Парламент • 15 Қыркүйек, 2017

Отандық өндіріске қолдау білдіру сұралған еді

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясы аяқталу қарсаңында сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, еліміздің азаматтық қорғанысы бойынша өзекті мәселе көтерген еді. 

Отандық өндіріске қолдау білдіру сұралған еді

Атап айтқанда, кезекті парламенттік тыңдауда «Уральскагрореммаш» акционерлік қоғамының өкілдері республиканың арнайы автомобиль техникасымен, соның ішінде, өртке қарсы қызмет машиналарымен қамтылу деңгейінің төмендігі (32 %) туралы мәселе көтергені көрсетіліп, машина жасау саласында мамандандырылған автотехника өндірісін кеңейту мәселесіне мән беруді сұраған. Әзірге бізде қабылданған нормативтік-құқықтық актілер мен оның жекелеген ережелері машина жасау кәсіпорындарының бірі болып отырған аталмыш кәсіпорынның жұмысын мына себептермен шектейді екен: 

1. «Уральскагрореммаш» ак­цио­нерлік қоғамы Қазақстан Респуб­ликасы Инвестициялар және даму ми­нистрлігімен моторлы көлік жаб­дықтарын жинау туралы келісімнің болмауына байланысты кәдеге жарату құрастырулары үшін өтемақы ала алмай отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасы 2014 жылдан бастап жаңа келісімдер жасауға құқығы жоқ екен. Соның нәтижесінде отандық кәсіпорын шетелдік өнім берушілермен теңестірілген және сол арқылы өз өнімінің бағасын бәсекеге қабілетсіз деңгейге жеткізуге мәжбүр. Егер кейбір кәсіпорындар мемлекеттік жеңілдіктерді пайдаланса, екіншісінің ондай мүмкіндігі жоқ. Бұл – Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің жекелеген ережелеріне де қайшы келеді. ЕурАзЭҚ Комиссиясымен келісілген келісімді ресімдеу немесе Экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандыру ережелеріне өзгерістер енгізу бұл мәселені шешуге мүмкіндік берер еді. 

2. 2016 жылдан бері Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттерге арналған жаңа Мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылатын сатып алуларда өндірістің нормативтік технологиялық мерзімінің ескерілмеуі машина жасаушылардың тағы бір маңызды мәселесі болып отыр. Ол – жеткізу мерзімінің 60 күннен 15 күнге дейін қысқартылуы. Мерзімнің бұлай қысқартылуы автошассиды бір мезгілде сатып алуды, арнайы техниканы дайындауды және дайын өнімді тапсырыс берушіге тиеуді қиындатады. Осыған байланысты С.Еңсегенов Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан рес­публикада мамандандырылған автотехниканы өндіруді кеңейтуге және оның өндірісін қолдауға байланысты мәселені жан-жақты қарастыру шараларын жасау­ды ұсынған. Бұл сауалға Еңсегеновты қолдап бірнеше сенатор қол қойған еді.

Сол сауалға мынадай жауап келді. «2014 жылы Инвестициялар және даму министрлігі (ИДМ) 2021 жылға дейін қолданыста болатын арнайы техника бойынша Моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы 3 келісімді «Камаз-Инжиниринг» АҚ, «Hyundai Trans Auto» ЖШС-мен және «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-мен жасады. ИДМ-нің ақпараты бойынша «Уральскагрореммаш» АҚ-тан келісім жасау туралы өтінім түскен жоқ. Сонымен бірге, Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 72 шешіміне сәйкес Қазақстанның 2014 жылдан бастап жаңа келісімдерді жасасуға құқығы жоқ. Сондай-ақ Қазақстан 2015 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше, оның талаптарының бірі барлық мүше-мемлекеттер үшін жаңа келісімдерді жасасуға тыйым салу болып табылады. Осыған байланысты №72 шешімге өзгерістер енгізу мүмкін емес. Өз кезегінде Экологиялық таза көлік құралдарын өндіруді ынталандыру қағидалары келісімді басқа да талаптарға алмастыру бөлігіне өзгерістер енгізу, оның ішінде шетелдік компанияларға Қазақстанның нарығына кіруге және мемлекет тарапынан жеңілдіктер алуға мүмкіндік береді. Қалыптасқан ахуалдан шығу жолы – келісімі бар өндірушілермен «Уральскагрореммаш» АҚ-тың өнеркәсіптік кооперациясын ұйымдастыру. Мұндай тәжірибиені «Петропавл ауыр машина жасау зау­ыты» АҚ пайдаланып, «Камаз-Ин­жи­ниринг» АҚ-тан шассиді сатып алып отыр. Бүгінгі күні шасси өндіруді «Камаз-Инжиниринг» АҚ, «Hyundai Trans Auto» ЖШС, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС және «СемАЗ» ЖШС жүзеге асырады. Өндірушілердің ақпараты бо­йын­ша отандық өндірістің шасси құны шетелдіктен кәдеге жарату алымын есепке алмағанда 2-3%-ға, кәдеге жарату алымын ескергенде 13-15%-ға арзан. 

ДСҰ шеңберінде әрекет ететін Мемле­кеттік сатып алу келісіміне сәйкес жеткізу күнін айқындаған кезде, болжамды сатып алудың күрделілігі, шарттардың көлемі, өндіру және тауарларды тасымалдау үшін нақты қажетті уақыт сияқты факторлар ескерілген. Бұл келісім жеткізу мерзімдерінің қандай да бір қысқаруын көздейтін ережелерді қарастырмаған. Директорлар кеңесінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен бекітілген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидаларында тауарларды жеткізудің нақты мерзімдері көрсетілмеген».
Міне, Үкіметтің жауабы осындай болған екен. 

Әзірлеген 
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»