Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2017

Өскемендік тұрғын 27 жылдан кейін баспаналы болды

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала күні мерекесінде Өскемен шаһарының әкімі Қуат Тұмабаев ұзақ жыл баспана кезегінде тұрған бірнеше отбасыға пәтер кілттерін тапсырды.

 

Өскемендік тұрғын 27 жылдан кейін баспаналы болды

Фото: Өскемен қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі

Екінші топтағы мүгедек Кока Қайсарова баспана кезегін бақандай 27 жыл күтіпті. Осы уақытқа дейін тұрмаған жері қалмаған ол соңғы кездері әпкесінің үйін мекен етіпті. Баспана азабын әбден тартқан ана үйінің алдына қала әкімінің көлігі тоқтағанда өз көзіне өзі сенбей: «Бұлай болады деп кім ойлаған?! Баспанадан мүлде күдерімді үзе бастап едім. Айтарға сөзім болмай тұр. Қуанышымда шек жоқ», деп көз жасына ерік берді.

Ал Қарлығаш Дүкетбаева баспана кезегіне 1992 жылы тұрыпты. Ол кездегі кішкентай қызының өзі қазір екі бала тәрбиелеп отыр екен. Жиырма бес жыл бойы «өз үйі – өлең төсегін» тағатсыздана күткен қария Елбасы мен облыс басшысына, арнайы келген қала әкіміне алғысын айтты. 

Аблакет ықшам ауданында тұратын төрт баланың анасы Әлмира Сүттібаеваның жер үйі осыдан бірнеше жыл бұрын апатты деп танылыпты. Көп балалы ана жақында шаһар басшысының қабылдауында болып, жағдайының нашарлығын, денсаулығының сыр беріп, барлық тістерінің түсіп қалғандығын айтып, жәрдем сұрапты. Қала әкімінің көмегімен Өскемендегі тіс емханаларының бірі ол кісінің өтінішін қанағаттандырып, тістерін емдеп беріпті. Әзірге Әлмира Сүттібаеваның баспана кезегі келмеген екен. Ас бөлмесі ағаш тіреумен тұрған оның үйіне арнайы барған Қуат Тұмабаев жаңа баспана алғанға дейін уақытша екі бөлмелі пәтер берілетінін айтып, көп балалы отбасын бір қуантып тастады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

  

Соңғы жаңалықтар