдымен, қандай кәсіп өкіл­дері медициналық алдын ала тексерулерден жүйелі түрде өтуге міндетті? – Міндетті медициналық тексерулер жүр­гі­зу кезіндегі кәсіптер тізімі ДСМ-нің 2009 жыл­ғы 16 қарашадағы №709 бұйрығымен бекітілген. Профилактикалық медициналық тексерулер жұмыс беруші есебінен өткізіледі, оларды өткізудің мерзімділігі жоғарыда көр­сетілген бұйрықпен белгіленген. Қауіпті және зиянды заттардың әсерінен науқастанатын жұ­мысшылар медициналық тексеруден (зиян­ды факторлар тізіміне сәйкес) – профпатолог, терапевт, невропатолог, дерматовенеролог, онколог, стоматолог және де басқа мамандар тексеруінен өтулері қажет. – Өз денсаулығына немқұрайды қарай­тындар да бар. Сіз қалай ойлайсыз, мұның өзі уақыт тапшылығына ғана байланысты ма? – Өз денсаулығының жағдайын білу – бұл әрбір адамның міндеті. Ыңғайлы уақыт тау­ып, скринингтен өту қажет. Тегін меди­ци­на­лық көмектің кепілдендірілген көлемін (бұдан әрі – ТМККК) көрсететін мемлекеттік және мемлекеттік емес амбулаториялық-емханалық ұйым­дар­дың жұмыс тәртібі құрылымдық бөлім­ше­лердің барлық мамандары үшін ауыс­па­лы кесте бойынша сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін уақыт белгіленген. ТМККК көрсететін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарында демалыс және мереке күндері: консультативтік-диагностикалық бөлімшелер­дің мамандарын қажет кезде АМСК маман­дарын тарту арқылы кезекшілік ұйымдасты­рыл­ған. Скрининг идея­сының өзі жылдам-диагностикалық әдістеме­лер­ді жүргізу есебінен диагноз қоюда уақытты қысқартумен қорытындыланады. – Қажетті жабдықтары және маман­дары жоқ шалғай ауылдардың тұрғында­ры профтексеруден қайда өтеді? – Шалғай ауылды аудандардағы адамдарға профилактикалық медициналық тексеру жүр­гізу үшін қазіргі заманғы медициналық техникамен, соның ішінде ЭКГ, УЗИ-диагностика, маммография, флюорография аппаратымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК) жұмыс істейді. Кешен 7 кабинеттен, соның ішінде офтальмология, гинекология, хирургия, стоматология, рентгенология және тағы басқа да кабинеттерден тұрады. Кешен базасының негізінде қазіргі заманға сай шұғыл түрде қызмет көрсететін зертханамен жабдықталған. Медициналық бригада құра­мы­­на облыстық емдеу-профилактикалық мекеме мамандары кіреді. 2011 жылы Денсау­лық сақ­тау ісін дамыту жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарла­ма­сы аясында ауыл тұрғындарына алғашқы ме­дициналық-санитарлық көмек көр­се­ту деңгей­ін көтеруге мүмкіндік беретін «КамАЗ» авто­мә­шинесі базасында 50 жыл­жы­малы медици­налық кешен берілген және жабдықталатын болады. Одан басқа, 2010 жыл­дан бастап темір жол қызметкерлеріне-зейнеткерлерге, олар­дың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ, шалғай стансаларда және тұйық жолдарда тұратын тұрғындарға қолжетімді білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрыл­ған «Денсаулық» маман­дан­д­ырылған емдеу-диагностикалық медици­на­лық пойызы жұмыс істейді. Онда терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог дәрі­гер­лердің білікті кеңе­сі ұйымдастырылды. ТМККК аясында меди­ци­налық көмек көрсе­туге лицензиясы бар жеке клиникада профтексеруден тегін өтуге бо­ла­ды. Егер жеке клиника медициналық-сани­тар­лық көмек көрсетуге, соның ішінде про­филактикалық медициналық тексеру жүргі­зу­ге мемлекеттік тапсырысы бар болған жағ­дай­да өтуге болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Бақыт БАЛҒАРИНА. Алматы.