Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2017

«Мерейлі отба­сы» жүлдегері жуырда анықталады

354 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы Орталық коммуникациялар қыз­метінде «Мерейлі отба­сы» ұлттық байқауы бойын­ша брифинг өтіп, оған Президент жа­нын­дағы Әйелдер істе­рі және отбасылық-де­мографиялық сая­сат жө­ніндегі ұлт­тық ко­мис­сияның мү­ше­­лері қатысты.

 

«Мерейлі отба­сы» жүлдегері жуырда анықталады

2013 жылы елімізде Отбасы күні бекітілгені белгілі. Бү­гін­де қыр­­күйектің екінші жек­­сенбі­сін­де Отбасы күнін атап өту қазақ­стан­дықтардың дәстүрі­не айналып ке­леді. Одан бөлек, қоғамда үлгілі от­басыларды дә­ріп­теу арқылы отбасы инсти­тутын нығайтуға үлес қо­­су мақ­сатында «Мерейлі от­басы» ұлт­тық байқауының да өткізіліп жүр­геніне төрт жылдың бедері болды. Ең алғаш бұл байқау 2014 жылы өткізілген еді. Республика көлемінде ұйымдастырылып жүрген  шараның өз ке­зеңдері бар. Әне-міне деген­ше жеңімпаз отбасылар анық­талатын сәт те жақындап ке­ле­ді. Соған орай Пре­­­зидент жанындағы Әйелдер іс­те­рі және отбасылық-демогра­фия­­лық сая­сат жөнін­дегі ұлт­тық комиссияның бри­фин­гі өтіп, қа­ты­сушылар бай­­қауға қатыс­ты бірқатар мәлімет­термен бөлісті.

Брифингте сөз алған Ұлттық комиссия төрайымының орын­­ба­сары, Орталық сайлау ко­мис­сиясының мүшесі Ләззат Сү­лей­мен еліміздің дамуы мен тұрақ­ты­лығының кепілі ретінде дәстүрлі құндылықтардан нәр­ алған отба­сының мәні жо­ға­­ры екенін айтты. Рухани дағ­да­рыс­тан, жат ақ­параттар мен жат ағымдардың жете­гінде кетуден сақтайтын бір­­ден-бір жол да отба­сының тәрбиесі екенін жет­кізді. «Отбасындағы тәр­бие отан­сүйгіштікті қалыптастырады. Сон­дық­тан қо­ғамдағы отбасының рөлі өте жоғары. Біз үлгілі, мерейлі от­­ба­сыларды дәріптеу арқылы қо­­ғамдық санаға да әсер етеміз. Бұл тұрғыдан келгенде ұлттық байқауға қатысушылардың саны жыл санап артып келе жат­қаны қуантады. 2014 жылы байқауға 1298 отбасы қатысқан болса, биыл қатысушылардың саны 2879-ға жетті. Қатысу жағынан Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр», деді Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары.

Әйелдер істері және отба­сы­­­лық-демографиялық саясат­ жө­­­нін­дегі ұлттық комиссия төрайы­мының тағы бір орын­басары Елена Тара­сенко бай­қауға қатысып жатқан отбасылардың бәрі де құрмет пен марапатқа  лайық екенін айта келіп, қаты­сушылардың құрамы туралы нақ­ты деректер келтірді. Оның айтуынша, барлық қатысушылардың 36,2 пайызы көп балалы отбасылар болса, бір ғана салада ең­бек өтілдері ұзақ жылдармен есеп­телетін әулеттердің  саны 6,8 пайыз­ға өскен. Мыса­лы, 2016 жы­лы байқауға сондай 483 әулет қаты­сыпты, биыл  олардың саны – 500. Ірік­теу турларына қатысқан жас отбасылар саны да артып отыр. Былтыр 472 болса, биыл 500 жас отбасы байқауға қатысқан. 

Брифингте сөз алған Ұлт­тық комиссияның мүшесі, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл тіркелмеген некелердің қоғам үшін қауіпті екенін атап өтіп, некесіз туыл­ған сәбилердің көбейіп келе жат­қанына алаңдау­шылық білдірді. Бұл жайлардың рухани дағдарыстың әсерінен орын алып жатқанын, сол үшін қо­­ғамда мерейлі отбасыларды көбі­рек насихаттау қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, «Мерейлі от­­ба­­сы» байқауының финал­дық­ кезе­ңінде еліміздің бар­лық аза­маттары kaztube.kz сайтында және sms хабар­­ламалар ар­қылы дауыс беру арқылы жеңім­паздарды анық­­тау­ға атсалыса алады. 16 қыр­күйек күні «Қазақстан» орталық кон­­­­церт залында өте­тін салтанатты рәсім­де дауыс беру қо­рытындысы шы­­ғарылып, же­ңімпаз отбасы анық­талады. 

 Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»