Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2017

Алматыда «Музей маусымы» жобасы басталды

877 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алматы қаласының 1001-жылдығының аясында екі айға созылатын «Музей маусымы» жобасы жұмысын бастады.

Алматыда «Музей маусымы» жобасы басталды

Өткен жылдың желтоқсан айында еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына және қаламыздың 1000 жылдығына орай Елбасының арнайы қатысуымен ресми түрде ашылған Алматы музейі бұған дейін өзінің тұрақты орнын таппай, көшпелі мұражай ретінде жұмыс істеп келгені белгілі. Бүгінде қала ортасындағы көрнекті көне ғимаратта, яғни сәулетші Павел Гурдэнің 1892 жылы Верный балалар үйі ретінде салған ғимаратынан орын тепкен рухани ордадағы «Музей маусымы» жобасының басталуы Алматы қаласы әкімшілігінің «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарының бір бөлігі.

Ашылғанына жылға жуық уақыт болған Алматы музейіне келушілер санын арттыруды және қала тұрғындарының музей өміріне жанашырлық танытып, белсенді атсалысуына ықпал ету мақсатында өткен салтанатты жиынға Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, Алматы мұражайының директоры Нұрлан Дүкенбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер Азамат Сатыбалды, өзге де қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. 

 «Бұл шараның басты мақсаты – Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылғандай, жаңаша жаңғыру мен ұлттық кодтың бір кілтінің осы музейдегі сан ғасырлық сыры бар жәдігерлерде жатқандығына көпшіліктің назарын аудару. Музейге келушілер сол жәдігерлермен таныса отырып, еліміздің, қаламыздың тарихымен танысып, таным-білімін кеңейте түспек. Сондықтан бұл жобаны «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі деуге әбден болады»,  – деген Алматы мұражайының директоры Нұрлан Мұсағалиұлы музей аудиториясын қалыптастырудың өзіндік дәстүрлі жолына жаңаша қырынан келудің маңыздылығына тоқталды. Мұражайдағы қолға алына бастаған «Жұлдыз-гид» сияқты бағдарламалар келушілер санын арттыру ісіне шығармашылық тұрғыдан қарай білуге итермелейтін заман талабы екенін айтқан музей басшылығы ғылыми жобалар жасау, көрмелер ұйымдастыру, әр түрлі тақырыпта лекциялар өту сияқты қалыптасқан музей жұмысына тың өзгерістер енгізудің тиімді жақтарына тоқталды.

«Мың жылдан артық тарихы бар Алматы сияқты ірі шаһардың өз мұражайының болуы мегаполис тұрғындарының мәдениетін, тарихи танымын арттырып қана қоймай, қала қонақтарының да бағыт-бағдарын айқындайтын, қаламыздың тарихымен танысуға мүмкіндік беретін орын болмақ. Өткен жылдан бері ҚР Орталық музейі қолға алған мұндай тың бастаманы Алматы музейіне де енгізу арқылы заман көшінен қалмауды, келушілері көп ірі мұражайға айналуды мақсат тұтып отырмыз», – деді музей басшысы.

Әр бөлімі заманауи инновациялық технологиялармен жабдықталған, сондай-ақ, түрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандардың тамашалауына толық мүмкіндік жасалған, әр жәдігер жанында Брайль қарпімен қажетті ақпараттар жазылған тактилді мнемосызбасы бар, аудиогид, сурдо-аудармашылар қызмет ететін, мүгедек жандарға әрбір экспонатты ұстап, сезініп көруге рұқсат етілген Алматы мұражайы «Музей маусымы» жобасы аясында келушілер арасында фотосессия байқауын жариялағанын, екі айға созылатын байқау барысында жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілетінін хабарлады.

«Музей маусымы» жобасының ашылуына арнайы келген белгілі актер Азамат Сатыпалды Алматы қаласында тұрып жатқанымен, қала тарихынан бейхабар, тіпті шаһар мұражайы бар екенін де білмейтін тұрғындардың көптігін, сол олқылықтың орнын толтыру тек музей басшылығының ғана емес, тарихи-мәдени мұраларымызға жанашыр әрбір азаматтың міндеті екенін айта келе: «Ағашқа су құйған пайдалы, бірақ жеміс беретін ағашқа су құйған тіптен пайдалы» деген. Әрбір қала тұрғынын Алматы тарихын біріге жасасуға шақырамын. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан құнды жәдігерлер, сирек кездесетін бұйымдар әркімнің-ақ үйінде болатыны анық. Әрине, отбасылық құнды дүниелердің болғаны жақсы. Бірақ ондай бұйымдарды бір әулет қана емес, бүтін бір қала халқы да тамашалай алса, ғанибет емес пе?!», – деген актер музейге жәдігер өткізу акциясына қолдау ретінде өз үйінде сақталып келген, 1958 жылы жасалған, танк ішіне қойылатын айрықша сағатты музей қызметкерлеріне табыс етті.

Әр бейсенбі сайын танымал жұлдыздармен арнайы кеш өткізіп, қала тұрғындарының екі ай бойы мұражай қорына өткізген құнды жәдігерлері бойынша екі апталық көрме ұйымдастырғалы отырған Алматы музейінің басшылығы мұражайға құнды заттарын табыс еткен тұрғындарға Алматы қаласының әкімдігі арнайы сыйлықтар мен алғысхаттар табыс ететінін жеткізді. 

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»  

АЛМАТЫ