Театр • 13 Қыркүйек, 2017

Опера ендігіндегі ең жақын түйісу

659 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Фальстаф» операсын қоюшы-режиссер Дамиано Микелетто опера өнерінде аты мәшһүр, танымал тұлғалардың бірінен саналады. ЭКСПО-2017 бағдарламасы аясында оның қатысуымен жақында тұсауы кесілген туынды жайында Астана тұрғындары мен қонақтары тарапынан жылы лебіздер айтылды. Елорда сахнасында әсерлі реңкпен шынайы бедерленген әлемдік інжу-маржанның отандық сахнада ұсынылуы ел өміріндегі елеулі оқиға десек, ал осынау айтулы сәтті қалт жібермей, әлемдік өнер жұлдызымен әңгімелесу әсері өз алдына бөлек мәртебе еді. Көрерменді ғажайып көңіл күйге бөлеген операның мән-мағынасы жайында тереңнен ой қозғаған ла-скалалық өнер иесінің мәлімдеуінше, бұл сапар шығармашылық бай­ланыстың соңы емес... Төменде Дамиано МИКЕЛЕТТО шығар­ма­шылығының өнегелі өрнектері мен сахнагер болмысының ерекше қырлары әңгімеге арқау етіледі.

Опера ендігіндегі ең жақын түйісу

– Дамиано Микелетто мырза, сіздің «Опера өнері халықаралық бизнеске айналып келе жатыр» – деген пікір­іңізге құлақ аспайтын жан некен-саяқ. Классикалық өнер туралы бұлай тосын ой топшылауыңызға не себеп болды? 

– Өйткені жер бетіндегі адамзат баласының бәріне бірдей ортақ құндылықтардың ішінде қазір әсіресе, опера өнерінің бағы ерекше жанып тұр. Бұрын көп нәрседен бейхабар болып келген өркениеттердің енді бір-бірімен етене жарасып, мидай араласуы түптің түбінде шығармашылық адамының өміріне елеулі өзгерістер алып келетіні тағы белгілі. Бұрын біздер де, сіздер де ашылмаған аралдар тәрізді беймәлім едік. Қазақстанға ат басын бұру – өмірімнің өзегіне оң өзгерістер алып келді. Бұл менің өнердегі жаңа тынысымды ашып, ұлан-ғайыр даланың боямасыз, шынайы үніне сүйсіндім... 

– Дж. Вердидің қызыққа толы, күлкілі «Фальстаф» операсы бүгінгі қоғам үшін несімен құнды?

– Түрлі стиль мен дәуірді бір бойына біріктірген ерекше тартымды спектакльде түс пен өң, кешегі мен бүгінгі шақ қабыса өріледі. Ақсүйек Джон Фальстаф мырзаның басынан кешкен хикаялары өте әсерлі баяндалып, болжап болмас сюжет өте көтеріңкі рәуіште көрініс табады, жайдарман наз бен жарқыншақ мұңға шалынған аяулы сезім жыры тыңдаушы жүрегін елеңдетпей қоймайды.

Оқиға қарт музыканттарға арналған үйде өрбиді (кезінде композитордың өзі негізін қалаған). Егде тартқан әнші Фальстафтың жанын махаббат әуені тұнжыратып, жүрегін ғаламат сезім билейді. Аяулы жанға деген сүйіспеншілік пен іңкәрлік, жүрек сыры мөлдіреп жырланар қойылымда ішкі жан толғанысына басымырақ мән беруге тура келді. Идеяны алаңсыз алып шығу үшін осы тәсілді пайдаландым. 

Спектакльдің суретші-сценографы Паоло Фантинді, костюмдер бойынша суретшісі Карла Тетиді көп әуреге сала қоймаған сияқтымын. Бәрі де біз ойлағандай сәтті өрілді. Бұған әуелі ішкі түйсіктердің түйісуі себепші болса керек. Себебі бірімен-бірі етене түсініскен адамдардың ғана жолдары болады емес пе? Осы тұрғыдан келгенде, әр адамның өздеріне жүктелген міндетті мұқият атқарып, адалдық танытуым діттеген мақсатқа қол жеткізді. Басты партияны орындаған әріптестерім ойымдағыны қағаздан оқып тұрғандай ұғып ала қойды. Спектакльде ұсақ-түйек деген нәрсе атымен жоқ, бәрі – маңызды... Сахнада жүргенде сағатқа қарамайсың. Домна пешінің жанында жанталасқан жандай жон арқамыз суға малынып, ақыры өз жобамызды жүзеге асырдық.

– Басты партияларды кімдер орындады? 

– Ақсүйек бонвиван Джон Фальстаф мырза рөлін әлемдегі ең үздік орындаушы, харизмаға толы Амброджо Маэстри сомдап, жалынды энергиясымен жарқырап көзге шалынды. Оны әлемге танымал еткен Фальстаф партиясындағы атышулы дебют 2001 жылы Ла Скала театры труппасының аса ірі жетістігі ретінде тарихта қалды. Буссетодағы Джузеппе Верди театрының тарихи сахнасында орын алған сол сәттен бері де мұнда талай бейнелер жаңғырды. Алайда Маэстри орындауындағы бейненің жарқылы әлі күнге дейін көзіңді қарып өтеді. Ол туралы небір беделді басылымдарда жылы пікірлер, сыни мақалалар жазылды. 

Одан ары қарай Форд бейнесі – Массимо Кавалетти, Алиса Форд ханым – Кармен Джаннаттазио, Нанетта – Роза Феола, Мэг Пейдж ханым – Аннализа Строппа, Квикли ханым – Ивонн Наф, Фентон – Франческо Демуро, дәрігер Каюс – Лука Касалин, Бардольф – Франческо Касторо, Пистоль Габриэле Сагона сомдауында көрерменге жол тартты. Ла Скала театрының әртістері маэстро Зубин Метаның жетекшілігімен өнер көрсетті. Ол бүгінде ең танымал қоюшы-дирижер ретінде әлемге танымал сирек тұлғалардың бірі саналады. Кәсіби шебермен бірге сахна сахарасына сапар шегу – сенімді адал досыңмен өмірдің қиындығын жеңіп, шатқалдан шатқаяқтамай, шыңға шырқай көтерілумен тең. Осындай өз кәсібін сүйетін жайсаң жандармен жолыңның тоғысуы өте ғажап. 

– Ла Скала театрының назарына қалай іліктіңіз?

– 2013 жылдың маусым айында осы театр үшін әдейілеп Дж. Вердидің «Бал-маскарад» операсын қойған болатынмын, содан соң іле-шала миландық театрдың сахнасына Дж. Россинидің «Жібек саты» спектаклін шығардым, ал енді тап осы күндері Ла Скала театрында үшінші қойылымым – «Фальстаф» операсы жүріп жатыр. Жалпы «қалай назарға іліктіңіз?» деген сұрақтан гөрі мені «бұл менің еңсерген ең биік шыңым ба?» деген мәселе көбірек мазалайды. 

– Езуге еріксіз күлкі үйіретін, әзіл-қалжыңға құрылған туындыда костюмдер мен декорацияның соған лайық болуы шарт па?

– Сахнагердің санасы бір ойға шегеленіп қалғанын көрген емеспін. Сондықтан костюмдер мен декорация барлық кезде күлкі үшін қосымша құрал ретінде пайдаланыла бермейді. Мұнда неғұрлым еркіндік серенадасы есіп тұруы керек. Бұларды режиссердің қиялы шешеді. Күлкілі жайтқа құрылған спектакльдің бәрін жеңіл-желпі дүние екен деп бағалаушылар бар. Бірақ түсінгенге күле білу де, күлдірте алу да оңай шаруа емес. Мұның астарында жаныңызға үлкен салмақ түсіретін нәрселер бұғып жатады. Сондықтан көңіл жабырқатар тұстарын зерттеп-зерделеу аса маңызды. Бұл жерде баяндаудың екі түрлі деңгейі бар: бірінде шынайы өмірден алшақ кетпей, Дж. Вердидің өзі негізін салған қарттар үйінің дәлме-дәлдігін көрсететін декорацияларды пайдаландық. Әңгімелеудің екінші деңгейі – Фальстафтың түстерінен тұрады, яғни тыңдаушыларды өткен ғасырға сапар шеккізуді мақұл көрдік. Яғни елеусіз көріністен тарихи сәттер ара-тұра қылаң беріп қалып отырады. 

– Әркім өнерден өз ақиқатын, өмір сүру қағидасын іздеп талпынып ба­ғады. Сіз сол сүрлеуіңізді таптыңыз ба? 

– Жалпы, операда түпнұсқадан тым алшақ кетіп қалуға болмайды. Одан қол үзіп алсаңыз, қойылым қожырайды. Барлық адамның көңілін табамын деу – үлкен қателік. Содан соң тарихқа әр адамның көзқарасы әр түрлі. Сол секілді ақиқат жолы да солай. Тірі пенде үшін ертеңгі күннің еншісінен маңдайына не бұйырары белгісіз. Өз басым бір сызықтың бойымен тапжылмай өмір сүрген жанды көрген емеспін. Күні бұрын не болатыны мәлім болса, өмірде не мән қалады?! Өнер де солай. Бұл да – тірі ағза. Ал мен бар болғаны соның ішіндегі тіршілікке бойұсынған көптің бірімін. Ақиқатым – осы. Қолымнан келетіні, өз қиял-құсымды шектемеу, мүмкіндіктің қай-қайсысына да қарсы тұрмау, мейлінше ашық, кең болу. Тарихқа бір ғана тұстан үңілу көп жайтты назардан тыс қалдырып қоюға әкеліп соқтырады. Сондықтан оған әр қиырдан зер салып үйрену керек. Осы ретте классикалық жанр әрдайым жаңа әрі өзекті бола алады. Өнердегі сүрлеуім – бір ғана сюжетке байланып қалмау, оған әр түрлі қырынан келу. 

– Ғафу етіңіз, сонда түпнұсқаны өзімнің шабытымның шарықтауына қарай құбылтуға құқым бар дегеніңіз бе? Режиссердің қолына мұндай мүмкіндікті беріп қойып, басқалар қарап отыра ма? Мысалы, әуел баста Вердидің көрсеткісі келген ой-түйіні ақыр аяғында жұртқа ұғынықты болмай қалады-ау деп күмәнданбайсыз ба?

– Еуропада оған жаңаша қарау тенденциясы белең алуда. Опера аз-кем түрлі интерпретацияларға ие бола бастады. Қазір де, әрине жазылуда, бірақ саны аз. Дж. Пуччиниден кейін тіпті бұл жанрға қалам тербеу мүлде азайды. Міне, содан кейін режиссерлік интерпретация дәстүрі пайда болды. Театрлардың өздері бұл сюжеттерге жаңа көзқараспен қарауды қажет етеді, бірақ шын мәнінде, опера оған мұқтаж емес. Интерпретация түпнұсқаны түпкілікті өзгертіп тастау деген сөз емес. Қайта керісінше, спектакльдің ғұмырын ұзартып, қойылымның түсінікті болып қала беруіне мүмкіндік ашады, сонымен қатар халықаралық бизнеске айналып үлгерген операның сәтті жанр болуына жағдай туғызады. Оның әсте шегі жоқ, тек бір ғана шектеу – өзінің негізгі мән-мағынасын жоғалтпауы тиіс. Ең алдымен, көрерменге түсінікті болу жағына көбірек мән беріледі. Қиял, көркемдеу жағына осы межеге жетіп алған соң ғана көңіл бөлінеді. Жаңа нұсқа – содан кейінгі әңгіме. Осылай еткенде ғана жанрдың жаны сақталады. 

– Сюжет жалықтырған жағдайда қандай әрекетке барған абзал?

– Мұндайда классикалық шығар­ма­лар­ды жаңғақша шағатын талантты композиторлар керек. 

– Фальстаф – түбіне терең бойла­масаң, сыр-сандығында не бар, не жоғын сездірмейтін өте күрделі партия. Олай дей­тініміз, жұрт әжуалап, күлкіге айналдыр­ғанмен бұл кейіпкер олай емес қой. Мұнымен Верди не айтпақ болды екен?

– Мына дөңгеленген дүниенің өзі селк-селк етіп, миығынан күліп тұрған жоқ па (өзі де сәл-пәл езу тартып, жымиды)? Өмір туралы кейде өзіміз неше түрлі сөз саптап жатамыз. Біреу «өмір сүру қиын болып барады» деп шағымданады, біреу «өмір-өткінші, мына тіршілікте мәңгілік ешнәрсе жоқ», деп тұжырым жасайды. Өмір жайында шіркін, кім пәлсапа соқпай жатыр десеңші. Мұны қандай түсте көргіңіз келетіні қабылдайтын көңіліңізге, сезінетін жүрегіңізге байланысты. Оны қай түспен бояғыңыз келеді? Қара қарындашпен бе, ақ түспен бе? Гармония болуы үшін араласқаны жөн шығар. Верди кейіпкеріне өзім солай қарадым. Неге бұл адамның үстінен жұрт соншама күледі деп түңілмедім. Дүниенің бәрі әзіл-қалжыңнан тұрады екен. Ол бірде қаңбақтай жеп-жеңіл көрінгенмен, екінші жағынан терең ойға шомдырады. Операда махаббат, қайғы-мұң, өлім мен Жаратушы ие жайы жырланады. Жалпы біреудің азап-мұңына болмаса қайғылы оқиғалар үстінен мысқылдау, мырс-мырс күлу әдепсіз әдет емес пе? Өмір құзына табан тіреген Вердиді сол сәтте не толғандырды, неге мұңайды, не үшін солай шешім қабылдады? Әр суреткер соны тауып, дамылдағысы келеді. 

– Вердидің 80 жылдық құрметіне арналған операның музыкасы қандай ғажап! Сізге не маңызды – музыка ма, сюжет пе?

– Екеуі де. Бұл жерде композитордың еңбегі алабөтен. Бұл оның бұрынғы жазғандарының бірде-біреуіне ұқсамайды. Өзгеше рухта өрілген тұшымды туынды. Бұл жерде ария, ауқымды хор нөмірлері жоқ, яғни мүлдем басқа опера. Жаңаны іздегенде жарты жолда тоқтап қалуға болмайтыны сияқты, мен де осы әлемді шын шарлап, нағыз өмір мектебін, Верди рухы шалқыған мекенді таптым. 

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»