Әдебиет • 15 Қыркүйек, 2017

Көк аспаннан үзген жыр

507 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Түсінгенге: Теңіз де – шу, көк те шу,

Теңдік үшін сағат сайын беттесу.

Өлең жазу...

Өлмеу үшін күресіп,

Мұз кеміріп,

Өмір үшін от кешу.

Нұрлан Оразалин 

 

Көк аспаннан үзген жыр

Ертегідей ерте көктем...
Анам мені еркелеткен,
Әкем маған тай мінгізіп,
Қиялымды көркем еткен.
Ертегідей ерте көктем...
Әжем мені еркелеткен,
Атам маған аңыз айтып,
Өмірімді ертегі еткен.

Артында шиыр-шиыр жол қалған, өмірдің өрі мен ылдиын кезек көріп, байыпты жасқа жеткенде ақын осы өлеңді оқыса, сол алғашқы көңіл, сезім басқа сағынышқа толы даусымен ертегі көктемін еске алар еді. Еш өзгермеген, селкеу түспеген, ен­ді­гі өмірде қиялға көркем көшкен ерте көк­темнің сағынышы мен ынтықтырып қо­яр сиқыры ғана жаныңды шымшып өте шығатыны болмаса, бәрі баяғыдай көрінеді. Едәуір жерге ұзап кеткен уақыт ара­лығы мұндай кезде еш білінбей, күні кеше ғана өткен оқиғадай әсер бергенде уақыт пен өмір туралы көзқарасыңның бірдемде өзгеріп шыға келетіні бар. Қанша мезгіл өтсе де, көңіл толқытар өлең болып қала алғандығын ойлағанда, жыр деген мәңгілік сарын екенін ұғасың. Соңғы сыншы уақыт деп жүргенде, сол ағзамның өзі ескіртпей тұрған өлең деген – сезім шығар, бәлкім. Ол (поэзия) дидактика, патетика, декларация болып өмір ағысында өзіне өзектесіп келе жатқан қасиеттерді толық мойындай алған жоқ. «Ақындар әртүрлі болуы керек» (Блок) дегесін, өлең де сонша түрлі болады. Бұл мазмұн байлығы, форма алуандығы, ойлаудың оқшау түрлеріне қарата айтылған сөз. Әйтпесе өлең табиғаты таза, мөлдір қалпын, кейде сөзбен түсіндіруге келмей, ой азабына салып қоятын таңғажайып құбылыс. Жа­ра­тылыс атаулының бар сұлулығы мен сым­баты, сыртқы қалыбы ғана емес, әр­бір жанды, жансыз дүниелердің құ­пия­ла­рын поэзиядан артық түсінетін жанр жоқ сияқты әсер береді. Ақын тура­лы көптеген анықтамалардың айтылып жүр­ге­ні сондықтан болар. Бірақ сол көп­теген тұ­жырымдарға өлең жазғанның бәрі лай­ықты деп кесіп айта алмайсың. Оңай ай­та салған сөзден кейде астар іздеп, қазы­мыр­ланып кететініміз секілді, рухани тәжі­р­биемен, ұзақ уақыт ойланумен келген ше­шім­дерді оңай түсіне салғымыз келеді. Қай сөздің қалай айтылғанын тек сезіне білу керек шығар.

Ақын Нұрлан Оразалиннің шығарма­шы­лығы туралы, алғашқы жинағы – «Бей­маза көңілден» бастап осы уақытқа дей­ін сөз алмаған қазақ қаламгерлері си­рек. Тұманбай Молдағалиевтен бас­тап, қазақ көркем сөзінің зергерлеріне ай­на­лған классиктеріміздің бәрі жылы ле­біз, ықылыстарын арнаған. Бірақ оның бәрі өздерінің талғамындағы – Нұр­лан Оразалин. Енді кемі екі-үш том­ға жүк болар талдау, мақтау, саралау ма­қалалардан кейін ешкімге пікіріңді жық­пай, өз ақыныңды табу да қиын. Жетпіс жасқа келген Нұрлан Оразалин ғұ­мырының жартысынан көбі ат үстінде келеді.Таптаурын ба әлде басқалай да себе­бі бар ма, басшылық қызметте жүрген көп қаламгерлердің шығармалары жас­тар тарапынан кейде оқылмай қалып жа­тады. Әлде өздерінің де қарбалас тір­лік­пен жастардың ортасында жиі бо­луға қолы тимей жата ма екен? Оның нақ­ты себебін де айта алмаспыз. Студент күні­міз­­де: «Атағы жоқ Есениндер... Жын қыс­­қан... Жаңғырады жатақхана өлеңі. Ме­­нің жиырма жасым мұң құшқан, түн ор­та­сы көше бойлап келеді» деп келетін өлең­ін жаттап, шимай дәптеріміздің әр жеріне қайта-қайта көшіріп жазып қо­яр едік. Соғыстан соң туғандармен Әб­ді­­ра­штың Жарасқаны арқылы табысқан ша­ғы­мызда өзімізді «жын қысқан... Ата­ғы жоқ Есениндер...» сезініп жүрген болар­мыз, бәлкім. Біздің де жиырма жасы­мыз «дау­ылдатып, жауындатып келе жат­қан­дай» алаңғасар күйде күткендейміз. Бі­рақ олай бола қойған ештеңесі жоқ еді. Ен­­ді ақын ғана емес, қоғам және мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалиннің өлең әле­мі­не қайта бас қойғанда, ақындық ғұ­мы­рын бәрінен оқшау алып қарай алуға жа­­рау­ды ғана ойлайсың. Сонау 1962 жы­лы жазған өлеңінде ақынның өмірлік ұс­та­нымдары мен мақсат-мұраттары жат­қа­нын ойлайсың.

...Құлагердің шабысындай шабысты,
тау суының ағысындай ағысты,
азамат боп ер жетуді ойлаймын,
түбі соған бір жетемін қоймаймын.
Жүрегімде – туған жердің гүл өңі,
аталар мен аналардың тілегі.
Асқары көп, арманы көп шақырар
туған елдің болсамшы бір түлегі...

Оның қайраткер болмысы осы жас күнінен бойында бар. Азаматтық, батыл­дық, мәдениетті болмысы поэзиясынан еседі. Әдебиетке жасаған алғашқы қадам­да­ры­нан бастап, күні бүгінге дейінгі жырларында күрескерлік рух сезіледі. Ол кү­рес – ең алдымен өзімен күрес. Өйткені ақын үшін қашанда өлең бірінші орында тұр­ды.

Тербе, шаттық!
Тербе, мұң!
Жыр тумаса – өлгенім...
Сөзім – ауыр, шер – демім...
Мені тастай көрмегін!
Шаттыққа әркім-ақ қуана алады ғой 
Бі­рақ мұңға «мені тербе, маған кел» деуі өлең үшін емей, немене? Бұл – сенім сөзі. Ақын­дық жолға, болашаққа деген сенім. Ен­дігі жазылар жыр, айтылар сыр кәдеге ж­араса, өлең боп қана жарамақ. 

Естимісің!
Күлкімді, мұңымды аспан,
Менің мына кеудемнен бір үн қашқан.
Кезіп жүрген жоқ па екен, айтыңдаршы,
Жұлдыздардың арасын жымыңдасқан?!

Бозала кеш, боз таңда сыр аулаған,
Қыр аунаған, көзіңде жыр аунаған,
Түстік жақты бетке алып кетті ме екен,
Тырналардың көшімен тыраулаған?!
Ақын сөзін, жырын осылай іздейді. 
Тіп­ті өзін де. Ғапыл дүниедегі сырын сақ­тар, мұңын шертер өлеңі ғана болса, оны із­де­мегенде қайтеді?! Ақын поэ­зия­сын­да өлең өлшемге айналған. Әр ақын­ның шы­ғармашылығында өлең тура­лы өлең мо­лынан кездеседі. Бірақ оны ақын өзі қалай бағалайды, не деп ұғады, со­ған көп нәрсе байланысты. Ес біліп, етек жиғалы Нұрлан Оразалин үшін өлең – серігі ғана емес, елдің үмітін, сенімін ақ­тар қасиетті жолы. «Айналайын, өлеңім, се­ні іздеумен келемін» деп ылғи қаламына қа­рап, сенімін сақтап отыратын ақынның сүйе­н­дім, сүйдім деген серті – өлең. 
Қара, досым, көктем кепті қалаға,

Құстар кепті...
Қалай ғана сезбегем?!
Құйылардай көктен бір күй санаға,
Қызғанардай қайың бүрін өзгеден.

...Мына көктем өзгешелеу өзгеден,
Жыр ма жаңа?
Менің күткен жасым ба?!
Кеудем толқып, аспанымды кезді өлең,
Тізгін бермей ақ жаңбырға, жасынға.
Сол өзгеше көктемінде кеудесін тол­қыт­қан, санасын жаңғыртқан күйі, жыры өмірдің ақ жаңбырындай таза, адал, жасынындай қызу қалпында оқырмандарымен ұдайы танысып, табысып келеді. Он томдық шығармалар жинағындағы «Сырнайлы шақ» бөліміндегі өлеңдері жастық дәу­ре­нінде жазылса да, ескірмейтін, сазды ға­зал­дардай арбайды. Бұл өлең деген ға­жай­ыптың жаспен өлшенбейтінін тағы бір есі­мізге салады. 
Отыз жасынан былайғы өлеңдерінде, бай­қасақ, досқа наз, замандасқа өкпе, ре­ніш сияқты көңіл толқындары аралас­қан. Бұл да өлеңді өмірден бөліп ала алмай­тын­ды­ғыңнан болса керек. Ондай құбылыс ақын­­ның бәрінде жолығады. Демек, өлең­нен белгілі дәрежеде жеке өмірді де көруге болады. Бірақ оған ақынның өзінің көңілі тола қояр ма? Уақыт өткен сайын бәрібір өткен күнің қандай болса да жақсы, бейбіт көріне береті несі екен?

Ойлайтын бас қамын,
Ескі сурет –
Басқа жандар, басқа күн,
Күлген, бірге жылаған,
Тұрған, бірге құлаған,
Керегеден сәл мұңайып тұр қарап,
Жүрегімді жұлмалап...
Нұрлан Оразалиннің шығар­ма­шы­лы­ғында әртүрлі ізденістер болды. Тол­ғау, дастан, поэма, циклды жырлар, пьеса, ма­қа­лалар да көптеп жазылды. Бүкіл шы­ғар­ма­шылығының өне бойындағы мә­де­ни­ет пен адамгершіліктен айырылған жоқ. Бі­рақ осы жасына жеткенде жоғалтқаны да аз болмауы керек. Әйтпесе керегедегі су­рет жүрегін жұлмалап, сәл мұңайып тұр­мас еді ғой.

Өкпелімін мас болып өз деміме,
Өзгеріп кеткен кейбір кездеріме,
Қабағына қарамай адал достың,
Артық кетіп, кем айтқан сөздеріме,
Өзімді өзім жоғалтқан кездеріме.
Басқа ешкімге емес! Өзіне ғана! Осылай ақын адам біткеннің бәрін түсінуге, ұғу­ға талпынады. Асылында, түсініссең – адам­ның жаманы жоқ. Нашар деген адам­ның тү­сініскенде – жақсы кісі, түсі­ні­­се алмасаң, жақ­сы адамның өзі – жаман. Дү­ниенің ба­қы­ты осы тіл табысуда, тү­сі­ні­суде сияқты. Бұл – ақын Нұрлан Ора­за­линның өмірдегі бір кредосы.

Ақын өз өмірімен қабаттаса келген қазақ тіршілігіндегі бар құбылысты жыр­лауға тырысты. Жастық жалынынан өт­кен­нен кейін салқын ақылға орын берді. Осы жасқа жеткенше көрген, түйгенін қа­­лай да өлең ғып жазды. Ақындық мұ­ра­ты сол деп ұқты. «...Атын айтып қа­зақ пе­нен Құдайдың, кең даламның аман­ды­ғын сұраймын» деп елдің ертеңі ту­ра­лы көбірек толғанатын кезге аяқ бас­қа­­нымызды аңдатады. Шығармашылық кө­ңіл күй, шабыт әлі де тыныстай береді. Ар­тына қарап, неше толқын боп ілесіп ке­ле жатқан ұрпаққа қарата ақынның айтар сө­зі көп әлі. Тілегі біреу ғана: «Қабыл ал­шы, ой-кәдеңе жараса, көк аспаннан үз­ген жыр».

* * *
Өмір сапарыңда талай тауқыметті бастан кешірмей, бар дүниенің қуанышы мен мұңын толық сезінбей тұрып, өмір, қуаныш, мұң туралы айту неткен қиын. Бір басыңа же­т­ерлік тағдырдың неше алуан сыйын то­лық түсініп, сезініп болғанша, өзгенің қай­ғы-шаттығына ортақтасып күн кеше б­е­ресің. Бұл жағынан алғанда «жан қайда әді­летті іздейтұғын, адамшылық атақты көздейтұғын, тірлік пен өлген күнді бірдей ойлап, екі жәйдан күдерді үзбейтұғын» деп он алты жасында екі дүниенің барақатын бір­дей ойлаған Сұлтанмахмұтқа, расымен, таң­ғаласың ғой... Дәл бүгін бірімізден-бі­рі­міз қалмай көсемсіп, шешенсіп жүр­ген­де ұлтшылдығымыз жалған ұранға, әлеу­мет­шілдігіміз әумесерлікке ұласып кетіп жат­қан жоқ па? «Жасқа жас, ойға кәрі» дең­гейі­не шақ болмыстың иесі болмаған соң, жал­ғандыққа жиі ұрынуың да ғажап емес. 

Поэзия туралы толғаныстың бәрі шы­найы, пәк, терең деп айта аламыз ба, жоқ па деген сауал осы жерде санаңда қы­лаң береді. Шайырлардан рухани мұ­ра болып қалған ғазалдардағы өмір көрі­ні­сін, қуанышын, шаттығын, махаббатын, достығын өз талғам деңгейімізге, са­на­мыз­ға шақ қана түсінетіндейміз. Ішкі маз­мұны одан да терең, мың қатпарлы бол­са да, ақылымыз аңдаған, қиялымыз жет­кен жерге дейін ғана қабылдаймыз. Сон­да біз ақын біткенді толық түсіне ал­май жүрміз бе? Бәлкім, ол заңды да шы­ғар. «Тас түс­кен жеріне ауыр» болса, айна­ла­сын­да­ғы­лар оны қалай сезінсін. Әр ақын­ның шы­ғармашылық әлеміндегі жан тол­қытар бар сезім пропорцияны қа­таң сақ­тап қана жү­р­егімізге жетеді екен. Ен­де­ше, ақын туралы жазуға талпынғанда, Құдай жүрек көзіңді ашсын!

P.S.
Өз құпиям...
Өз сырым...
Өз жұмбағым...
Өз өмірім – тағдырым, өз құндағым.
Ұрлай көрме, Уақыт, өтінемін,
Кеудемдегі Сезім мен сөздің бағын.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы