Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2017

Ана тілін іздемейтін қазақ жоқ

317 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көрші Ресейдің Челябі облы­сын­дағы ормандай орыс­тың арасында отырған қан­дас­тарымыз соңғы жылдары қазақ тілін және дәстүр-салтын ұмытып қалмауы үшін атамекенге жиі ат ізін салатын болған. 

Ана тілін іздемейтін қазақ жоқ

2009 жылы Че­лябі облысындағы қазақ ди­ас­порасының «Азамат» мә­де­ни-ұлттық қоғамдық бірлес­тігінің сұрауымен Қостанай облыстық Тілдерді дамыту бас­қар­­масы қандастарға ана тілін үйрету ісіне бастама кө­те­р­ген еді. Басқарманың Тіл үйрету орталығы мамандары шет жердегі қазақтар үшін қа­зақ тілін үйренудің арнайы бағдарламасын жасаған болатын. Содан бері Челябідегі «Азамат» мәдени-ұлттық қо­ғам­дық бірлестігі мен Қос­та­­най облыстық тілдерді дамы­ту бас­­қармасы арасында ын­ты­мақ­­тастық орнаған. Бір жылы қостанайлық тіл мамандары Челябі қаласына барып, қа­зақ ті­лін үйретуге ықылас біл­дір­ген мұғалімдерді бір апта оқытып қайтса, екінші жылы олар келіп, жергілікті қазақ тілі мамандарынан шеберлік са­бақ­тарын алып кетеді. 

Биыл Қостанайға «Азамат» ұлттық-мәдени қоғамдық бір­лес­ті­гінің жетекшісі Қанат Сей­ті­ков бастаған қазақ тілі мұ­ға­лім­дері келді. Олардың бар­лы­ғы да жергілікті мектептер­де мұға­лім болып қызмет етеді. Бір айтаты­ны, Челябі облыстық білім ми­нис­трлігі Қостанай облыстық тілд­ерді дамыту басқармасының бас­тамасын құп алып, бірнеше жыл­дан бері Нағайбақ, Қызыл, Чесминский, Агапов, Верхний-Уральск ау­дан­­дарындағы қазақ балалары шоғырланған бір мектепте қазақ тілінің факультативтік сабақ ретінде өтуіне жағдай туғызды. Ол үшін қазақ тілін үйреткен мұғалімге жергілікті бюджеттен еңбекақы төленеді. 

– Қандастарымыз ана ті­лін үйрену үшін атамекенге қа­­рай­лай­ды. Сол үшін олар­ға әдіс­темелік кө­мектің бар­лы­ғын да жасап беріп отыр­мыз, дәстүрсал­тқа байланыс­ты ша­раларына да қолдан кел­ген кө­­­мекті аямаймыз, – дей­ді об­лыс­тық тілдерді дамыту бас­қар­­­ма­сы­ның басшысы Гүл­жан Меңд­е­ке­но­­ва. 

Челябіден келген мұға­лім­дер арасында Юлит Байдәу­ле­тованың тәжірибесі мол. Ол егде жасына қарамай, Челябі тө­ңірегіндегі қазақтардың дәс­түр-салтына орай өтетін барлық шаралардың басы-қасынан табылады. Оншақты жылдан бері Челябі қаласындағы студенттерге, жалпы ана тілін білуге ықы­лас білдіргендерге қазақ тілін үйретіп келеді. 

– Мен бізге әдістемелік бағ­дар­­лама жасап беріп отырған қостанайлық бауырларға алғы­сымды айтамын. Қазақ тілін үйретсем де, мен ана тілін шала білемін. Осы жылдар ішінде қазақ тілін үйретіп ғана қоймай, тапжылмай өзім де үйреніп келемін. Қазір бізде жастардың ана тілін үйренуге деген ынта-ықыласы өскен. Біз осыған қуанамыз, – дейді Юлит Ысқаққызы.

– Челябі – үлкен облыс. Онда 40 мыңға жуық қазақ ағайын шашырай қоныстанған. Ана тілін бі­­летіндер қатары аға буынның  ара­­мыздан селдіреуіне орай аза­йы­­п келеді. Әрине, бұл алаң­датады. Біз жастардың тіл мен дәстүрді ұмытпауы үшін қол­дан келгеннің барлығын да қа­рас­тыруға тырысамыз. Ең баст­ысы, атамекенмен, оның ішін­де Челябіге ең жа­қын ор­­наласқан Қостанай об­лы­­сы­­мен байланысымыз­ды үз­бей­­міз. Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығының Қос­та­най облыстық филиалы­мен, об­лыстық тілдерді дамы­ту бас­­қармасымен ты­ғыз байла­ныс­­та жұмыс істей­міз. Мы­са­лы, Дүниежүзі қазақ­та­ры­ның қауымдастығы фили­алы На­ғай­бақ ауданында тұ­ратын ақы­нымыз Нүркеш Жа­паровтың өлең­дер кітабын шығарысуға көмектесті, дәс­түр-салтқа байланысты ша­ра­лар­­ды өткізуге де қол­ғабысын ти­гізеді, – дейді «Азамат» ұлт­тық-мәдени қо­ғамдық бір­лес­тігінің жетекшісі Қанат Сейтіков. 

Осы жолы шеберлік саба­ғы­на қатысқан челябілік он қан­дасымыздың барлығы да мектеп­терде түрлі пәннен дә­ріс бе­реді. Мысалы, Агапов ауданынан келген Гүл­жамал Әл­мұ­­ха­ме­тованың маман­ды­ғы-физика пә­нінің мұ­ға­лі­мі. Ол қа­зақ балала­рына қаз­ақ ті­лінен сабақ беруге әр­қа­шан да уақыт табады әрі шебер ұйымд­ас­тыра біледі. 

– Ормандай орыстың ара­сын­­да отырмыз. Мен қазақ ба­ла­­ларының алғырлығына дән ри­замын. Біздің мектептегі аз қазақ балаларының арасынан төртеуі мектепті үздік бі­тір­ді, жоғары оқу орында­рын­да жақ­сы оқып жүр. Қазір мек­теп­тегі балалардың ана тіліне де­ген ынтасына сүйсінемін, – дейді Гүлжамал Уәйісқызы. 

Челябілік мұғалімдерге А.Бай­­­­тұр­сынов атындағы Қос­та­­­­­най мемлекеттік универ­си­­­­теті Тәжірибелік лингвистика кафедрасының меңгерушісі Гүл­­­­жанат Жүрсінәлина, Жіті­қа­ра а­у­дандық тіл үйрету ор­та­­лы­ғы­ның директоры Сан­ду­ғаш Ғұ­байдуллина, Фе­до­ров ауда­нын­дағы Дмит­ри­ев атын­да­ғы ор­та мектептің қа­­зақ тілі мұ­ғалімі Дми­тр­ий Ро­ма­щен­ко шеберлік сабақ­та­­рын өткізді. Мамандар қан­дас­та­ры­­мыздың көптеген сұрақ­та­ры­на жау­ап берді. 
Челябілік қандастар сапар барысында Қостанай қала­сын­дағы мәдени-демалыс орындарын аралауға да уақыт тапты. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ