13 Қыркүйек, 2017

Тұлпар тұяғымен жазылған тарих

889 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Бастау

Жазушы Антуан де Сент-Экзюпери «Кеме жасау үшін оған алыстан атақты ұс­талар мен ағаш шеберлерін шақыртып, құ­рал-сайман жинаудың қажеті жоқ. Одан да сол кемеге мінетін халықтың мұхитқа де­ген мәңгілік аңсарын оят. Олар кемені өз­де­рі жасап алады» деген екен. Қаздауысты Қазыбек бабаның 350 жылдығына орай және Ел­ба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыр­у» атты бағдарламалық баянының тарихи ма­ңызын терең зерделеу мақсатында сапарға шық­қан «Қаздауысты Қазыбек би жолымен: ба­баларға тағзым» халықаралық автокеруені би жұрты Балқантаудан 19 тамыз күні осылай атқа қонған болатын.

Тұлпар тұяғымен жазылған тарих

Екі жұма ел есінде қалатын елеулі көш-керуен 30 тамыз күні Қарағандыдағы Қазы­бек бидің еңселі ескерткішінің алдында өз са­парын түйіндеді. Данагөй шешен заманын­да се­гіз ханға кеңесші болып, қазақтың қасиетті заң­дар жинағы «Жеті жарғыны» жасақтауға қатысқан ұлы кемеңгер. Автокеруен сапа­ры­ның тура Ата Заңымыз – Конституция кү­ніне орай қорытындылануын да біз тари­хи сабақтастық деп білдік. Жалпы, жарты Еуразияны жалпағынан басып жатқан қазақтың ұлан-байтақ даласын 12 күнде шарлап шығу мүмкін емес. Керуен тек үш жүз­ге төрелік айтып, бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып, ынтымақтаса мемлекет құруға сеп болған үш биі –Төле, Әйтеке, Қазыбек бабаларының басына барып, ару­ақ­тарына тәуеп етуді негізгі мақсат еткен. Жол бойында киелі мекендерге ат шалдырып, олардың терең тарихымен танысып, болашақ жастардың санасын ұлттық рухпен сер­пілтуді өздеріне борыш санаған. Керуен Қазақстан мен Өзбекстанның 16 қаласын көктей өтіп, 5500 шақырым жол жүріп кел­ді. Облыстық жастар саясаты жөніндегі бас­қарманың бастамасымен, облыс әкімі Ер­лан Қошановтан қолдау тауып, «Шұбаркөл кө­мір» АҚ демеушілік жасаған автошеру ұлы баба мұрасын ұрпаққа насихаттап, Тұран тұлпарлары тұяғымен жазған тарихты ұлт санасында қайта жаңғыртуды көздеді. Керуен құрамында – 28 адам. Керуенбасы – жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай. Сонымен...

Шаншардың ығындағы жұрт

Керуен өз сапарында жергілікті жастармен, шежіреші қариялармен кездесе отырып, қазақтағы би-шешендік ілімінің, оның ішінде Қазыбек бидің мұрасын бұдан да биік деңгейге көтеру жайын сөз етуді межелеген. Баба тойында баяндама жасаған облыс әкімі Ерлан Қошанов айтқандай, ол құнды қазыналар Кеңес өкіметі кезінде жан-жақты толық зерттелмеді. Оны тек ауыз әдебиеті дең­гейінде қарастырып келдік. Ал қазір тәу­елсіздік тұсында бабамыздың бейнесін жаңа қырынан аша аламыз. Ғалымдар Қытай мұрағатында қазаққа қатысты үш мыңнан астам құжат сақталған деп айтып отыр. Сондағы қазақ хандығына қатысты, ұлтымыздың хандары мен батырлары туралы, билеріміз жайлы қаншама құжаттар сақтаулы. Мысалы, Қаздауысты Қазыбек бидің Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұ­сында мемлекет басқару ісіне белсене ара­ласқаны жөнінде Қытай мұрағаттарынан бел­гілі екен. Сондай-ақ, біз би-шешендік мек­тебін жалпы қазақстандық деңгейге кө­теру қажет екенін алға тартқымыз келеді. Мысалы, билер соты, дала медиациясы әде­би­ет, тарихта ғана емес, халықаралық қа­ты­на­стар, заңтану, құқықтану деңгейінде оқы­тылуы қажет. 

Керуеннің келелі әңгімелері осы тарапта өрбіп отырмақ. Сапарластар сапында бұл тақырыпты толық қаузауға құлықты азаматтар жетерлік. Біреуі − Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушы, докторант Нұртас Смағұлов. Екіншісі – би ұрпағы, мәдениет майталманы Раушан Жыл­тыбаева. Қалғандары да қара жаяу емес. Ғалымды ортаға алып, тарихтағы түй­іні шешілмеген түйткілді сұрақтарға сүң­гиміз. Сауалымызға сүрінбей жауап тауып отырған тарихшымыз да Қазыбек би ата­мыздың бір ұрпағы. Шежіре тарқатқан тұс­та бабалардан қалған қызық аңыздарды ай­тады. Мысалы, халық аңыз-әңгімесінде, оның ішінде қаракесек руының тарихында Бұлбұл баба өте атақты адам болған дейді. Көреген, көріпкел, айтқан сөзі оқ болып тиетін адам деп сипатталады. Бұлбұлдың үш әйелі болған. Біріншісі – Қаракемпір. Екінші әйелі – Данакемпір, үшіншісі – Құбакемпір. Аңыз бойынша Қаракемпір үйсіннен шыққан қыз екен. Сол Қаракемпірдің балалары шеті­нен ожар­лау, жеті-сегіз ұл болса керек, Құба­кем­пірден туған Шаншарға қол көтереді екен. Ал Шаншар туғаннан жаратылысы бө­лек адам болыпты. Бір күні Бұлбұлға Қара­кемпір «Мынау Шаншар – басында бақ жұл­д­ызы жанып тұрған бала. Менің ұлдарым бұл­ Шаншарға маза бермей тиісе береді. Ұлдарымның ол қылықтарын тыюыңызды сұраймын», депті. Сонда атақты Бұлбұл әулие «Әке қарғысы – оқ, ана қарғысы – боқ. Егер мен айтсам, бұл ұлдардың тұқымы құрып кетеді. Бұлардың жазасын, бәйбіше, өзіңе тапсырдым», дейді. Содан Қаракемпір бәй­бі­ше барлық ұлдарын шақырыпты да «Ал, қол­дарыңды жайыңдар, бата беремін», депті. Әумин деп алақандарын жайған ұлдарына ақылды бәйбіше «Тұқымдарың өнсін, өссін, көбейсін, бірақ Шаншардың ығында кетсін!» деп бата беріпті. Бұл бата қабыл болып, бәйбішеден туған ұлдардың тұқымы расымен өседі. Алайда, қазір сол Бұлбұл бабаның Қаракемпірден туған ұрпақтарының руын сұрасаң өз руының алдына Шаншарды қосып айтады. Негізінде, олар бәйбішенің балалары еді ғой. Осы әңгімені айтып отырған Нұртас та Қаракемпірден туады. Бірақ, өздерін Шаншармыз дейді. Ал енді Қаздауысты Қазыбек баба даусыз Шаншар. Бұл жерде біз ата баласы Арғынның текті аналары жай­лы сөз етуімізге болады. Аты ұранға ай­нал­ған Қарқабат, тектілігі тегіс жұртқа үлгі болған Тоқмейіл аналардың құрсақтары құт­ты болған. Бұлбұл әулиенің бәйбішесі Қара­кем­пірдің өзі өнегелі істе ақыл дариясын адал­дық пен ақиқат жолына арнағанына көз жет­кізіп келеміз. Алып та, халық та осындай аналардан туып отырған. Қазыбек бидің жолы – қазақтың жолы. Біз сол жолға керуен шығардық. 
* * *
Керуен Қарқаралы арқылы Ботақара кентінің үстімен Бұқар жырау ескерткішіне екінтіде бара жатты. Тура сол күні кешқұрым Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентіне жетті. Аралбай батыр ескерткішінің ал­дына жиналған атасулықтар біз бағыт ал­ған жолдың Жаңаарқамен өтетін тұсы Хан жолы екендігін айтып кетті. Қаздауысты Қа­зыбек бидің есімі Абылай ханмен қатар айтылатынын ескерсек, қазақтың осынау ұлы ханы Ұлытауға өтіп бара жатқан жолда Жаңаарқаның Қарауылтөбе деген жерінде ат айырбастап тоқтаған екен. Қайткен күнде де жазиралы Жаңаарқаның топырағы киелі, сөзі жүйелі келеді. Ал енді Ұлытау, Жез­қаз­ған сапары жайлы газетіміздің өткен нө­мір­лерінде аз-кем ақпарат бергендіктен, ол ара­лықты бүгін үстірт қана атап өтпекшіміз.

Хорезм тамындағы лақ

Керуен ұлт бесігі Ұлытаудан Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың кіндік қаны тамған, ұлы дарияның төменгі ағысына беттеді. Бұл жол – Қазыбек бабамыздың Арқаға ат басын тіреп әкелген сара соқпағы болатын. Бағзыдағы Ұлы Жібек жолымен, Сарысуды сағалап, шағыл құммен атырапты шаңға бөктіріп келе жатырмыз. Тұран ойпатының біраз бөлігін алып жатқан байырғы Ақмешітті қоса есептегенде, бұл мекен заманында түркі жұртының төрт бірдей астанасына тұғыр болған қасиетті жазық. Қамысқала деп аталған. «Хорезмнің төбесіне шығып кеткен лақ Алмалыққа дейін тамның төбесінен түспейді». Орта ғасыр осылай мәтел қылған ол қалалар қазір тарихқа тұғыр болып, тө­бе­лер көнеден күңіренеді. Сапарласымыз, та­­рихшы ғалым Нұртас Смағұлов тағы бір­­де «Болса тәңір екінші өмір қиғандай, Сы­­ғанақта көз жұмар ем қиналмай» деген орта ғасырдағы Ғисамедин әл-Сығанакидің өлеңін жатқа айтып келеді. Сығанақ қаласы Сырдария бойында орналасқан ортағасырлық ірі сауда орталығы екені белгілі. Одан бөлек, біз Сығанақты Қазақ хандығының алғашқы астанасы ретінде танимыз. Сығанақтың жалтөбесіне шығып, солтүстік-шығыс қақпасында тұрған уақытта табанымыздың астындағы тарих түбі бір түрік жұртының соншалықты асқақ-өр рухты екенін сездірді.

Қызылордаға құтты қонақ болып түскен делегация өкілдерін сол күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады. Облыс екі бөлек болғанымен – баба ортақ. Қазыбек бидің Қызылордада кіндік қаны тамса, елім деп Егіндібұлақта қазақ үшін маңдай тері төгілген. Екіжақты ымыра мен әріптестік сол үшін ынтымақты бірлікте болмақ. Екі ауыл арасындағы, яғни Жезқазған мен Қызылорда қалалары арасындағы проблемалы жол мәселесін жолға қоюды жоспарлап отырған Қырымбек Елеуұлы мырзаға біз де риза болып аттандық. 

Керуен мүшелері облыстық өлкетану мұражайына саяхат жасап, түстен кейін облыстың белсенді жастарымен кездесті. Қорқыт ата атындағы университеттің студенттер сарайында өткен кездесуді жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Еркебұлан Меңлібаев жүргізді. Елбасының Қазақстан жастарына қамқорлығы туралы ой қозғап, рухани жаңғыру мақсаттарында жастардың ықпалы зор болуы керек деген мазмұнда өрбіген әңгіме екі облыстың жастар саясаты жөніндегі басқармалары арасында ынтымақтастық меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды. Меморандум аясында екі облыс жастарының ынтымағы артып, ырысы еселенетініне сенім білдірілді. Әсіресе, жезқазғандық меценат Бекзат Алтынбековтің өз қаржысына Ұлытау жастарының Сыр өңіріне, Сыр елі жастарының Ұлытауға саяхатын ұйымдастыруға уәде беруі өнегелі де өрелі іс болды. Қазақстанның қасиетті жерлерін аралау, зерттеп-зерделеу арқылы жастарды отансүйгіштікке баулу бүгінгі күннің кезек күттірмес өзекті мәселелері екені даусыз. 

Төрт жүз жылдық аманат

Керуен көне Сайрам қаласы арқылы екі дүниенің есігі – Түркістанға келе жатты. Автокеруенді қала қақпасынан Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, белгілі кәсіпкер Баймахан Сүлейменов қарсы алды. Қалаға кідірген сәтте әлеуметтік желідегі досымыз Санжар Керім­бай­дың әңгімесі есімізге оралды. Баяндаған бір қиссасында ол «Арыстан бабтан тіле, Ясау­иға түне» деген аңызды айтқан еді. Аңыздың ақиқатын Алла білер, Диуани Хикметтен жеткен әңгіме бойынша, Арыстан баб тілінің астында төрт жүз жыл сақтаған құрманы жеті жасар Хазірет сұлтанға аманаттап тапсырыпты. Пайғамбар пәрменімен берілген аманат өз иесін тапқан соң әулие баб пәниден бақиға аттануы керек болады. Тәбділ бойынша әзірейіл келіп жанын алмақ. Ақтық демі тақаған шақта Арыстан баб Ясауиді шақырып алды да бүй дейді... «Әй, балам, мен қазір шыбын жанды Аллаға тапсырамын. Пайғамбарыма ораламын. Сен жаназамды шығарып, денемді жер қойнына тапсыру ісін мойныңа ал», дейді. Кіп-кішкентай Ясауи таңғалды. «Баба, мен әлі баламын. Мен қалайша...» деп айтты. Сонда әулие баб оған Алланың бұйрығымен көктен сансыз көп періштелер түсіп, ақтық сапарға арулап аттандыратынына сендірді. 

Арада бірнеше ғасыр өткен соң Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауидің басына күмбезді кесене салмақ болады. Түркістанға келгеннен кейін бұл істі қолға алады. Бірақ кешке дейін қалаған дуал таңертең барса, бұзылып жатады. Оны құлатқан кім екенін білу үшін Әмір Темірдің өзі түнде келіп қарауылдайды. Түн ортасында үлкен өгіз келіп, дуалды сүзіп қи­ратады. Әмір Темір ойланып қалады. Оған тү­сінде Қожа Ахмет бабамыз аян беріп, былай дейді:

– Ол көк өгіз Арыстан бабтың аруағы. Сен алдымен, соның басына кесене тұрғыз, – деді.

– Мен оны қалай табамын? – дегенде,

– Мен өзім жол көрсетемін, – деп жауап бе­реді. Сонымен, ол ерте тұрып, Отырарға бет алады. Арыстан баб жатқан жерді тауып, зәулім кесене салады. Осы кезден бері қа­лыптасқан зиярат тәртібі бойынша адамдар алдымен Арыстан баб кесенесінде тү­ней­­тін болған. Ертесіне Қожа Ахмет Ясауи ке­­сенесіне барып, Құдайдан тілектерін тілей­ді екен.

Тарихи оқиғалар желісі бойынша керуен де кешқұрым Отырар ауданына барып, Арыстан баб әулиенің басында құран оқыды. Аудан әкімі Ерлан Айтаханов қасқадан төбел туған тектілікті танытып, келген қонақтарға сый-сыяпат жасағанын айтуымыз керек. 

Ертесіне түрік дүниесінің түндігі болған Түркістанға таң азанда Арқадан салқар көш құлады. Қазыбек бабаның басына тойынан сарқыт-сый әкелген делегацияны мәдениет майталманы, облыс әкімінің кеңесшісі Рымбала Омарбекова бастап келіпті. Жақсылар мен жайсаңдар қатарында ардагер аға Тілеубек Зейнешов, белгілі тіл жанашыры Бақытқали Мұсабеков, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекова, Қарқаралы аудандық «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Рымбек Смағұлов бар. Келісті көш кесене алдында салтанатты жиынға қатысып, әулие хан-сұлтандар мен би-шешендердің, арнайы Қаздауысты Қазыбек би бабаның атына құран бағыштап, Аллаға мінәжат етті. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова тізгінін ұстаған жарқын жүздесу барысында бабалар жолындағы керуеннің келбетті келешекке сапарлаған тарихи сәтіне байсалды баға беріліп, лайықты құрмет көрсетілді. Жиын барысында ҚХА Қарағанды облыстық хатшылығының меңгерушісі Ерлан Құсайынов баяндама жасады. Кешкісін Қали Байжанов атын­дағы Қарағанды облыстық концерттік бір­лестігінің «Арқа сазы» фольклорлық-этнографиялық және «Аққу» халықтық би ан­сам­бльдері «Ұлы Дала үні» атты мерекелік концерт қойды. Онда Сүгірдің Қаратау шертпесіндей ұлы музыка сал-серілердің сарқытындай інжу-маржан жырға қосылып, Күләштің көмейінен ән болып төгілді. Ғажайып кеш Түркістан төрінде салтанат құрды. Сол күні керуеніміздің қатары саңлақ спортшы, Олимпиада чемпионы, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиевпен толықты. Түркістаннан ләшкер тартқан байсалды керуен заманындағы Алаштың атақты бір қаласы болған, қазіргі Өзбекстанның астанасы Ташкентке қарай бет түзеді.

Сабыр ағашының түбінде жатқан салих

Түркістаннан қозғалған салқар көш түс әлетінде Төле би баба жатқан Ташкентке ат басын тіреді. Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мен қазақ диаспорасы қарсы алған қуанышты сәттен екі елдің арасындағы ымыра-ынтымақты анық байқауға болады. Қонақжай көршілес ел өкілдері керуенді бірден Төле би бабамыздың басына бастап жүрді. Бізді қарсы алған Өзбекстандағы қазақ мәдениеті орталығы төрағасының орынбасары Шерәлі Садықов ағамыз. Өзі отставкадағы полиция полковнигі. Заманында Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен қызметтес болған, беделі бес атанға жүк болатын аза­мат екен. Кеденде кідірткен жоқ. Жол сақ­шы­ларын бір саусақпен басқарып келеді. Сұқ саусағын нұсқаса сақшылар қақшиып тұ­ра қалып, автокеруеннің жеті «Джипіне» құр­мет көрсетеді. Біз айтамыз, «Шерағаның бір саусағының беделі мынандай, бес саусақ қо­сылса не болады?» деп тамырласқа таң қаламыз. Төле би бабамыздың басында Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев бастаған ресми топ қарсы алды. Төле бабамызға тәу етіп жатқанда тарих былайша сөйлесін. 

Қара қылды қақ жарған Қарлығаш би өзі ұстаз тұтқан Шайхан-Тахур әулиенің жанында жерленген екен. Он үшінші ғасырда өмір сүрген қасиетті қожа Төле бабамыздың түсіне кіріп, аян берген. Хазірет Омар Хали­фа­ның он жетінші ұрпағы саналған әулие адам болған деседі. Толық билікке жеткен Төле би ұрпақтарына өсиет етіп, өзінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген ұстазының қасына жерлеуді тапсырған. Шейхан-Тахур әулиенің кесенесіне кіргенде Сабыр деген ағашты көресіз. Ол ағаш сегізінші ғасырға тиесілі екені анықталған. Алайда, қанша ғасыр өтсе де әлгі биік шынардан жұпар иіс аңқиды. Керуен мүшелері қазақтың төре биі Төле бабасына зиярат еткен уақытта осындай тарихты танып үлгерді.

Науаиден – Нұратаға

Әрине, заманында бабалар бақилық бесік еткен бұл өлкелердің Алаш қалалары болғанын біз айтпасақ та, тарихта түгел жазылып қойған. Тағы бір сапарласымыз – ұлттық арнаның журналисі, редактор Ғабит Ұзақбай. Зерделі азаматпен бірге тарихтың тамырына қан жүгіртіп қоямыз. Әңгімені әріден бастап, бабаларымыздың бізге аманаттап кеткен ұлан-байтақ даласының шеті мен шегі хақында толғанамыз. Ат үстінде түн қатып, қазақ шекарасын шешуші шайқастарда шегелеген осы Қазыбек бидей ер тұлғалар екені ақиқат. Ұлттың ұстынына айналған атақты «Қыз Жібек» фильмі, негізі, түпнұсқада ұзақтығы 3 сағаттан асатын көркем туынды екен. Киноның 500 метрлік лентасы түрлі себептермен қиылып қалған. Жалпы, Кеңес өкіметінің кердең саясаты қазақтың көсегесін ешқашан көгертпеген ғой. Сөйтсек, «қазақта жер болмаған, ел болмаған, мұншама самсаған қол болмаған» деп түмен-түмен әскерді көрсететін кадрларды қасақана қиып тастаған көрінеді. Бұл сөздің және біреуін тарихшы Таласбек Әсемқұлов өзінің «Қондыгердің бір-ақ беттік тарихы» деген еңбегінде жазады. Ермұқан Бекмаханов тергеуде отырғанда, тергеуге қатысып отырған бір тарихшы «Осы, сендер қазақтар, неменеге кеуделеріңе нан пісіп, неменеге кергисіңдер? Бір-ақ беттік тарихтарың бар, неменеге кісімсисіңдер?» депті. Сонда Ермұқан ағамыз жымиып тұрып «Қондыгердің сол жалғыз-ақ беттік тарихына бүкіл әлем сыйып кетті емес пе» деп жауап беріпті. Бұл ойлардың астарында біз бара жатқан «Ташкент те Алаштың қаласы болған, әйтпесе Төле би бабамыз ол шаһарда неге жатыр? Әйтеке би қорымы қалған маң дала да кезінде қазақтың жайлаған іргелі қонысы болған» деген арман бұлдырайды. Осынау ұлан-ғайыр даланы найзасының ұшымен, білегінің күшімен қорғап, шекараның шеңберін сызған уақытта қойының құмалағы мен бабасының қорымы дәлел болғанын қалай ұмытамыз? Бабамыздың бұл өлкеде не үшін барақат тапқанын енді бағамдай беріңіз дейміз бір-бірімізге...

Нұратадағы рух

Нұрата қонысындағы Әйтеке бабаның күмбезді кесенесіне де келіп жеттік. Кезінде буль­дозермен күреп тастағалы жатқан же­рінде, жергілікті қожалар трактордың алды­на жатып, аман алып қалған Әйтеке бидің мәң­гілік қонысы. Күмбез кейін қазақ руха­ни­ятының көрнекті өкілі, классик жазу­шы Әбіш Кекілбай мен Қызылорда об­лысының қазіргі әкімі Қырымбек Көшер­баевтың ықпалымен жаңартылып, тұтас кешен болып жабдықталған екен. Кешен аумағына мешіті, қонақ үйі Әйтеке бабаның мұражайы кіреді. Аудан әкімі, кесене шырақшысы айтқан әңгімеге сүйенсек, бұл ауданның Нұрата атануының себебі де тікелей қазақтың Әйтеке биінің қасиетімен байланысты екен.

Нұрата мешіті шынымен Алланың нұры түскен қасиетті орын. Бұл мешітте Әмір Темір, Ұлықбек ғұлама, Жалаңтөс баһадүр намаз оқыған екен. Әдейі келген Әйтеке бабамыз да жеті жасынан аталмыш Алла үйінде мінәжат қылыпты. Керуен мүшелері де ырым етіп, тура осы мешітте маңдайларын сәждеге тигізді.

Әлім Төртқара Әйтеке би бабамыз тура Қарақалпақстан автономиясының шекарасында, Нүкіске жақын Нұрата елді мекенінде жатыр. Үш бидің басына барып, тағзым етпек негізгі мақсатымызға осы Нұратада жеттік. 

Қайтар жолда

Керуен қайтар жолда Шымкент қаласына аялдап, Бәйтеректей Бәйдібек би бабаның алып ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сосын көне Тараздай көрікті шаһарды бетке алды. Жолда сапарласымыздың бірі де бірегейі, белгілі блогер Максим Рожин батыр Бауыржан атамыздың ауылына жете бере керуен мүшелерінен бес минут уақыт сұрады. Сөйтсек, сары қазағымыз ол ауылдарға күйеу екен. Қайынатасына сәлем беріп шығуды жөн санаған екен. Алайда, керуенбасы асығыстық танытып, Максимнің атасына сәлем бергізбеді... Максим, ренжісе де кейістік танытпады. Десе де, бір шайдың үстінде бәрімізді қатырып саларын ішіміз се­зіп келеді. Айтқанымызша болған жоқ, Таразға жеткен бетте Максим мырза бәріміз жи­налып қалған топтың ішіне келіп: «Жігіт­тер, менің атамнан аттап кеткенім ештеңе етпес, ата салтымнан аттап кеткенім жарамады!» деп әзіл-шыны аралас ғажап сөз айтты. Біразымыз керуенбасыға қарадық, керуенбасы сағатына қарады, біразымыз жерге қарадық... Әрине, қалжыңымыз жарасып тұр. Бұл жерде Максимдей нағыз қазақтардың әлі де ел ішінде бар екенін қаперлегіміз келетіндей. Сондай-ақ, Максим Рожин атақты фотограф. Сапарымыздағы сәтті көріністерді сандық фотоаппаратына сақтап, тарихты таспаға көшіріп келеді. 
* * *
Иә, қала кіреберісіндегі Керей мен Жәнібек хандарға орнатылған ескерткіш алаңындағы халықпен кездесуден соң керуен мүшелері «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының мәжіліс залында облыстың белсенді жастарымен кездесіп, көне қаланың тарихи һәм көрікті жер­л­е­рі­не саяхат жасады. Таразда тарих көп. Қо­зыбасыда қоғамдасып, іргемізді ел болып бекіткен қазақ хандығының қақпасы бол­ған қасиетті шаһарды қалай жырласақ та болады. Екі мың жылдық тарихты екі бет жол­жаз­баға сыйдыра алмайтынымызға өкініп отырғанымыз да өтірік емес. 

Тоқырауын феномені

Керуен ел шетіне биыл сексен жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Балқаш қаласы арқылы Ақтоғайға ат басын бұрды. Айта кетуіміз керек, биыл атақты Ақжолтай Ағыбай батырдың туғанына 215 жыл. Көкше теңіздің жағасында тұрған батырдың еңселі ескерткішіне керуен мүшелері гүл шоғын қойып, тұлғаға тағзым етті. 

Ақтоғай әрине басқа жұрттан бір басқа биік тұрған бірегей мекен. Керуеннің алдынан керілген Тоқырауын толқып ағады. Сол Тоқырауын өзенінің жер бетінен жоғалып кетіп, Балқашқа құяр тұста қайтадан жер бе­тіне шығатын қасиетін білеміз. Соны­мен қатар, жалғыз-ақ теріс ағатын текті То­қы­рауынның жағасында біздің керуен аты­ның басын іркіді. Біз жүріп келе жатқан ба­балар жолы да бір замандарда зым-зия жоқ болып кетіп, Кеңес өкіметі келмеске кетіре жаздаған қазақ тарихы тәуелсіздік тұсында қайта жаңғырып жатқаны – тура осы Тоқырауын сияқты еді. Тоқырауын сияқты қатып қалған заңдылықтарға қарсы ағып келе жатуымыздың да бірнеше астары бар екені шындық. 

Аудан әкімі Салтанат Әбеуова өзі даярлаған бағдарламаға сәйкес, бізді бірінші Желтаудың өкпе тұсындағы Талдыбейітке, яғни Алаштың аяулы перзенті Әлихан Бөкейханның кіндік қаны тамған топыраққа, олардың ата-бабасы жатқан көне қорымға бастады. Содан кейін аудан орталығындағы «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің әсем салтанаты керуен көшін Ақсу-Аюлыға ұзатып салды.

Шеттегі шеру

Түс ауа Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыға ат шалдырдық. Бұл жерде де бізді аудан әкімі Марат Жандәулетов бастаған зиялы қауым қарсы алды. Аудан өнерпаздарының мерекелік концерті, ақсақалдардың ақжарма тілек-батасы бізге Қазыбек бабаның елдегі тойы тарқамағандығын сездірді.

Қазыбек би шын мағынасында елдің бірлігін сақтауды қатты өсиеттеген тұлға. Қазыбек бидің мынандай сөзі бар. Оны жазушы Кәмел Жүністегі айтады. Үш би көгілдір көкшенің жағасына келіп, бай Балқаштың нулы да сулы жайлы мекен екенін астарлап бастаған үлкен би: – Жүрер ме еді мына көлдің дәмін татып? – дегенде, екінші би: – Алар ма еді осы көлдің қуын атып? – десе керек. Сонда Қазыбек би тұрып: – Ағай­ын, бір пәлеге қап жүрмейік, Қуы деп, пері­лер­дің қы­зын атып, – депті. Бұл бірлікке, ағай­ын­шы­лыққа шақырған сөз. Содан кейін ке­сім­ді сөзге келіскен жұрт Балқашты үш жүзге тең етіп бөліп берген екен.

Жеті жарғыдан – Ата Заңға

Керуен сапары «Жеті жарғыдан – Ата заң­ға» деген ұранмен Қарағандының қақ тө­ріндегі Қазыбек би бабаның ескерткіші алдын­да 30 тамыз – Конституция күнінде түйінделді. Түйінделген жоқ-ау, тарих түгенделді десек жарасар. Қорыта айтқанда, аталған айтулы автокеруен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған маңызды істермен барлығы толықтай үндесіп отыр. Ұлы бабаның есімі мәңгі ұлықтала береді. Қастерлі рух жаңа ғасырда жаңғырып қайта түлейді. Бұл керуен сапары да осындай биік мақсат пен үлкен ізденістің жемісі. 

Керуенге бата берген бәтуалы бидің бір ұрпағы Ахмадия Қазымбет ағамыз айтқандай, Қаздауысты Қазыбектің елшілік ерендігі, бі­тім­герлік батылдығы мен батырлығы, шешен­дік ширыққан шеберлігі Біріккен Ұлт­тар Ұйымының дипломатиялық дәстүр та­ри­хнамасына сұранып тұрғандай әсер қал­дырады және пікір-ұсыныс туғызады. Әлем­ге әйгіленетін мәртебелі мәмілегер деген сөзіміздің түпкі мақсаты мен толғамы осын­дай. Той қарсаңында толыққанды қа­зыбектану дәуірі басталып, өмірбаяндық, тарихи тұлғалық зерттеулер, тектілік тамыры мен елшілік ерекшеліктерін ел назарына қаперлеу ғанибет әрі маңызды міндет демекшіміз.

Мирас Асан,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген Максим РОЖИН
Егіндібұлақ – Қарқаралы – Бұқар жырау –
Жаңаарқа – Жезқазған – Сәтбаев – Ұлытау – Қызылорда – Түркістан – Ташкент – Науаи – Нұрата – Шымкент –
Тараз – Балқаш – Ақтоғай – Шет – Қарағанды