Жазғы спорт • 19 Қыркүйек, 2017

«Астана» – таланттардан тұратын велокоманда

330 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Велоспорт әлемінде ең ірі үш жарыс бар. Оның бірі – мамыр айында Италияда өтетін «Джирро» бәсекесі, екіншісі – велоспортшылардың бейресми әлем чемпионаты саналған «Тур де Франс», үшіншісі кеше ғана аяқталған «Вуэльта». Соңғы жарысқа біздің команда биыл ерекше құраммен барды. Отандық спортшыларға сенім артқан «Астана» бұл жолы мақсатты асыра орындады деуге болады.

«Астана» – таланттардан тұратын велокоманда

Себебі, елорда командасы өзінің негізгі лидерлерісіз-ақ үш кезеңнің жеңімпазы атанды. Ал оның біреуі қазақстандық жас шабандоз Алексей Луценконың еншісінде екенін ескерсек, бұл жолғы гранд турды сәтті өтті дей аламыз. Алғашында Алексей кезең жеңімпазы атанды дегенді естігенде өз көзімізге өзіміз сенбеп едік. Алайда, ол жастар арасындағы әлем чемпионы, талай додаларда жүлде алып жүрген талант екенін де ескергеніміз жөн. Дегенмен, гранд турдың орны бөлек. Осылайша, ол ірі доданы жеңген төртінші қазақстандық шабандоз атанды. Дәл Испаниядағы «Вуэльта» көпкүндігін оған дейін тек Александр Винокуров қана жеңген болатын.

Қазақстаннан барған бір топ журналистер Испания турының 18-кезеңінде қызмет еттік. Осы кезеңде мәре сызығына 600 метр қалғанға дейін топ бастап келе жатқан Алексей Луценко шаршағанын білдіртіп алды. Әйтпегенде екінші мәрте жеңімпаз атанар еді. Сандер Арми деген бельгиялық қарсыласы Луценконың сәл кешеуілдеп қалғанын дәл байқаса керек, тауға қарай өрмелей жөнелді. Әйтсе де, күллі әлемге таралып жатқан телекөрсетілім барысында қазақстандық шабандоз біздің елді біршама танытып тастады. Енді бұдан былай Алексейді велоспорт әлемі мықтылар қатарына қосып, лидерлер санатына жатқыза да жатар. Әрине, соншылықты гранд тур жеңетін деңгейге ол әлі жете қойған жоқ. Тек арагідік осылай кезеңді бағындырып, керек кезінде команда капитандарына қызмет ете алады. Бұл – ең бастысы. Себебі, түгелімен жарысты жеңу – тек санаулы адамдардың ғана қолынан келеді. Мысалы, Алексей Кристофер Фрум Альберто Контадордың өзіне адым аштырмады. Қарсыластарына шаң қаптырды да жүрді. Британияның «Sky» командасы капитаны соңғы 3-4 жыл бойы ешкімге дес бермей келеді. Бәлкім, ол екі немесе үш жылдан кейін допингпен ұсталатын да шығар деп жүргендер де жоқ емес. Ал көп мамандар Кристің тегі тегін емес дейді. Әжесі кениялық болғандықтан, оның желаяқтығы нағашы жақтан тарапты-мыс. Әрине, бұл тұжырыммен келіспеске амал жоқ. Қазақта «болар бала нағашыдан» дейді ғой. Кім білсін, бәлкім еш дәру-дәрмексіз де мықты шығар. Бізде әзірге шәк келтіретін ешқандай дәлел жоқ. Фрум – осы күнгі велоспорт әлемінің қаһарманы. Оны жеңу қиынның қиыны.

«Астана» командасының спорттық директоры Дмитрий Седун бір әңгімесінде тағы бір қуаныштың шетін шығарды. «Бір жарыста Мигел Лопес екінші орын алды. Бұл шабандозды біз болашақта команданы күшейтуі мүмкін деп алған едік. Басында клубқа жаңадан келген колумбиялыққа аса қатты мән бермей жүргенбіз. Сөйтсек, бұл баламыз нағыз талант екен. Мен бір жарыс аяқталғаннан кейінгі протоколға «Біздің командада жаңа талант, мықты феномен бар», деп жаздым. Бұл сөзімнен еш ұялмадым. Болжамым дәл келді», деп ақтарылды Седун мырза. Иә, расымен де оның айтқаны айдай келіпті. Мигел Анхел Лопес Испаниядағы додада екі бірдей кезеңнің жеңімпазы атанды. Бір қызығы, бұл шабандоз велоспортты 16 жасынан бастаған. Оған дейін аталған спорт түрімен арнайы шұғылданбапты. Колумбияның таулы аймағында тұратын Мигель мектепке велосипедпен барып-келіп жүріпті. Ал оның мектебі теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасса керек. Яғни, таулы жерде шайтанарба тебуде еш қиындық жоқ. Бала кезден бергі машықтанып жүргені бар. Бұл әрине, болашақта аты аңызға айналатын спортшыға тән оқиға. Өздеріңіз білетіндей, әлгі атақты колумбиялық Наиро Кинтананың да ғұмырбаяны осылай емес пе?! Мигельдің түбі топ жарып, мықтылар қатарына қосылуы уақыт еншісіндегі сұрақ болған. Міне, осы жолғы «Вуэльтада» біз соған көз жеткіздік. Енді жақын арадағы жарыстарда біздің командада үшінші лидер пайда болады деген сөз. Алғашқысы – Фабио Ару, екіншісі – Якоб Фульсанг, ал үшіншісі – Мигел Анхел Лопес.

Жақын арадағы жарыстар демекші, енді «Астана» командасы Норвегияның Берген қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Велоспорттың бір ерекшелігі де сонда. Команда екіге, тіпті кейде үшке бөлініп, жаһанның әр қиырында жарысып жатады. Испанияда «Вуэльта» болып жатқан шақта Канадада тағы бір ірі турнир өтті. Ол жақта да «Астана» жейдесін киген шабандоздар жүлде салды. Команда менеджерлері де жарыстан жарысқа күнтізбе бойынша тынбай дайындалып жүр. «Вуэльтада» команда тізгінін Жамбыл жерінен шыққан Александр Шефер мен Дмитрий Седун ұстады. Соңына қарай Александр Винокуров қосылып, шабандоздарға шабыт берді. Ең соңғы 21-ші кезең Испания астанасы Мадридтің басты алаңында өтті. Отандастарымыз командалық есепте бірінші орын алып, марапаттау рәсіміне шықты. Күллі Еуропа, жалпы велоспорт сүйер қауым  «Астанаға» қызыға һәм қызғана қарағаны анық. Себебі, бұл команда құрамы талантты жастардан тұрады.

 

Ермұхамед МӘУЛЕН,

журналист

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Испаниядан