Медицина • 14 Қыркүйек, 2017

БҰҰ Балалар қоры: Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек

746 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін дамыту. Еліміздің зияткерлік әлеуетінің болашағы үшін балаларға мектепке дейінгі сапалы білім беру мен балалардың қабілеттерін ерте жастан дамытудың қоғамдағы орны өте маңызды.

БҰҰ Балалар қоры: Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек

Психолог мамандардың айтуынша, бала тәрбиесінде денсаулық күтімі, дұрыс тамақтану мен психологиялық-әлеуметтік және танымдық даму үйлесімділікпен іске асырылуы қажет. Бұл – бала өміріндегі шешуші кезең ғана емес, оның келешек психологиялық дамуына негіз болады.  Осы жағдайды ескере отырып, педагогтар мен ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында балаларды ерте жастан дамытуға арналған тәрбиелеу мен оқыту үдерісін ұйымдастыру бойынша БҰҰ балалар қоры мен халықаралық және отандық тәуелсіз сарапшылар келелі жиын өткізді. Басқосуға қатысушылар балаларды ерте жастан дамытуды халықаралық стандарт негізінде дамыту бойынша жетістіктері мен ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғылықты жері мен әлеуметтік-экономикалық факторларға қарамастан барлық баланың сапалы қызметке қол жеткізудегі тең құқықтары туралы мәселе көтеріліп, ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру ісіне айрықша назар аударылды.

БҰҰ балалар қорының балалар денсаулығын сақтау және қорғау бойынша кеңесшісі Бетина Шветхельм балаларды ерте жастан дамытуға арналған тәрбиелеу мен оқытудың кешенді бағдарламасы қолға алынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, патронаттық жұмыстармен айналысатын команда әлеуметтік қамту алаңында жұмыс істейтін мамандар тобынан жасақталған. Олар балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, ата-аналарға жүйелі қолдау көрсетеді. Әзірге Қызылорда қаласында іске асырылып отырған қанатқақты жобаға жергілікті тұрғындар ерекше қызығушылық танытып отырған көрінеді.

– Қызылордадағы сапарымызда патронаттық тәрбие беріп отырған бес отбасында болдық. Жұмыс тобы денсаулық сақтау, бала күтімі, дұрыс тамақтану жөнінде жүйелі кеңестер берді. Мұндай қамқорлық отбасыларға ұнаған сыңайлы. Патронаттық жүйеде қамқорлық көрсету бала денсаулығына қатысты медициналық көмекті қажет ететін отбасыларға ғана емес, баланың толық дамуына бірден бір қажет дүние. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиесі бойынша Қазақстан Орталық Азия мен Шығыс Еуропада жетекші орында, – деген ол мұндай жұмыс істеу моделін ел аумағына кеңінен тарату мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді. Жаңа жобаны Қазақстан мен БҰҰ Балалар қоры бірлесіп іске асырып жатыр.

Туғаннан бастап үш жасқа дейінгі кезең – адам өмірінің ерекше сәті. Баланың дене бітімі мен ақыл-ойы, адамгершілік дамуының негізі қаланатын дәл осы жаста ересектердің балаларға беретін тәрбиесі мен білімі маңызды екені белгілі. Қазақстанда соңғы алты айда 3-5 жастағы балалар тәрбиесінде әкенің көңіл бөлуі 49 пайыздан 6 пайызға төмендеген болса, 1-14 жас аралығындағы балаларды күштеу шараларымен тәртіпке шақыру 49 пайыздан 52 пайызға артқан.

БҰҰ балалар қорының Балалар құқын қорғау бойынша үйлестірушісі Татьяна Адерихина нақ осы кезең бала дамуына ықпал ететін себепті, балалардың дене және психикалық дамуын толығымен қамтамасыз ететін кеңестер ата-аналарға ауадай қажет екендігін айтады.

– Біздің сарапшылардың ойынша, бала үш жасқа дейін отбасы тәрбиесін алуы керек. Осы себепті ата-аналардың дайындығын пысықтайтын бағдарлама қолға алынуы тиіс. Бала дамуындағы ерте жастан басталатын тәрбие мен күтімге байланысты ақпараттар аурухана, балабақша сияқты қоғамдық орындардан бастап, әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді әрі қазақстандық әр отбасы үшін тегін болғаны дұрыс. Мұның экономикалық тиімділігі де дәлелденген. Сонымен бірге бала тәрбиесінде әкенің рөлі маңызды. Әке ықыласы мен назары бала дамуында тепе-теңдікте ұстайды, – дейді Т. Адерихина.

Соңғы 5 жылда елдегі балабақшалар саны екі есеге артқанын, оның ішінде жекеменшік балабақша ұйымының үлесі 20 пайыздан астам екенін ескерсек, балабақшадағы күн тәртібі мен ойын ортасын құру мен ұйымдастырудағы гигиеналық жағдайлар, әртүрлі аурулардың алдын алу педагогикалық үдерістердің маңызды құрамдас бөліктері болып отыр. Бала бойындағы танымдық белсенділік, әлемге құштарлық, өзіне деген сенім, адамдарға мейірімді қарым-қатынас, шығармашылық мүмкіндіктер, жалпы өмірлік белсенділік сияқты шешуші қасиеттерді қалыптастыру үшін тәрбиешілер, педагогтар, ата-аналар белгілі бір қарым-қатынас түрлері арқылы ықпал етеді. Балаларды ерте жастан тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз ету алдағы уақытта нақты бағдарлама ретінде қолға алынбақ.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»