Табиғат тәлкекке төзбейді

Американы үрей жайлады. Қыркүйек айы басталғаннан бері апаттардан көз ашпаған АҚШ тағы бір қатер алдынды тұр. Техас және Луизиана штаттарын зор күйзеліске ұшырат­қан «Харви» дауылы­ның ізі басылмай жатып, Фло­рида штатында «Ир­ма» дауылы соқты. Қалалар­дағы қираған үйлер мен су бас­қан ғимараттарда есеп жоқ. Адам шығыны да бар. АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауын жай­лаған «Ирма» дауылы соң­ғы ондаған жылдар көлеміндегі Атлант мұхи­тында пайда болған да­уыл­дардың ең жойқыны көрі­неді. Оның алғашқы кездегі қуаты сағатына 300 шақырымды құра­ған. «Ирма» апатынан есеңгіреген АҚШ-қа ен­ді Мексика бұға­зында қалып­тасқан «Ка­­тя»дауылы жа­қын­­­дап келе жатыр...

 
Егемен Қазақстан
14.09.2017 2537
2

Асқақ Американы апаттар­дың астына алған құдіретті Табиғат АҚШ-тың астамшыл билігіне ескерту жасап, пла­нетамыздың болашағына кесел келтіретін кесірлі ше­шім­дер қабылдаудан сақтан­дырып тұрған сияқты. Күні кеше Америка Құрама Штат­тары климат жөніндегі Па­риж келісімінен шығу шара­ларын бастаған еді. Еске сала кететін болсақ, АҚШ пре­зи­денті Дональд Трамп «аме­ри­ка­лықтар үшін тиімсіз мә­міле» деген сылтаумен Париж келісімін мойындамайтынын мәлімдеген болатын.

Бүкіл әлем қолдаған бұл келісім АҚШ Президентіне қалай жақпай қалды? Планета­мыздағы ауа райының өзге­руіне қарсы күрес шаралары­ жө­ніндегі Париж келісімі 2015 жылы желтоқсанда қабыл­данды. Оған Қытай, АҚШ және Ресей бастаған әлемнің 197 мемлекетінің өкілетті өкіл­­де­рі қол қойды. Париж келісі­міне­ қол қою арқылы әлем мем­­­­­ле­­кеттері қоршаған ортаға та­ра­латын зиянды парниктік газ­дың көлемін қысқартып, ауа райының орташа жылыну деңгейін 2 градустан асырмау жөнінде адамзат ұрпағы алдында тарихи жауапкершілік қабылдаған болатын. Осы келісім бойынша, климаттық проблемаларды шешу үшін дамушы мемлекеттерге 100 миллиард доллар қаржы бөлу қарастырылған. Ең бастысы, бұл келісімде әлемде ауа­ға таралатын бүкіл зиянды парник­тік газдардың 38 пайызы екі-ақ мемлекетке – АҚШ пен Қы­тай­ға тиесілі екендігі атап көрсе­тіліп, АҚШ-тың 2025 жылға де­йін ауаны ластайтын улы газ­дар көлемін 2005 жылғы дең­геймен салыстырғанда 26-28 пайызға азайтуы қа­жет екендігі міндеттелген еді. Міне, планетамыздың бола­шағы үшін ауадай қажет бұл келі­сімге алғашқыда, яғни 2015 жылы қол қойған АҚШ, енді одан шығу шараларын бастап отыр. 

1997 жылы БҰҰ-ның Кио­­то­дағы халықаралық сам­­­ми­тінде «Атмосфераға та­ра­латын зиянды газдарды шек­теу туралы хаттама» қа­былданды. Киото хаттамасын әлемнің 181 мемлекеті рес­ми түрде бекітті. Киото хат­тамасы – халықаралық дең­гейде экологиялық проблемамен бірлесіп күресу жөніндегі адамзатқа ортақ ал­ғашқы маңызды құжат. Хат­тамада көмір және жанар-жағармайдан ауаға таралатын зиянды газдардың мөлшерін 1990 жыл­ғы деңгей­ге қайта жеткізіп, 2008-2012 жыл­да­ры 5,2 пайызға дейін азайту қарастырылған. Ол үшін Еу­ро­одаққа кіретін елдер оның мөлшерін арнайы көр­се­тілген межеге дейін қыс­қартып, қалған елдер оның мөлшерін белгіленген бір жыл­дық межеден асырмауға ке­ліскен болатын. Егер хаттама­ны қабылдаған елдер өз мін­деттемелерін нақты орындайтын болса, 2012 жылы ауаға таралатын газ көлемі 1990 жыл­ғы деңгейге дейін қай­та төмендеуі мүмкін еді. Алай­да хаттамаға келіскен ел­дер­дің барлығы бірдей мін­детте­мелерін орындауда адал­дық танытпады. Әсіресе, «өр­кениет көшбасшысымыз» деп кеуде қағатын АҚШ бүкіл адам­зат мүддесін аяққа басты. АҚШ алғашқыда бұл бастаманы қабылдауда белсенділік танытқанымен, кейіннен Киото хаттамасын орындаудан бас тартты. 

Адамзат үшін алаңдамайтын АҚШ билігінің сабасы­на­­ тү­с­уін күтіп, арқаны кең­ге салатын мүмкіндік қалған жоқ. Жаһандық тойымсыз сұ­ра­­ныс­ салдарынан жер пла­не­­та­сы ауыр апат алдын­да тұр. «Асау табиғатты бағын­ды­ру­ды» көксеген адамзат әрекетінен табиғат ананың тынысы тарылды. Тарылғаны сол емес пе, ХХІ ғасырдың екін­­­ші онжылдығы табиғи апат­­­тар мен сілкіністерден ес жиғызбай барады. Мәңгі жасыл құрылықтарды жаз ортасында қар басып, Гренландияның мұз құрсауларының жыл са­йын 250 млрд тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатыр.­ Кәрі құрылықты топан су ба­сып, Еуразия кеңістігін құрғақ­шылық жайлап, орыс орманы отқа оранды. Шілде мен тамыз айларында Ресейде мың­даған орман өрті тіркелді. Орта­лық Ресейдің орманда­рын түгелге дерлік отқа ораған өрт­ апатынан жүздеген үйлер жа­­нып, тұтас елді мекендер күл­ге айналды. Мұның бә­рі табиғи тепе-теңдіктің бұзы­луы, жаһандық жылыну үде­рісінің шиеленісуінің залалы екенін енді ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдар да тү­сіне бастады.
Иә, жаһандық жылыну аңыз­­­дан ақиқатқа айналды. Қа­зіргі таңда жаһандық жылыну үрдісінің қоршаған ортаға ора­сан зор қауіп төндіріп келе жатқанына ешқандай күдік қалмады. Жер шары қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жылынған. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартас­тар ізсіз жоғалуда. Сонымен «жа­­һан­дық жылыну қатері» дегеніміз не? Климаттың өзге­ру қаупі туралы ең алғаш 1975 жылы сөз қозғалды. 1975 жы­лы 8 тамызда «Scіence» ат­ты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа ра­­­йының күрт өзгере баста­ғанын алға тартып, алғаш рет «жаһандық жылыну» тер­­минін өмірге әкелді. Ауа райы­ның өзгеру құбылысын екі мың жылға тарта тарихы бар климатология ғылымы зерт­­теп келеді. Алайда өткен ға­сырдың соңына дейін бұл ғы­лымның ізденістеріне адамзат қауымдастығы тарапынан аса бір қызығушылық таны­ла қойған жоқ. Тіпті өткен ғасыр­дың 60-жылдарында ең алғаш климаттың күрт жылынып бара жатқандығы туралы дабыл қағып, жердің жоғары қа­батының қызуы артқанын байқаған белгілі кеңестік климатолог А. Будьконың бол­жам­­­да­рын басқалар түгілі, кей­­бір ғалымдардың өзі жүре тың­­дады. Міне, енді төрткүл дү­ние­нің төрт бұрышында да жер­дің жоғарғы қабатының қызуы жоғарылап кеткендігі талас тудырмайтын шындыққа айналды. 

Алдағы уақытта адамзат­ үшін­ апат­­қа пара-пар та­ғы бір үл­­кен қауіптің ұшы Ар­к­­­­ти­ка­­дан басталатын түрі бар. Соң­ғы деректер бойынша, дүние жүзіндегі ендігі қал­ған мұнай-газ қорының төрт­тен бірі арктикалық акватория­да шоғырланған көрінеді. Мәсе­лен, тек Баренц теңізінің Ре­сейге қарасты Штокман ке­ні­шін­де 4 триллион текше­ метр­ газ конденсатының қо­ры шоғырланған. Штокман ке­ні­шінің қазірге дейінгі анық­талған байлығының өзі 500 мил­лиард доллардан асады.­ Сөйтіп таяу болашақта Арк­тика әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің ара­сындағы энергетикалық тартыс ала­ңына айналмақ. Поляр­лық мемлекеттер құрамына кіре­тін АҚШ, Ресей, Канада, Норвегия және Дания арасында Арктиканың батпан құйрық энергетикалық байлығын игеру жолындағы алғашқы сая­сат майданы бас­талып та кет­ті. Күні ертең Арк­тика энер­­гетикалық қуат көздері үшін тартыс алаңына айналып, Солтүстік жарты шардың ен байлығы жаппай игеріле бас­таса, жаһандық жы­­лыну үде­рісінің еселене тү­сетіні айдан анық. Тіпті бү­гінде белгілі бо­лып отырған жа­һандық жылыну қаупі ойын­шық болып қалмақ. 

Арктиканың ен байлығы жолындағы «қырғи қа­бақ»­ со­ғыс басталып та кет­ті­.­ Қа­зір­дің өзінде Канада өзі­нің­ арктикалық жағалауына он мыңдық әскерін шоғырлан­дырып үлгерді. Ресей өзінің Арктикаға «қайта оралуын» аса жеделдікпен жүргізіп жатыр. АҚШ-та Арктикадағы «май­ шелпектен» оңай айырыла қоймайтынын көрсетуде. Солтүстік жарты шардағы мол байлықты жылдамырақ ие­ле­ніп қалуға асыққан дер­жа­валар жаһандық жылыну қасіретін уақытша ысырып қойды. Сон­дықтан да державалық үс­тем­д­ік қандарына сіңген бұл ел­дердің ғалымдары да адамзатты толғандырған жаһандық жылыну үдерістерінің себебін адам әрекетінен емес, табиғи құбылыстардың әсері деп дә­лел­деуге тырысуда.

Қалай болғанда да, ақыр заманға алып келе жатқан бұл жаһандық жылыну қатерінің алдын алу үшін не істеу керек? Ақиқатын айтар болсақ, бұл ретте адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы қол қусырып отырған жоқ. Алғаш рет өр­кениетті адамзат 1972 жылы қор­шаған ортаның проблемаларын көтерген Стокгольм конференциясында БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау туралы бағдарламасы (ЮНЕП) белгіленіп, 26 қағидаттан тұра­тын іс-жоспар қабылдады. 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жер саммитіне әлемнің 182 мемлекетінің делегациясы қатысты. Риодағы Жер саммитінде «21 жоспары» немесе «21 іс-қимыл» бағ­дарламасы қабылданды. 40­ бөлімнен тұратын бұл жос­пар қоршаған ортаға адам қыз­метінің әсері бар салаларға қа­тысты 2500 іс-шара мен ұсы­ныс белгіледі. 1997 жылы БҰҰ-ның бастамасымен өткен Киотодағы халықаралық саммитте «Атмосфераға таралатын газдарды шектеу туралы хаттама» қабылданып, әлемнің 181 мемлекеті қол қойды. Ең­ соңында, БҰҰ-ның Ауа райының өзгеру жөніндегі конвенциясының аясында 2015 жылы желтоқсанда Парижде өткізілген халықаралық конференцияда «Париж келісімі» қабылданды. Әлемнің 197 мем­лекеті қол қойған бұл тарихи құ­жатты БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун «соң­­ғы мүмкіндік» деп атап көр­­­сетті. 

Адамзат болашағының тағ­ды­ры таразыға салынған соң­ғы мүмкіндікті АҚШ билігі та­ғы да тәлкекке салып, Ақ үй­дің жаңа қожайыны Дональд Трамп үстіміздегі жылдың маусым айында Париж келісімінен шы­­ғатынын мәлімдеді. Онсыз да тынысы тарылған табиғатқа бұл оңалмастай ауыр соққы болғалы тұр. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, ғаламшар климатының күрт өзгеруіне басты себеп болып отырған пар­никтік улы газдардың 38 пайызын АҚШ пен Қытай, 13,34 пайызын Еуропалық одақ мемлекеттері, 7,5 па­йы­­зын Ресей, 4,1 пайызын Үндіс­тан, 3,79 пайызын Жа­по­ния шығарса, әлемнің қал­ған барлық мемлекеті 33,26 па­йызын шығарады екен. Атмосфераға таралатын бүкіл улы газдың басым бөлігін шы­ға­рып отырған АҚШ «адам­заттың соңғы мүмкіндігі» – Париж келісімінен бас тартса, басқаларына не жорық?! 

АҚШ билігінің ақылға сыймайтын қауіпті шешімі әлемнің есті жұртын есеңгіретіп тастады. «Алдаусыратудың реті жоқ. Климат бойынша «Б» жос­пары болмайды, себебі «Б»­ планетамыз да жоқ. Бүгін АҚШ бүкіл әлемге сырт айналды», деп атап көрсетті Франция прези­денті Эммануэль Макрон. «Трамп Париж келісімінен шы­ғу арқылы болашақтан бас тартты», деді бұрынғы президент Барак Обама өзегін өртеген өкінішін жасырмай.
Иә, құдіреті күшті Табиғат саяси ойыннан туған тәлкекке енді төзбейді. Төрткүл дү­ние­нің жер-жерін жиі-жиі күңі­рентіп жатқан табиғи апаттар­ соның айғағы. Америка штат­та­рының бірінен соң бірін күй­зеліске ұшыратып, топан суға толтырған «Харви», «Ир­ма» және «Катя» дауылдары АҚШ билігін ақылға шақырған ақыр­ғы табиғат ескертулерінің бірі болмасына кім кепіл?! 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

17.11.2018

Amazon мен Google-де жұмыс істейтін қазақстандықтарды елге шақыру керек - Атамекен ҰКП

17.11.2018

Павлодар облысында 370 жүргізуші мөлшерден артық жүк тасыған

17.11.2018

Павлодарда 524 полиция қызметкері пәтерге мұқтаж

17.11.2018

Дулат Қажанов: Оңтүстік тұрғындарын Күршімге шақырамыз

17.11.2018

Таразда Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті

17.11.2018

Қызылордадағы ЖКО: 29 адам ауруханада, 45-і үйіне оралды

17.11.2018

Қызылордада жолаушылар автобусы соқтығысты

17.11.2018

Атырауда балық шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды

17.11.2018

Астанада дзюдодан Қазақстан Чемпионаты өтті

17.11.2018

Таразда «Туған жерге туыңды тік!» форумы өтті

17.11.2018

Ақ Жайықтың жастарында жігер көп

17.11.2018

Оралда қоғамдық ұйымдардың VIII форумы өтті

17.11.2018

17 қарашаға арналған ауа райы болжамы

16.11.2018

Қазақстан туризмін дамытудағы кезекті қадам

16.11.2018

Абылай ханның Галдан Цереннің тұтқынында болған жері табылды

16.11.2018

Қазақстан қор биржасы 25 жылдығын қорытындылады

16.11.2018

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

16.11.2018

Атыраулық Қаһарман Қисметов  Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

16.11.2018

Қазақ жігіті америкалық хоккей командасының капитаны атанды

16.11.2018

​Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Эритреяға қарсы санкцияларды жою туралы қарарын қолдады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Esi ketken eskini alady

Búginde avtomobıl degen burynǵydaı baılyqtyń, sol kólikti satyp alǵan adamnyń áleýmettik jaǵdaıynyń jaqsy ekendiginiń kórsetkishi bolýdan qalyp barady. Bir úıde eki, keıde úsh avtokóliktiń bolýyn, tipti keıbir jumyssyz júrgenderdiń de avtokólik satyp alýyn oǵan mysal retinde keltirýge bolady. Osy oraıda avtomashınalardyń sonshalyq kóbeıip ketýiniń syry nede degen saýaldyń týyndaýy da zańdy. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qala jáne qazaq

Astana – jastar qalasy. Qala kóshelerinde kele jatyp aınalańa qarasań kóbinese jastardy kóresiń. Demek, Astana – bolashaqtyń qalasy. Osy Astana arqyly qazaqtardyń qala halqyna aınalyp kele jatqandyǵyn jáne aınala alatyndyǵyn anyq baıqaýǵa bolady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Mádenıetti adam. Ol kim?

Osy keıde on ekide bir gúli ashylmaǵan kókórim jastarǵa albyrttyqtyń saldarynan jibergen aǵattyǵy men qateligin túzeý maqsatynda apalyq qamqorlyqpen azǵantaı bir aqyl-keńes aıta bastasań, munyńdy muqatý, tuqyrtý dep oılaıtyndaryna túsinbeısiń.  Olardyń bári syndy solaı qabyldaıdy degen pikirden aýlaqpyz árıne, biraq kúndelikti ómirde mundaı jaıtqa jıi tap bolyp jatatynymyz ras endi. Munan soń aldyńǵy tolqyn apalarymyz ben aǵalarymyzdyń aldarynan kese-kóldeneń ótpeı, jumsaǵan jaqtaryna quldyrańdaı usha jóneletin baıaǵy bizdiń kezimizdegi jastardyń eleýsiz ǵana eskertilgen úlkenderdiń áńgimesinen keıin endigári sol kemshilikti qaıtalamaýǵa tyrysatyn elgezektigi, qarapaıymdylyǵy, kishipeıildigi, ıbalylyǵy sanamyzǵa saǵynysh sazyndaı sarqyla oralady. 

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Sheraǵań shertken sher

Qazaq jýrnalıstıkasynyń qara narlary Sherhan Murtaza men Kamal Smaıylovtyń «Egemendegi» hattary kezinde qoǵamdyq sanaǵa serpilis ákelgeni málim. «Qadirli Kamal Dos!», «Qadirmendi Sherhan!» dep bastap, el ómiriniń qaltarys-bultarystaǵy búkil problemasyn jipke tizip kórsetken, odan shyǵatyn jol izdegen eki tulǵanyń hattaryn qazir oqysań, alysty boljaı bilgen kóregendigine eriksiz tańǵalasyń. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Sotqa silteı salý sán be?

Qara qyldy qaq jaryp, ádildikti aıtqan qazaq bıleriniń bılik qaǵıdasy: «Týra bıde týǵan joq, týǵandy bıde ıman joqqa» negiz­delgeni málim. Qasqaıyp turyp qamshysyn aldyna tastap: «Baı bolsań halqyńa paıdań tisin, batyr bolsań dushpanǵa naızań tısin. Baı bolyp paıdań tımese, batyr bolyp naızań tımese jurttan ala bóten úıiń kúısin» dep Áıteke bıdiń shamyrqanǵany, judyryqtaı jumylǵan Qazybek bıdiń Qońtajyny bılik aıtý kezegi tıgende: «Sózdi óńmenime suǵyp aıtqan kezde, eki ıyǵynan eki aıý aýzynan ot shashyp «typyr»» etshi, «kóreıin» dep turdy. Kórdińiz be, bılik aıtqan adam sózimen de kózimen de, susymen de yqtyra alady eken. Qazaq bıleri dala zańynyń oryndaýshylary bolǵan. Tek ádildikti tý etip kótergen onyń aldynda han da qara da birdeı jaýap bergen.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу