Театр • 19 Қыркүйек, 2017

Өскемендегі театрдың кезекті маусымын «Сергелдең болған серілер» ашты

476 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өскемендегі облыстық қазақ драма театры 18-інші маусымын жазушы Баққожа Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясымен ашты. 

Өскемендегі театрдың кезекті маусымын «Сергелдең болған серілер» ашты

Сурет театрдың әдебиет бөлімінен алынды

Қойылымдағы оқиға негізінен үш жігіт пен бір қыздың арасында өрбиді. Сахна артында телефонмен ғана тілдесетін төртінші жігіт бен «кәрі қыз» - Сайраның құрбысы Айжан ара-тұра ғана бой көрсетеді. Бірі мақтаншақ ақын, бірі жасқаншақ ғалым, енді бірі мансапқор үш жігіттің бетпердесі қойылым соңында басты рөлдегі қыздың үлкен қызметтегі әкесі жұмыстан босаған кезде ашылады. Жеңгетай құрбысының да «қой терісін жамылған» қасқыр екені мәлім болады.

Қойылым режиссері Сахан Әкелеев комедия өткен ғасырдың 80-інші жылдары жазылса да, қаузаған тақырыбы бүгінгі күні де өз өзектілігін жоғалтпағанын айтады. «Көптеген бойжеткендеріміздің «кәрі қыз» атанып, жігіттердің «сүрбойдақ» деген айдар тағынуы қазіргі заманда көбеймесе, азайған жоқ. Мансапқор, жағымпаз, атаққұмар адамдардың қатары да арта түспесе, кемімегені анық.  Сахна - адамның ішкі айнасы. Көрермен өздері бәлкім күнде араласып жүрген, бәлкім күнде есігін қағып жүрген адамдарын сахнадан көріп, ойлансын деген ниетпен қойып отырмыз. Комедияны осындай режиссерлік көзқараспен бүгінгі күннің сұранысына, бүгінгінің талабына сай етіп ықшамдап, өзімізше трактовка жасадық», - дейді режиссер. Комедия соңында серілерді сергелдеңге салған «кәрі қыз» - Сайраның рөліндегі Назерке Айдыновамен тілдескенімізде өзінің жасы кіші болғандықтан 30-дағы әйелдің бейнесін сомдау оңайға түспегенін, дегенмен де сахнадағы серіктестері мен көрерменнің ыстық ықыласы жігерлендіргенін жеткізді.    

Реті келгенде айта кетейік, Өскемендегі облыстық қазақ драма театры биыл 30-ға тарта жас актерлермен толыққан болатын. Театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев облыс басшылығының қолдауымен олардың 20-дан астамына қызметтік пәтер берілгенін айтты.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»