Руханият • 14 Қыркүйек, 2017

«СтепЛаг». 1954 жыл. Бас көтеру

9056 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жеке басқа табыну талайдың тү­бі­не жетті. Шырқыраған шындық шы­­ңырауда тұншықты, жалған жаламен талай тарлан түрмеде жазықсыз жа­па шекті. Атылып кеткенді айтып жатудың өзі артық. 

«СтепЛаг». 1954 жыл. Бас көтеру

Саяси қуғын-сүргіннің сүреңсіз соқ­пағы әлі жатыр. Әрине, айтуға оңай!
Қазақ жері тұтас түрмеге айналған зұл­мат заман бастан өткен. Кеңестік кезеңдегі «қызыл империяда» қадасы қағылған алғашқы жеті лагерьлік ай-мақтың біреуі – Қазақстан! 

Қарақұрттың торындай «ГУЛАГ жүйе­сі» орналасқан одақтағы 25 облыстың үштен біріне жуығы, нақтысы – жетеуі Қазақстанға қара­ды. Атап айтқанда, олар: Ақтөбе, Аты­рау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан. Осыдан кейін ол қалай «тұтас түрме» болмасын?!

Он бес республиканы біріктірген одақта «ГУЛАГ жүйесінің» қанды шең­­гелін осылай Қазақстанға сал-уын әркім әрқалай түсіндіреді. Оның­ табиғи байлығын тегін күш­пен­ тез игеруге ұмтылу, әсіресе қой­на­уын­дағы қазынаға көз тігу түбіне жет­ті, дейтін де табылады. 

Мұның экономикалық қана емес, үлкен саяси-стратегиялық мәні бол­ды, дейтін де бар. Осылай кете бе­реді. Алайда, соның ешқайсысы адам­зат тарихында жасалған ол ай­уан­дықты ақтай алмайды. Қи­сын­сыз құрбандықпен қалған халықты бақытты, бақуатты ету мүмкін бе?! 
Тұтқынның еріксіз еңбегін пайдалану теориясын «негіздеген» Ф.Дзер-жинский көрінеді. Оның «Республика қыл­мыскерге мүсіркеп қарамайды және көп қаржы бөле алмайды. Олар өз еңбегімен өзіне қажетті шығынды жа­­буы керек, оларды жолсыз, елсіз ме­кенге қоныстандыру керек» деген сөзі «ГУЛАГ жүйесін» құруда негізге алыныпты. 

Қайғы мен қасірет кешкен сан­ мың­­­даған адамның тағдырын тәлкекке сал­ған тамұқ ошағының әлі ашылмаған сыры, дәйектелмеген дерегі жеткілікті. Дегенмен, анық­тал­ған кейбір құжат пен зерттеуді зерделеп, тасбауыр тарих­тың сол кезеңіне көз жүгіртейік. 
Айтпағым – Арқаны азап айма­ғына, қасірет алаңына айналдыр­ған «Степ­Лаг». Ол – «халық жауына» арналған ай­­рықша лагерь. 1940 жылы Кеңгір жағасындағы бұрынғы пионер лаге­рінің орнына КСРО Ішкі істер халық комис­сариатының (НКВД) «Жезқазған лагері мен ГУЛАГ комбинаты» құрыл­ды. 

Ол сол жылы 1 сәуірден бастап­ жұ­мыс істеді. Басты міндеті Жезқаз­ған мыс комбинатын жедел салып бітіру бол­ды. 1942 жылы 1 қаңтарда лагерь­де жүз елудей тұтқын ұсталды. Қатарында кім­ кездеспеді: Қазан төңкерісіне қар­сы да, қандықол қарақшы да, қашқын да, алаяқ та, тоқты ұрлап торға түскен де табылатын. 

Солардың қатарында құрылысқа, шах­таға адам күші қажеттіліктен НКВД ті­зімімен қамалған, көбіне кінә­сіз сотталған жазықсыз жұмыс­шы, ин­женер, дәрігер және басқа ке­ректі кә­сіп иесі жүрді. 1943 жылы өндірістің іс­ке қосылған және салынып жатқан ны­санының бәрі НКВД-ға беріліп, «Жез­қазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинатына» айналды. 

Соғыстан соң лагерьдегі 12 мың тұт­қын­ға майданда қолға түскен 8 мың­дай неміс пен жапон қосылды. Ла­герь кеңейіп, үш негізгі бөлімшеге бө­лінді, олар: Кеңгір, Жезқазған және Қар­сақбай. 1947 жылы атауы «№4 Ерек­ше лагерь» немесе «СтепЛаг» деп өз­гертілді. 
Атауы өзгергенмен, лагерьдегі азап­ты­ тұрмыс тұралай түсті. Қайта жұ­мысының ауырлығы, тәртібінің қатаңдығы жағынан басқа лагерь Жез­қазғандағының жанында «жіп есе ал­май» қалды. Алайда, адам төз­гісіз ауыр еңбек, аш-жалаңаштық, ауру, жиі­леп кеткен өлім ешкімнің ең­сесін жан­шып, рухын жасыта алмады. 

Зорлық-зомбылыққа, бақылау­шы­ның айуандық әрекетіне қарсы наразы­лық үздіксіз бой көрсетіп отырды. Жұ­мыс­қа шығудан бас тарту, жасырын ұйым құру, үн­деу-парақша тарату си­па­тындағы қар­сылық біртіндеп бас кө­те­руге ұласты. Лагерь жүйесіндегі аса ауқым­ды, әрі ұзаққа созылған «көте­рі­­ліс» осы «СтепЛагта» болды. 

Адам тағдырын тәлкек етудің там­шы­лап жиналған ащы запыра­ны «СтепЛагтың» Кеңгірдегі бөлім­шесінде ақтарылды. Тұнып тұрған қара судай кешегі «ГУЛАГ жүйесі» бір мезетте дауылда буырқанған асау тол­қынды теңізге айналды. Міне, осы тұс­та «Кеңгір көтерілісінің» та­ғы бір салмақты себебі көрініс берді.

1953 жылы 27 наурызда Кеңес өкі­меті кең ауқымды кешірім жария­лады. Соған сәйкес бес жылға дейін сотталған тұтқын тегіс босады. 10-25 жылға кесілген саяси тұтқынды бұл­ ра­қымшылық қамтымай қалды. Ке­ші­рімнің келесі тармағы жазасының бес жылын өтегенді босатуға арнал­ғанымен, алайда саяси айыппен сот­талғанға ол жеңілдік жүрмеді. 

Күткен үміті ақталмаған тұтқындар арасында наразылық толқуы толастамай, тіпті өрши түсті. 1954 жылы 16 ма­мырда 60 шақты тұтқын күзетшіге ба­ғынбай, басқа лагерь аумағына кі­ріп кетті. Қосымша шақырылған әске­ри күзет көмегімен оларды ұстап, абақ­тыға жапты.

 Алайда, тұтқындар наразылығын тоқ­тату енді қиын еді. Келесі күні лагерь басқармасының бастығы ла­герь­лер арасына атыс тобын орналас­тыруға бұйрық берді. Бірақ бұл жағ­дайды одан әрі ушықтырды, 18 мамырда тұтқындар көтерілісі қарулы қар­сылыққа ұласты. 

Көтерілісті жүйелі басқару мақ­са­­тын­да штаб құрылып, оның бас­тығы болып Қызыл әскердің бұ­рынғы офицері К.Кузнецов та­ғайындалды. Жалпы жи­налыста Ішкі іс­тер министрлігі мен Ла­герьлер бас басқармасына арнайы хат­ жазып, арнаулы комиссия лагерьде­ орын алған заңсыздықты ке­ліп тексеруін талап етті.

Көп кешікпей құрамында КСРО Іш­кі істер министрінің орынбасары, ге­нерал-майор С.Егоров, Лагерьлер бас басқармасының бастығы, гене­рал-лей­тенант И.Долгих, КСРО Бас­ про­ку­ратурасынан Н.Вавилов бар жоғары дә­режелі комиссия келді. Жезқазғанда Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орта­лық Комитетінің Төралқа мүшесі Фур­цева да болды. 
Көтерілісшілер мен ресми басшы­лық арасындағы кикілжің 40 күнге созылды. Соңғы күні, яғни 26 маусымда лагерьдің үш қақпасы мен 8 қо­салқы жолы арқылы 1600 адамдық әскери күзеттің екі дивизионы мен іш­кі күзеттің бір дивизионы, арнайы үйретілген 98 ит ұстаған топ, өрт сөндіргіш үш машина көтерілісшілер бекінісіне басып кірді. 

Бес «Т-34» танкі оларға жол ашып, баррикаданы талқандады. Қа­ру­­лы қақтығыста қарсылық көрсет­кен тұтқындар офицер мен бөлім­ше командирінің оғына ұшты. Құрбан­дарға қатысты дерек әртүрлі. Соның ішінде ресмиінде: «46 адам өлді, 61 адам әртүрлі жарақат алды» дейді. Жараланған әскери – 40. 

Көтеріліске қатысқан 5200 тұт­қын­­ның тағдыры тығырыққа тірелді. Штаб­тың алты мүшесі ату жазасына кесілді. Кнопмус пен Келлер бірден атылды. Қалғанының жазасы 1955 жылы 25 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. К.Кузнецов «КарЛагта» жазасын өтеп, 1960 жы­лы мер­зімінен бұрын босады. 

Ал, белсенділік байқатқан 400 тұт­қын түрмеге тоғытылды, қолдаған 1 мыңы (500 әйел, 500 еркек) Магаданға, «Озерлагқа» жер аударылды. Деген­мен, бұл бас көтеру босқа кеткен жоқ.­ Көпшілігінің ісі қайта қаралып, «Степ­Лагта» 8 мың адам ақталып, бостандық алды. 
Дүниені дүр сілкіндірген «Кеңгір көте­рілісі» лагерь жүйесі күйреуінің басы болды. Келесі жылдан бас­тап­ бірте-бірте «Теректі», «Жезді», «Бай­қоңыр», «Спасск», «Кеңгір» бөлімшесі жа­былды. «СтепЛагтың» соңғы сағаты 1957 жылы соқты.
Тақырыпқа тұздық: 1954 жылғы мау­сымдағы мәліметке сүйенсек, «СтепЛагта» 2 660 орыс, 9 596 украин, 2 690 литвалық, 1074 латыш, 290 қа­зақ және сол кезде Кеңес Одағын ме­кендеген басқа ұлт пен ұлыс өкілі, соғыстан соң 2369 неміс, 1012 жапон, 103 австриялық, 630 венгр, 145 румын, 58 қытай ұсталған екен. 

Жезқазған жерінде азап лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылысы әлі сақталған.

Әлібек ӘБДІРАШ,

Қазақстан Журналистер одағы

 сыйлығының лауреаты

Соңғы жаңалықтар