Футбол • 15 Қыркүйек, 2017

Фран Эскриба: «Астана» алғашқы жарты сағатта басым болды

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Вильярреал» командасының бас бапкері Фран Эскриба Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Астанаға» қарсы өткен ойын жайлы пікір білдірді.

 

Фран Эскриба: «Астана» алғашқы жарты сағатта басым болды

­- Матчтан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

- Шыны керек, біртүрлі күйде қалып отырмын. Әрине, матчтың біз үшін ойдағыдай аяқталғаны қуантады. Бірақ ойынның алғашқы 25 минутында қарсыластарымыз бізді өз алаңымызда қыспаққа алумен болды. Олардың басымдығын осы кезде анық байқадық. Командамдағы жігіттер бірнеше қателікке бой алдырды. Дегенмен, үш ұпай алғанымызға қуанып отырмын.

- Бүгін командада бірнеше маңызды ойыншы алаңға шыға алмады. Бакамбу, Бакка, Черышев матчты қосалқы құрамнан бастады. Сіз «Астананы» екінші құраммен жеңемін деп ойладыңыз ба?

- Ондай ойдан аулақпын. «Астананы» қатты сыйлаймын. Бұл ойында алаңға дайын ойыншыларды жөн санадым.

- Бүгінгі ойында «Вильярреал» жақсы қырынан көрінуі керек еді. Сіздің ойыңызша, «Астана» бүгін жақсы ойнады ма, әлде командаңыз әдеттегіден осалдау болды ма?

- Ең басты қателігіміз – доптан жиі айырылып, көбірек иелік ете алмадық. «Астана» өте жақсы команда. Ал біздің көбірек гол соғатын мүмкіндігіміз болған. Бірақ бұл ойымызды ойын соңына таман жүзеге асыра білдік.

- Сіз «Астананың» ойындарына талдау жасадыңыз. Қазақстандықтардың үш жыл бұрынғы ойынын қайта көріп шыққаныңыз да анық. Сол ойынға қарағанда «Астана» күшейді деп ойлайсыз ба? Қарсыластарыңызды үш қорғаушымен ойнағаны сіздер үшін күтпеген жайт болды ма?

- Шыны керек, «Астананы» қорғанысқа бес жігітті жауапты ете ме деп ойладық. Қарсыласымыз сауатты қорғанып, бізге біраз қиындық тудырды. «Маккаби» мен «Славияға» қарсы ойында бәрі басқаша болады деп ойлаймын. Екінші сұраққа келер болсам, үш жыл бұрын мен «Вильярреалда» емес едім. Бірақ «Астананың» жылдан жылға дамып жатқанын ерекше атап өткім келеді.

­- Черышевтің алаңға шығуы туралы ойыңызды білдіріп өтіңізші.

- Черышевтің жарақатынан айығып, қатарға қосылуы біз үшін жақсы жаңалық.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»