Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Анық ақпарат. Оны «Е-Халық» жүйесінен табуға болады

6012 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Біз цифрлы технология­ны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды орындауға тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген еді. 

Анық ақпарат. Оны «Е-Халық» жүйесінен табуға болады

Елбасы тапсырмасына орай елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру қарқынды түрде қолға алынды. Қазір бағдарламаға байланысты төрт негізгі бағыт бар: біріншісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, екіншісі – барлық салада цифрлы технологияны енгізу, үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру болса, төртіншісі – IT мамандарды даярлау.

Маңызы зор мемлекеттік бағ­дар­лама билік пен халық арасындағы байланыстың сапалық деңгейін жақсартып, цифрлы технологияны енгізе отырып, қоғамның бір-бірімен тікелей байланысты барлық саласының дамуына жол ашады. Сондай-ақ әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге де септігі тиеді. Мәселен, қазір халықты жұмыспен қамту өте маңызды. Аталған жобадағы «Е-Халық» жүйесі бірінші кезекте осы мәселені шешпек. Бұл жүйеде барлық ақпарат жинақталады. Қанша адамның жұмысы бар, қаншасы әлеуметтік төлемдер алады, жұмыссыз жүргені немесе өзін жұмыспен қамтыған адамдар саны қанша – осының бәріне байланысты толық мағлұмат болады. Әсіресе жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындары бұл жобаның жемісін көретін күн алыс емес. Олар қолжетімді ақпарат жоқ болғандықтан, амалдың жоқтығынан, жұмыспен қамту орталықтарын жағалауға, тіпті қайта-қайта баруға мәжбүр болушы еді. Ауылы аудан орталығына жақын болса бір сәрі, ал шалғайдағы елді мекеннің жұмыссыз тұрғындарының әрі-бері жүруге кейде шама-шарқы да келе бермейді. Бір барады, екі барады, ойлағаны орындалмаған соң қолын бір сілтейтіні айдан анық. «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасының «Е-Ха­лық» жүйесіне көшкеннен кейін жұмыссыз қарапайым адам­дардың қолы ұзарады. Олар жұмыс­пен қамту орталықтарына сабы­лып бармай-ақ тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыссыз ре­тінде жергілікті әкімдікте тір­келе­тін болады. Сонымен бірге, қан­дай мемлекеттік қолдау түрлеріне құ­қығы бар, сол туралы да әкімдіктен жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндігі бар.

Айта кету керек, «Цифрлы Қазақстан» жобасы тек IT саласына ғана қатысты деп түсінетіндер көп. Тіпті де олай емес. Бұл бағдарлама барлық салаға тікелей қатысты. Өйткені «Цифрлы Қазақстан» еліміздің бір-бірімен тығыз байланысты бүкіл саласының жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтереді деген үміт бар. Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін IT секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Оған да көп уақыт қалған жоқ. Сол мерзімге дейін 150 мың жұмыс орны ашылмақ.

 Халықты еңбекпен барынша қамту арқылы Қазақстан экономикасының басқа салаларының дамуына жол ашылады. Осы жұмыстың нәтижесінде бәсекеге қабілетті мамандар шоғыры іріктеледі. Қажет болса, оларды қайта оқыту мен даярлаудан өткізеді. Ал бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы еліміз бойынша еңбек өнімділігін 37 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Демек, Қазақстанның экономикасы өркендеп, өндіріс пен сыртқа өнім шығару көлемі айтарлықтай артады деген сөз.

«Е-Халық» жүйесі қордаланған көп мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болады деп күтілуде. Мәселен, «Ауылдық округте қанша адам жұмыссыз, қанша жалдамалы жұмыскер бар, қанша адам өзін еңбекпен қамтыған?» деген сауал қойылар болса, дәл қазір әртүрлі ақпарат алар едіңіз. Өйткені,еңбек нарығындағы жағдай күн сайын өзгеріп отыр. Ақпараттың ала-құла болмауы мен есеп-қисапты жүйелендіруге цифрлы технология ғана мүмкіндік береді. Сонымен бірге «Е-Халық» жүйесінде тұрғындардың барлық тіршілігіне байланысты ақпарат жинақталады. Айталық, «Қазақстандағы ауыл тұрғындарының қаншасы үй жанындағы бау-бақшалық телімді игеріп, отбасы дастарханы үшін қанша азық-түлік дайындайды?» деген сауалға статистикалық дәл дерек таба алмай қиналғанымыз бар. Енді осындай ақпаратты да «Е-Халық» жүйесінен табуыңызға болады. Еңбек ресурстарының қорын жинақтау мен халықты нысаналы топтар бойынша жұмыспен қамтудың нақты шараларын айқындауға, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың нақты есебін жасау мен әр отбасындағы жеке қосалқы шаруашылықтар жайлы деректерді дұрыстауға да бағдарламаның үлкен көмегі болмақ. Сондай-ақ, тағы бір маңызды мәселе. Ол – ішкі еңбек көші. Жасыратыны жоқ, бұл қазіргі таңдағы көкейкесті мәселенің бірі. Оны да реттеу мен үйлестіру, тиісті ақпараттарды ұдайы жаңарту жүзеге асатын болады. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай отырған тұрғындар үшін айтарлықтай көмек. Көпшіліктің жаңа жүйеге үрке қарамауы, үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова республиканың бірқатар облыстарында болып, «Е-Халық» жүйесіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұрт жаңа жүйені дұрыс қабылдап отыр.

Көпшіліктің бұл жүйеге байланысты алаңдайтыны – мәліметтердің қауіпсіздігіне байланысты. Ақпараттық жүйедегі мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеке каналдар жүйесі жасалатын болады. Әрине, мұның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Облыстық және жергілікті бюджеттен осыған қаржы бөлу жөніндегі жұмыс жүргізілді. Сондықтан жүйедегі ақпараттардың қауіпсіздігіне тұрғындардың алаңдамауына болады.

Сондай-ақ – «Е-Халық» жобасы Қазақстанның еңбек нарығын тал­дау мен мониторинг жүргізуге көмек­теседі. Халықтың нақты санын анықтау мен ішкі және сыртқы көші-қонға мониторинг жүргізуге, әлеумет­тік әлсіз санатқа жататын және жұ­мыссыз жүрген, өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар мен барлық мем­лекеттік ақпараттық жүйелер мәлі­метін жандандыруға, тұрғындардың тұр­мысы мен табысына байланысты дәл­ме-дәл деректер түзуге «Е-Халық» бағ­дар­ламасы жол ашады деген сенім бар.

«Е-Халық» жүйесінің негізгі мақсаты –біріншіден, Қазақстандағы әрбір азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтау, екіншіден, жергілікті басқару органдарының мүдделері мен қажеттіліктерін сараптау, арқылы атқарушы биліктің жалпымемлекеттік саясатын жүргізу. «Е-Халық» жобасы өркениетті елдер қатарына қосылу мақсатында аршынды қадам жасап отырған Қазақстанның қай салада болсын бәсекелестік бағытынан таймай, жаңа сапалық биіктерден көрінетіндігін айғақтайды.

Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»