Футбол • 13 Қыркүйек, 2017

Фран Эскриба: «Астананы» жеңу үшін бар күш-жігерімізді саламыз

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Испанияның «Эстадио де ла Серамика» стадионында «Вильярреалдың» бас бапкері Франа Эскрибаның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Фран Эскриба: «Астананы» жеңу үшін бар күш-жігерімізді саламыз

- Еуропа лигасында команда алдына қандай мақсат қойып отыр? Бұл топта кімді фаворит деп есептейсіз?

- Топта кімнің мықты екенін нақты айту қиындау. Ал мақсатымыз – бір орында тұрып қалмай, дами түсу. Қазіргі уақытта тек ертеңгі матч жайлы ойланып отырмыз. Турнирді жеңіспен бастау үшін барымызды саламыз. Себебі, жанкүйерлеріміз бізден тек жеңісті күтеді.

- Қол астыңыздағы ойыншылардың бәрі ертеңгі матчқа дайын ба?

- Бруно Сориано мен Адриано Маринадан басқасының бәрі дайын. Ал алаңға шығатын ойыншылар жайлы ертең ойланатын боламыз.

- БАҚ беттерінде сізді «Валенсия» командасының бас бапкері болғысы келеді деген ақпарат тарап жатыр. Себебі, футболшылық ғұмырыңызда дәл осы «жарқанаттардың» сапында көбірек өнер көрсеткен едіңіз. Осы ретте көпшілік «Вильярреалды» сол мақсатқа жету жолындағы баспалдақ ретінде қарастырып отыр деген ой қалады.

- Шыны керек, «Валенсияға» қатысты ақпарат тарап жатқанын мақтан тұтамын. Бірақ «Вильярреалда» қызмет етіп жүргеніме қуанамын. Ешқайда кету ойымда жоқ, осы жерде қаламын. Жоспарымның бәрі «Вильярреалмен» байланысты.

- Егер матч тең аяқталса немесе «Астана» жеңіске жетсе, бұл сіздерге қаншалықты ауыр соғады?

- Біз «Астананың» бірнеше ойынын көрдік. Оларды жақсы білеміз, қалай ойнайтын байқадық. Біз жеңіліс туралы мүлдем ойламаймыз. Ертең жігіттер бар күштерін салып, жоспарды толығымен орындайды деп үміттенемін. Қалайда жеңіске жетуіміз керек.

- Командаңыздан жылдам голды күтуге бола ма?

- Әрине, біз матчты алғашқы жарты сағатта ғана емес толығымен жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Соңғы екі ойынды өте нашар өткізгендіктен «Астанаға» қарсы бар күш-жігерімізді саламыз. Бізге тек қана жеңіс керек.

- Жеребе тартылғаннан кейін тобымыздағы барлық командалардың өкілдері сізді фаворит есебінде қарастырып отыр. Бұл сіздерге артық қысым болып есептелмей ме?

- Рас, бәрі бізді жеңеді деп ойлайды. Бірақ қарсыластарымыз оңай емес, деңгейлері жоғары. Фаворит екенімізге мән бермейміз. Өз жұмысымызды толығымен атқарып, жанкүйерлеріміздің үмітін ақтауымыз керек.

- Соңғы ойындардың нәтижесінен кейін сізді қатты сынағандар болды. Осындай түрлі теріс пікірлер сізді жігерлендіре түспей ме?

- Ол рас, соңғы екі ойынымыз біз күткендей болмады. Жеңіліске тек қана бапкерді кінәлі ету қалыпты жағдай. Біз Еуропа лигасында да, Испания чемпионатында да жеңіске жеткіміз келеді. Ал ең бастысы – жоғары деңгейде өнер көрсету.

Айта кетейік, «Вильярреал» - «Астана» арасындағы матч 14 қыркүйек күні Вильярреал қаласында 23:00-де (Астана уақыты бойынша) басталады.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»