Кино • 15 Қыркүйек, 2017

Жас толқынның жаңа туындысы

371 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы он бес-жиырма жыл­да Қазақстанның телеарналарында үндінің, түріктің, қытай мен басқа да елдердің телехикаялары көптеп көрсетілді. Бұл телехикаялар кө­рер­­­мендерімізді жай қы­зық­тырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол елдердің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін санамызға сіңіріп, насихаттады; ұғым-түсінігімізге, дү­ниетанымымызға айтар­лықтай әсер етті. Мұны жасырмай, мойындау керек.

 

Жас толқынның жаңа туындысы

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Міне, осындай жағдайда қазақ хал­қының ұлттық ерек­ше­лігін, өткен тарихы мен салт-дәстүрін, мәдени-рухани жетіс­­тіктерін көрсететін, сон­дай-ақ,­ ­ кейбір адам­­гершілік-рухани мәсе­ле­лері­мізді де көтеретін қызықты да тар­­тымды өз телесериалда­рымыз барын­ша аз болып кел­ген еді. Дегенмен, кейінгі уақытта Қазақстан телеарналары бұл тақырыпқа айрықша көңіл аударып, халқымыздың бүгінгі шынайы ұлттық-рухани мәсе­лелеріне негізделген телесе­риалдарды көбейте бастады. Солардың бірі – жақын­да ға­на «Хабар» телеарнасы­нан көрсетіле бастаған «Қа­рия» телехикаясы. Жаңа телехи­кая­ның алдын ала көрсетілімі, яғни тұсаукесері Алматы қала­сындағы кинотеатрлардың бі­рін­де өткен еді. Тұсаукесерді «Хабар» агент­тігі төрағасының орынбасары Ри­нат Кертаев ашып, телехикаяны тү­сі­руге қатысқан шығармашылық топ ортаға шығып, көрермендермен ой­ бөлісті. Басқосуда телехи­каяның ал­ғаш­қы екі бөлімін тамашалаған кө­рермен қауым жаңа туынды туралы өздерінің жылы пікірлерін білдірді. Теле­арнадан көрсетіле бас­тағаннан бері де бұл жөні­нен жұртшылықтан үнемі жақ­сы лебіз естіп жүрміз. «Қа­рия» телехикаясының жұрт­шы­лық­тың мұн­дай риза­шылығына бө­ленуінің бірнеше се­бебі бар.

Ең алдымен, телехикая хал­қы­мыз ежел­ден қасиетті санай­тын отбасы құн­дылығына ар­­­нал­ған. Яғни қазақ атамза­маннан бері отбасының қа­рашаңырағын айрықша қадір тұт­қан, әркім өз ата-ана­сын барынша құрметтеп, оларды қар­тайған шағында алақандарына салып, бағып, күткен. Сан ға­сырлар бойы еш­­қан­дай сызат түс­пеген осы жақсы дәс­­түр соңғы уақытта «сыр беріп», бұ­зыла бастағандай. Бұған қазіргі кезде қарттар үйінің айтарлықтай көбеюі айқын дәлел. Айдың-күннің аманын­да қар­тайған әке-шешесін кү­тіп-бағудан бас тартып, қарт­тар үйіне өткізушілер кез­де­сетін болған. Тіпті, қарттар үйі­не өт­кізбесе де, ата-анасынан безі­ніп те­ріс қарап кеткендер де аз емес. Неге бұ­лай? Бұл сұ­рақ кімді де болса ойланды­рады. «Қария» телехикаясы осындай сұрақ­тарға жауап іздейді, оның себеп-салдарын ашуға тырысады.

Сондай-ақ, кез келген ки­но­­туын­­дының сәтті шығуы – басты рөлдерді орындайтын актерлерге де байланыс­ты. «Қария» телехикаясына­ елімізге жақ­сы танымал Ба­уыр­жан Қаптағай, Дос­жан Жан­ботаев бастаған біраз өнер қай­раткерлері түскен. Бұл да те­ле­хи­каяның жұртшылық жүрегіне жол та­буына ықпал еткені даусыз.

Осыған орай, телехикая­да басты рөл­дердің бірін орын­даған белгілі әнші Ай­қын Тө­­леп­берген туралы да бір-екі­­ ауыз сөз. Соңғы уақытта жұрт­шылық арасында жас әншілеріміз жеңіл-желпі хабарлар мен арзан той-думан, шоуға тым әуес болып, шынайы өнердің қадірін ке­тіріп ба­рады деген сын-пікірлер жиі айтылып жүр. Міне,­ осын­­дай жағдайда Айқын Төлеп­бер­ген­нің «Қария» телехикая­сында мүлдем жаңа қы­рынан көрініп, барынша сал­мақты, салиқалы кейіпкерді сом­дауы шын көңілден ри­за­­шылық тудырады. Бұл жаңа­лық бас­қа әншілерімізге де үл­гі-өнеге бол­­са дейміз.

Әрине, кез келген кино­туын­­ды­ның көркемдік сапасы шы­ғар­ма­шы­­лық топ­қа тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде, бұл те­ле­хи­кая­ның сценарийін жа­зып, түсіріп, көгілдір экранға дайын­даған­дардың бәрі дерлік жастар екендігін айта кеткен жөн. Мысалы, телехикаяның бас режиссері Асхат Мұсабай – әлі отыз­ға да толмаған, киносаласына енді ғана кел­­ген жаңа толқынның өкілі. Ал­ғаш­­­­қы қадамының сәтті басталуы жас­ ре­жис­сердің болашағынан үлкен үміт күт­тіреді.­­

Телехикаяның бас продю­сері Нұр­жайна Жұма­діллаева да кейінгі буынның қатарына жатады. Ол осыдан бес жылдай ғана бұрын Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын­ кинотеледраматургия маман­дығы бойынша бітірген еді. Кешегі шәкір­ті­міздің сол бе­йім­ділігі мен қабілетін те­лехи­каяны түсіру барысында бү­гін жан-жақты жарыққа шы­ғарғаны анық байқалады. Телехикаяның бас операторы Ернұр Рысбай да тура осындай жолдан өткен. «Қария» телехикаясын түсірген шығар­машылық топтың басым көп­шілігі осы Т. Жүргенов атын­дағы Өнер академияның түлек­тері екендігі де қуантады.

Әрине, «Қария» телехи­кая­сының түсі­рілімін­де еш­қандай мін жоқ, деп айт­сақ, тым артық болар еді. Әсі­­ресе, кино мамандары ­мен­ сыншылардың көзімен қарағанда, телехикаяның жетілдіруді, болашақ жаңа шы­­­ғармаларда ескеруді қажет ететін тұстары да бар. Бұл –­ заң­ды да. Өнер саласында еш­кімнің де биікке бірден көтеріле алмайтыны баршаға мәлім. Бәрі де алғашқы қада­мнан, нартәуекел деп кіріскен ізденуден басталады. «Қария» телехикаясын түсірген жастар да осындай батыл қадамға барған екен, олардың осы талабын қолдап, қамқорлық көрсете білуіміз керек. Сондай жағдайда бола­шақта көрермен көңілінен шы­ғып, өзге елдердің телехикаяла­рымен бәсекеге түсе алатын көркем дүниелеріміз көбейе түспек. 
«Хабар» агенттігі мен бас­­­­қа да телеарналар алда­ғы уа­қытта да қабілетті жас­тар­ға осы­лай сенім артып, олар­дың шығармашылық мүм­кін­дік­терін жарыққа шығаруға демеу бола береді деп сенеміз.

Ғарифолла Есім, академик:
– Кез келген қазақ қариясы үшін отбасы, ағайын-туыс пен дос-жаранның ортасында сыйлы болу абырой. Төрден түспей, сы­йын кетірмей, әдемі қартаю бақыт. Бірақ барлық қарттарымыз мұндай абыройға жетіп, мұндай бақытқа бөленіп жатыр деп айта алмаймыз. Неге? Өйткені, қарияның жасын құрметтеу, ғұмырлық тәлімін сыйлау азайып бара жатқандай. Мұндай ұлттық ұғымдарды бүгінгі ұрпаққа сіңіру кемшін түсіп барады. Соның бір көрінісін таяуда ғана «Хабар» арнасында тұсауы кесілген «Қария» фильмінен аңғардық. 

Фильм авторлары қазақ қоғамына, қазақы болмысымызға жат қарттар үйін­дегі қым-қуыт тіршілікті көрсеткен. Ар­тында қалған ұрпағының аялауы мен қамқорлығын сарыла күткен ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың тағдырын суреттеген. Осындай қариялардың өмірі арқылы қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірін көрсетуге тырысқан. Жаңа туындының жұрт­шылық жүрегіне жол тауып, көпшілік көңілінен шығуы осы тақырыпты қауза­уында болса керек. 

Қарт кісіні қадірле, өзің де қарт болар­сың. Шығыстың шоқтығы биік тұлғасы Абай Құнанбаев өзінің шығармаларында педагогикалық көзқарасын білдіріп, үлкенді сыйлауды даналықпен жеткізіп отырған. Адамның адамгершілік сапасы үлкенді құрметтеуден, ата-анаға бойұсынудан бастау алатындығын алға тартты. Ата-ана алдындағы перзентінің парызы һәм қарызы немен өлшенетіндігінің формуласын жасап берді. Өзекті өрттей шарпыған осы мәселеге, «Хабар» ерекше ден қойыпты. Көрерменге жол тартқан «Қария» фильмінен бүгінгі өмірдің аянышты көрінісін аңғаруға болады. Қарттар үйінде түсірілімнің жасалуы өте орынды болған. Осыдан 20 жылғы бұрынғы қарттар үйімен бүгінгі хәлін салыстыруға болмайды. Ол шақта қазақ қариялары бірен-саран болатын. Тіпті кездеспейтін. Ал қазір қалай? Өз ата-анасынан жиренген баладан не күтуге болады?.. Біз рухы мықты ұрпақ тәр­биелеуіміз үшін қоғамдық сананы қа­лыптастыратын идеологиялық осындай жұмыстарды ұдайы жасауымыз керек. 
 

Амангелді Кеңшілікұлы,
сыншы, Мұқағали Мақатаев сыйлығының лауреаты: 

– «Хабар» телеарнасынан «Қария» атты сериалды қарап жүрмін. Кинотуынды көңілімнен шықты. Біз осы күнге дейін корей, түрік, орыс сериалдарын қызықтап келген болатынбыз. Соңғы уақыттары қазақ киногерлері, режиссерлері де ха­лық өміріне жақын сериалдар түсіріп, әлеу­меттік мәселелерді көтеруде. Бұл өте жақ­сы үрдіс. 

Телехикаяда қоғамымыздың бітеу жарасына айналған өткір мәселе қозғалған. Бұрын-соңды қазақ қоғамында болмаған келеңсіз құбылыс – егде тартқан қария­ларды балаларының қарттар үйіне апарып тастайтыны туралы айтып та, жазып­ та жүрміз. Енді айта-айта жауыр бол­ған тақырыпқа киноның көзімен үңілгенде ол адамға өзгеше әсер сыйлайды екен. Әсіресе, тұрмыс-тіршілігі жақсы балалардың өз ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жіберетіні – қорқынышты құбылыс. Осы ретте айтсақ «Қария» – «Хабар» телеарнасы дайындаған, бүгінгі қоғамға өте керекті, сәтті шыққан жобалардың бірі. 

Таяуда Түркияда болғанымда сондағы азаматтармен сөйлесіп, түрлі-түрлі та­қырыптарды тілге тиек еттік. Бір таң қал­ғаным, 80 миллиондай тұрғыны бар елде қариялар мәселесі деген мүлде жоқ көрінеді, өйткені, әкесін немесе шешесін ондай үйге апарып тастау түріктер үшін қылмыспен парапар іс болып саналады. Ата-анаға зор құрмет көрсетіп, оны аялап өту баланың Алла алдындағы адамдық парызы. Бұрын бізде мұндай келеңсіздік болған емес. Яғни осының бәрі өзге мәдениеттің дендеп, рухымыздың әлсіреуі. Бір ұсынысым – осы мәселе «Қария» телехикаясында жан-жақты ашыла түссе нұр үстіне нұр болар еді. Сериалдың жалғасын көргіміз келіп, қызығып отырмыз. 

«Қария» арқылы қазақ киногерлері мыңдаған көрерменге ой салады деп ойлаймын. Елбасымыз рухани жаңғыру мәселесін жақсы қозғады. Қоғамда қордаланып қалған, түйіні шешілмей жүрген әлеуметтік мәселелерді көрсетіп, оны шешудің жолын тапқанда ғана біздің санамыз жаңара түсіп, рухымыз жаңғырады.

Соңғы жаңалықтар