13 Қыркүйек, 2017

Назарбаев цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңеске қатысты

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы іс-шара алдында арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Онда түрлі бағыттар бойынша 30-дан астам ІТ-жобалар қойылған.

Назарбаев цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңеске қатысты

Кеңеске мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері, Парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Басқосуда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар саласындағы сарапшылар баяндама жасады.

Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын таныстыру барысында айтылған мәліметтерді ескеріп, еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті.

– Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы өкілетті органдар мен кәсіпорындар тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін цифрландырудың жекелеген бағыттарына тоқталды.

– Мемлекеттің, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қою маңызды. Бизнеске цифрлық технологияларды кең ауқымда енгізуі үшін жағдай жасау керек, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Елбасы біліктілігі жоғары мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, білім беру саласындағы саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтті.