Үкімет • 19 Қыркүйек, 2017

Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді

229 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының ескертулеріне сәйкес «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.


Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берді

Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын іс-шаралар бойынша Бақытжан Сағынтаев «Алатау» ИТП мен Халықаралық АТ-технопаркі қызметі бойынша қоса алғанда, инвестициялардың әсері мен қайтаруын есептеуді тапсырды. АКМ-ге ұлттық экономика және қаржы министрліктерімен, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге екі апталық мерзімде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының әлеуметтік және экономикалық әсерін және оның ЖІӨ өсіміне әсерін ұсынуды тапсырды.    

ҚР Білім және ғылым министрлігіне екі апталық мерзімде білім берудің қазіргі жүйесін қайта қарау және үздіксіз оқытуға көшу бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Сондай-ақ, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, инвестициялар және даму министрліктеріне екі аптаның ішінде «Алатау» ИТП, «Назарбаев Университет», құрылып жатқан Халықаралық АТ-технопаркі сияқты ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының, инновациялық кластерлердің базасында құзыреттер орталықтарын құру және дамыту бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Бұдан өзге, ҚР АКМ, ИДМ және БҒМ-ге жаңа технологияларды, инновациялық шешімдер әзірлемелерін пайдалануды, стартап ортаны дамытуды ынталандыру үшін және цифрлық экономикада форсайтты ұйымдастыру бойынша заңнамаға өзгерістер жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Барлық азаматтар цифрландыру процестерін түсінуі үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірге сәйкес PR-стратегияны әзірлеу тапсырылды.

Оған қоса, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне барлық облыс орталықтарына қолданылатын Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе типі бойынша «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасын қалыптастыру тапсырылды.  

Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне 1 қазанға дейін Ресей және Беларусьпен цифрландыру саласындағы бірлескен жұмыс бойынша сәйкес ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының барлық мәселелерін пысықтауды және оны биыл қарашаның соңына дейін Үкіметтің қарауына енгізуді тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Еске салсақ, 13 қыркүйекте Мемлекет басшысының қатысуымен экономиканы цифрландыру мәселелері жөнінде Республикалық кеңес өтті, онда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобасы таныстырылды. Кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар ескертулер айтты және ҚР Үкіметіне бағдарлама жобасына сәйкес толықтырулар енгізуді тапсырды.