18 Қыркүйек, 2017

Британ музейі: Көшпелі сақтардың мәдениеті

2537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Лондондағы Британ музейінде 14 қыркүйек күні «Сақтар: Көне Сібір жауынгерлері» атты көрме ашылды. «Көрме сақтардың құпияға толы мәдениеті болғанын анық көрсетеді» деп жазады Theguardian басылымы.

Британ музейі: Көшпелі сақтардың мәдениеті

Бұғы бейнеленген алтын тақта, © Эрмитаж, Санкт-Петербург

«Біздің есімізде Сібір жері климаты қатал, сүйектен өтетін суықтығымен бейнеленген. Британ музейінде өтетін осынау көрме қаңыраған атырап туралы дақпыртты жоққа шығарады. Сібір драмаға толы, кейде алтын мен теріден жасалған көздің жауын алар бұйымдарымен еліктірсе, 2 жарым мың жылдан астам уақыт сақталған жылқы мен бұлан бейнесі өмірді одан сайын сиқырлы ете түседі», деп жазады басылым.

Әйелдің былғары аяқ киімі. Алтын, пирит кристаллдары, қалайымен сәнделген, б.з.д VI-III ғ
Әйелдің былғары аяқ киімі. Алтын, пирит кристаллдары, қалайымен сәнделген, б.з.д IV-III ғасыр, © Эрмитаж, Санкт-Петербург

Мақалада сақтардың қоғамдық құрылысы мен мәдениеті туралы Геродоттың еңбектерінде кездесетінін, тарихшының сайын далада 500 жылдай үстемдік еткен сақтардың шығу тегі мен орналасуы туралы құнды мәліметтер қалдырғаны туралы айтылады. Сонымен бірге көрмеге қола мен алтыннан, сүйектен, мүйізден, темірден, киізден жасалған жәдігерлердің қойылған айта келе, «Көрме сақтардың құпияға толы мәдениеті болғанын анық көрсетеді. Мәселен, ерлердің сәулеткерлікпен ұштасатын қару-жарағынан жауынгерлік үрдіс қана емес, жеңіл әзіл де байқалады», деп толықтырады.

Сақ жауынгері бейнеленген алтын тақта, б.з.д IV ғасырдың II жартысы
Сақ жауынгері бейнеленген алтын тақта, б.з.д IV ғасырдың II жартысы, © Эрмитаж, Санкт-Петербург

«Ресейліктер Сібірді жабайы орынға балап жүрген уақта, мына нысандар бұл идеяны жоққа шығарды. Сақ мәдениетінің құнды жәдігерлері екендігі анықталғанда, ендігі кезекте дау жәдігерлердің шығыс, әлде славян-орыс өркениетіне тиесілі екендігі турасына ойысты. Білезіктер мен сырғалар, символдық мазмұнға толы белдіктер мен көздің жауын алар түрлі әшекейлерге қарап отырған болсаңыз, мыңдаған жылдық өркениеттен сыр шертер бірде-бір жазу қалдырмаған далалықтар кім болғаны, осынша ғажайып ою-өрнекті кім тудыруы мүмкін?», деген автор аңдар мен аңыздағы зооморфтық ғажайыптар бейнеленген артефактілердің стилистикалық ерекшелігіне таңданыс білдіреді әрі бұл сауалдарға жауапты Британ музейіндегі көрмеден табуға болатынын жеткізеді.

Британ музейінің хабарлауынша, Эрмитаж музейі ұйымдастырған көрме 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жалғасады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егмен Қазақстан»