14 Қыркүйек, 2017

Қоршаған ортаға қамқорлық қажет

1872 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, бүгінде қай­біреулер айтатындай, «Бәріне табиғат кінәлі!» деген бір тіркес пай­да болды. Төрт түліктің бірі өл­се де, ең далада алаңсыз жорытып жүрген киік қырылса да, Кас­­пийдегі итбалықтар да, өзен-көл­дердегі балықтар да, тіпті қар мол түс­се де, сосын елді мекен­дерді су ал­са да, дауыл тұрса да, әйте­уір, бә­ріне табиғат кінәлі болып шы­ғады. 

 

Қоршаған ортаға қамқорлық қажет

Бірақ табиғат-ана бәріне кінәлі ме? Табиғат – біздің үйіміз, асыраушымыз, панамыз. Сол табиғаттың арқасында тіршілік бар, өмір бар. Біле-білсек, тіп­ті ауа райының пайдасыз кезеңі жоқ. Тек сол табиғаттың тіршілік үшін қажетті мезгілін, құбылыстары мен ауа райын адам өзіне ғана қолайлы етемін деп қарсылыққа ұшырап отыр. Соның салдарынан жаһандық ауа райы да өзгерді. Басқасын айтпағанда, өзіміздің Арал суының тартылуы, көп жағдайды білдіреді. Өзен, көлдер лас-тануда. Мәселен, көктем кезінде бес облыстың көптеген ауылын қызыл су басты. Ең даланы емін-еркін кезген жүздеген киіктің қалай өлгенін ел жақсы біледі. Ал қолдағы төрт түлік малдың жыл сайын, әйтеуір, бір кеселге ұшырап қырылатыны тағы бар. Бірақ соның бәріне табиғатты кінәлі дегісі келетіндер көп-ақ.

Сол сияқты небір зымырандарды ға­рышқа ұшыру кезінде олардың кейбірі апатқа ұшырап құлап жатқаны тағы жасырын емес. Мұның табиғатқа тигізер залалы жоқ деп кім айта алады? Өткен жазда Маңғыстау облысының Қаражанбас кең орны ауданында балықтың жаппай қырылғаны бар. Тіпті әр жиырма шақырым сайын 250-ден аса өлі балықтар кездескен. Мамандар бұл жағдайдың сырын тексере келе анықтағандай, суда мұнай өнімдерінің қалдықтары мөлшерден тыс көп болған. Жалпы бұл арада біздің айтпағымыз, табиғатта ешнәрсе өздігінен бүлінбейді. Жоғарыдағы келтірілген мысалдар айналаға жан­ашырлықтың жоқтығынан емес пе екен. Адамдардың селқостығынан ғой. Демек, кінәні табиғаттан іздемей, керісінше оны болдырмаудың жолын іздеген жөн-ау. Мәселен, «Қыстағы қар – жерге ырыс, жердегі ылғал – елге ырыс» дейді. Қардың көп түсуі, судың мол болуы тіршілікке нәр береді. Суды дұрыс пайдалана білмеу табиғатқа кері әсерін тигізеді. Тәуелсіздіктен кейін дамып келе жатқан өнеркәсіп пен суармалы егіншілік алқаптарының ұлғаюы суды көп қажет етеді. Ал қазір­гі қалыптасқан экологиялық жағдайда өзен суының ластанып немесе сіңіп, ысырап болып жатқаны белгілі. Көктемгі көл-көсір қар суы да лезде көзден бұл-бұл ұшады. Мә­селен, әр көктем сайын тұтас ауыл­­дар­ды басып қалатын қар суын бөгеп алса қайтеді. Соған алдын ала дайындық жасап, ана берекелі болған «Көксарай» секілді су реттегішін, яки су қоймаларын әр облыстың тиісті тұстарына орнатса, нұр үстіне нұр емес пе. Ал бәрінен бұрын су жүретін, қызыл су жиналатын жерлерге үй тұрғызбағаны абзал. 

Әрине, су қорларын дұрыс пайдаланбау, өрескел қателіктер жіберу бұрын да етек алғаны рас. Тіпті бір­қатар аймақта осындай қателіктер кесірінен топырақ құнарлы қабатынан айырылып қалды. Топырақтағы өзгерістер өсімдік жамылғысының түрлік құрамына, таралуына кері әсерін тигізді. Сол сияқты кезінде тың және тыңайған жерлерді игеру барысында мыңдаған гектар жер бүлінді. Жыртылған жердің борпылдақ топырағы желдің әрекетінен құнарлы қабатынан айырылды. Табиғат анаға қарсы жасалған осындай әрекеттің ауыр салдарын адамдар өз қолымен тудырды. Мұндай жағдай әлі де жалғаса ма деген қауіп те жоқ емес. Өйткені кінәнің бәрін жеме-жемге келгенде табиғатқа аудара салу оңай ғой.

Сондықтан бұл мәселеде Үкіметіміз айрықша белсенділік танытуы қажет деп ойлаймыз. Табиғатты қорғау мен табиғат қорларын тиімді пайдалануда мемлекеттік бағыттың ықпалы зор. Конституциялық заңдарымыз бойынша адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басымдығы халықтың өмірі, еңбегі мен демалысы үшін қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіру болса, онда баршаның міндеті қоршаған ортаның сапасын жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуға атсалысу арқылы қоғам мен табиғаттың өзара іс-қимылы саласындағы қатынастарды барынша дұрыс реттеу екендігін ескерген жөн. Сонда, жоғарыда айтылған, «Бәріне табиғат кінәлі» деген тіркестің санамыздан жоғалары да анық. Ендеше табиғат кінәлі емес, ісімізде береке жоқ па дейміз.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»