Футбол • 18 Қыркүйек, 2017

Талғат Байсуфинов «Астананың» ойынын сынады

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Талғат Байсуфинов «Астананың» Еуропа лигасындағы аяқ алысы туралы пікір білдірді.

 

Талғат Байсуфинов «Астананың» ойынын сынады

­– Талғат Маруанұлы, «Астана» өткен аптада Еуропа лигасының топтық кезеңінде «Вильярреалға» есе жіберді. Алайда, кемінде бір ұпай алатын мүмкіндіктері бар еді. Сіздің ойыңызша жерлестерімізге бұл ойында не жетіспеді?

– Шынымды айтсам, бапкерлердің жұмысына баға беруді жөн көрмеймін. Алайда, менің бір пікіріммен көпшілік келіседі деген ойдамын. Егер Қазақстан премьер-лигасында «Астана» қорғанысқа көбірек көңіл бөлгенінде соңғы үш еурокубоктық ойында 11 гол жібермес еді. Елордалықтар ішкі біріншілікте еурокубоктық деңгейдегі үлкен матчтар өткізбейді. Осы жағы қиындық тудырып отырғанын жасыру мүмкін емес. Испаниядағы үш гол командалық ойында кеткен кемшіліктердің салдарынан емес қорғаушылар мен қақпашының жекелеген қателіктерінен болып отыр. Егер Қазақстан чемпионатында өзге командалар «Астананы» жиі қысымға алып, осының әсерінен елордалықтар маусым бойы қорғаныста жинақы әрі сауатты ойнап үйренсе, бапкерлерге де, ойыншылардың өздеріне де халықаралық матчтарға қатысу оңай болар еді. Мәселен, «Вильярреалға» қарсы ойын алдында «Астана» «Атырауды» қалай шыр көбелек айналдырды. Қазақстандық командалардың елордалықтарға лайықты деңгейде қарсылық көрсете алмауы – «Астананың» еурокубоктардағы сәтсіздіктерінің бір себебі.

–  Үш жыл бұрын «Вильярреал» жерлестерімізді 4:0 есебімен ойсырата ұтқан еді. Бұл жолы ондай ірі есеп тіркелмеді. Бұл елордалықтардың күшейгенінің белгісі ме, әлде испаниялықтардың әлсірегені ме?

– Әрине, «Астана» соңғы жылдары күшейді. Үш жыл қатарынан кәрі құрлықтың басты додаларында өнер көрсету кез келген команданың қолынан келе бермейді. Осыған қарап-ақ дұрыс бағытта келе жатқанын аңғаруға болады. «Астана» – қазіргі уақытта еліміздегі тұрақты, табысты команда. «Вильярреалға» қарсы өтетін жауапты кездесуде жерлестеріміздің барын саларына сенімдімін.

– «Астана» өзіне қажет ойыншылармен толық жасақталмаған секілді. Мәселен, Испаниядағы ойында алаңға екінші таймда шыққан жігіттер өз позицияларында өнер көрсетпеді. Қаржылық fairplay ережесінің трансферге шектеу қойылуы «Астанаға» кері әсерін тигізіп отыр деп ойлайсыз ба?

– Шынымды айтсам, қаржылық fairplay айтарлықтай кедергі дей алмаймын. Себебі, бұл халықаралық ұйымның қойған талабы. Мысалға ереже кедергі келтіріп отыр деп қолыңызбен гол соға алмайсыз ғой, сол сияқты қақпаның да көлеміне қысқарта алмайсыз. Мен бұл жерде fair play ережесін емес керісінше «Астанадан» соңғы жылдары мақтарлықтай қазақстандық ойыншының шықпағанын алға тартар едім. Команданы 11 легионерге сеніп тапсыру дұрыс емес. Былай алып қарайтын болсақ, «Астанада» шетелдіктерге бәсекелес бола алатын ойыншылар шыға қоймады. Ылғи да сол алаңға шығатын Логвиненко, Мужиков, Шомко. Арасында Бейсебеков пен Мұртазаев көрініп тұрады. Болды, басқа ешкім жоқ. Меніңше, «Астана» жергілікті мықты ойыншылармен толықса немесе академиясына көңіл бөлсе үлкен көмегі тиер еді. Бірақ сол жастарға қаншалықты жағдай жасалып отыр екен? Еліміздің үздік командасының өз базасы, қосалқы алаңы жоқ. Осыдан кейін не айтуға болады?

– Сырт алаңда өтетін еурокубоктық ойындарда «Астанаға» сенімділік жетіспейтіні байқалады. Бұл ойыншылардағы шеберліктің жетіспеушілігі ме, әлде басқа да себептері бар ма?

– Меніңше, бұл стереотип секілді. Себебі, «Астана» да, ұлттық құрама да өз жанкүйерлерінің алдында жақсы өнер көрсетеді. Меніңше, ойыншылардың өздері де осыған іштей дайын болатын секілді. Ал сыртта өтетін матчтарда не ойлайтыны белгісіз. Психологиялық қиындықтан бөлек, «Астананың» қонақтағы ойындары оңай емес. Себебі, әр ойынға  кемінде бес сағат жол жүруі тиіс. Ал топтағы командалардың жағдайы басқаша. Жарты жылда бір-ақ рет Астанаға келеді. Ұзақ жол жүру ойыншылардың денсаулығына да ауыр тиеді.

– Ішкі біріншілікте «Астананың» «Қайраттан» өзге қарсыласы жоқ деп айтуға болады. Осыдан келіп «Астана» еурокубоктық ойындарға лайықты деңгейде дайындала алмайды деп есептеуге бола ма?

–  Осының салдарынан бүкіл қазақ футболы зардап шегіп отыр. Бәсекелестік орнаған жерде «Астана» да, «Қайрат» та, ұлттық құрама да игілігін көретін еді. Командалардың алға қадам басып келе жатқанын жоққа шығара алмаймын. Бірақ «Астана» мен «Қайрат» өзгелеріне қарағанда жылдам дамып барады. Біріншілік деңгейі де артып келеді, бірақ айтарлықтай жылдам емес. Бұдан бөлек, өзге елдердің де бір орында тұрып қалмайтынын есте сақтағанымыз жөн. Біз бір қадам алға жылжығанда, Еуропа бірнеше қадам аттап басады. Қазақ футболында бәсекелестік артуы үшін тағы екі-үш клубтың дамуы керек.

Соңғы жаңалықтар