Үкімет • 20 Қыркүйек, 2017

Үкіметте бюджеттің атқарылу қорытындысы талқыланды

254 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың Төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 8 айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы талқыланды. Сондай-ақ көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексі таныстырылды. Жиында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген жаңа технологияларды қолдану жайы да сөз болды.

Үкіметте бюджеттің атқарылу қорытындысы талқыланды

Бюджет қалай игерілді?

Үкімет отырысында алғашқы болып баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов жыл басынан бері еліміздің экономикалық өсімі 4,3 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, экономиканың шикізат емес саласында оң өзгерістер байқалған. Мәселен, шикізат емес сектор салымы нығайып, 2,3 пайыздық тармақты құраса, ши­кі­зат сегментінің салымы 1,6 пайыз­дық тармақты құраған. Ал өңірлердің көпшілігінде негізгі көрсеткіштер өсіпті. Мысалы, ауыл шаруашылығы бойынша барлық өңірде 0,3 пайыздан 5,6 пайызға дейін өсім байқалған. «Дегенмен Маң­ғыстау және Қызылорда облыс­тарының өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы көрсеткіштер тө­мендеді. Сол сияқты, Қарағанды, Алматы облыстарының құрылысы мен негізгі капиталға салынған инвестициялар азайып отыр», дейді Р.Дәленов. 

Ал биылғы 8 айдағы респуб­ли­калық бюджеттің орындалу қоры­тындысы туралы айтқан Қар­жы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылдың осы кезеңімен са­лыстырғанда негізгі жоспарларды орындауда оң нәтиже барын жеткізді. Мысалы, трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірістері былтырғыға қарағанда 366,9 млрд теңгеге немесе 108,9 пайызға ұлғайған. Оның 172,2 млрд теңгесі – республикалық бюджетке, ал 195,2 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерге тиесілі.

Жалпы, биылғы 8 айда мем­ле­кеттік бюджетке (трансферттерді есептемегенде) 4 512,3 млрд теңге көлемінде кіріс түскен. Осы­лайша, республикалық бюджет бойынша ағымдағы жоспар 102,2 пайыз орындалып, 3 083,4 млрд теңге жиналған.

Мемлекеттік бюджеттің шы­ғыс­тарына тоқталған министр бұл қаражат 9 трлн 21 млрд теңгені құрағанын, сөйтіп жоспарланған меженің 97,7 пайызына жеткенін атап айтты. Оның айтуынша, биылғы 8 айда республикалық бюджеттің шығыстары 7 трлн 983 млрд теңгеге игеріліп, қазір 98,6 пайыз деңгейінде тұр. 

Баяндамашылардың сөзінен кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қаңтар-тамыздағы әлеуметтік-экономикалық даму­дың қорытындысы аясында бір­қатар тапсырмалар жүктеді. «Статистикалық мәліметтерден кө­ріп отырғанымыздай, негізінен нәтиже жаман емес. Бірақ арқа­ны кең­ге салып, босаңсуға болмай­ды. Әлі де жұмыстарды жүйе­лі түрде жал­­­ғастыру керек. Баянда­маларда сөз болғандай, өсу қарқы­нының баяулауы әсіресе, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласында байқалып отыр. Өсімдік ша­руашылығындағы өнім былтыр­ғыға қарағанда тө­мен­деу, осы ретте көрсеткіштер тө­мен­дейтіні түсінікті. Бірақ оның орнын мал шаруашылығы есебінен толтыру сынды шараларды жасауымыз керек», деді Үкімет басшысы.

Көші-қон саласында өзгеріс көп

Былтыр еліміздің көші-қон сая­саты саласындағы тұжы­рым­­да­­малық құжат аяқталғаны бел­гілі. Биыл Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі 2017-2021 жылдарға арналған жаңа тұжы­рымдаманы әзірлепті. Үкімет оты­ры­сында министр Тамара Дүй­се­нова бұл құжат туралы баяндама жасап, басты бағыттарға тоқталды. 

Тұжырымдамада ішкі және сыртқы көші-қон, этностық көші-қон үрдісін реттеу мәселелері жан-жақты қамтылған.
Еліміздің демографиялық саласында, ішкі көші-қонда еңбек ресурс­тарына қатысты шешілмей жатқан мәселелер баршылық. Әсіресе, ішкі көші-қон үрдісі министрлікті ерекше алаңдатып отыр. Былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғылыми зерттеулер жүргізіп, 2050 жылға қарай оңтүстік халқы 5 млн 200 мыңға артып, солтүстіктегі тұрғындардың саны 1 миллионға азаюы мүмкін деген қорытындыға келген, яғни оңтүстік өңірлердегі халықтың тығыздығы солтүстіктегіден төрт есеге көбейеді.

Егер дереу шаралар қолданбаса, тұрғындары аз елді мекендерде еңбекке жарамды адамдардың саны 167 мыңға кеміп кетуі мүмкін. Сондықтан тепе-теңдікті сақтау мақсатында биыл Үкіметтің қаулысымен ішкі көші-қонды қабылдаушы төрт өңір белгіленді. Олар: Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыс­тары. Тұжырымдамада осы облыстарға көшуге ниетті аза­мат­­тар­ға мемлекет тарапынан қолдау көр­сету, субсидиялар бөлу, әлеумет­тік жағынан көмектесу шаралары қарастырылған. Министр көші-қон тұжырымдамасының жаңа жобасы аясында үйреншікті жерінен басқа өңірге көшемін деушілерге тұрғын үй сертификаттарын беру жөнінде ұсынысын жеткізді. «Біріншіден, көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне мемлекеттік субсидия төленеді. Екіншіден, бір жылға дейін баспананы жалға алу шығындарын мемлекет өтейді. Ал ол үйді бірден сатып алуға мүмкіндік болса, бір жылдық субсидияны толығымен беруге болады. Үшіншіден, көшіп барғандарды баспанамен қамтамасыз ететін тұрғын үй сертификаттарын қа­рас­тырып отырмыз, яғни ішкі көші-қонға қатысушы азамат Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі ар­қы­лы заем алуына болады. Тұр­ғын үй сертификатының 50 пайы­зын жергілікті атқарушы орган­дар төлеп берсе, қалған бөлі­гін республикалық бюджеттен бері­летін субсидиямен өтелсе деген ұсы­ны­сымыз бар», дейді Т.Дүйсенова.

 Жалпы, Қазақстан – этностық көші-қонға айрықша мән беріп отырған санаулы елдердің бірі. тарихи Отанына оралған қан­да­с­тарды ортаға бейімдеу, әлеуметтік жағдайына көмектесу бағытында қолға алынған шаралар баршылық. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Мемлекет басшысы бірталай тапсырмалар жүктегені белгілі. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі этностық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, олардың әлеуетін пайдалану мүмкіндігін ұсынып отыр. Осы мақсатта шетелде тұ­ра­­тын этностық қазақтармен байланыс күшейтілмек. 

Сонымен қатар, алдағы уақыт­та тарихи Отанына оралған қазақ­тардың еңбек өтіліне қатысты күр­меулі мәселе де оңтайлы шешіліп қалуы мүмкін. 

Жер қойнауын пайдалануға –  жаңа тәртіп

Қазақстанда жер қойнауын пай­­даланудың жаңа тәртібі қарас­тырылып отыр. Үкімет отырысын­да Инвестициялар және даму ми­нис­трінің бірінші орынбасары Алик Айдарбаев «Жер қой­науы жә­не жер қойнауын пайдала­ну ту­ра­лы» кодекстің жаңа жоба­сын та­ныс­тырды. Бұл жоба шетелдік озық тә­жірибені ескере оты­рып, эко­ло­гиялық талаптарға сай әзірле­ніпті.

А.Айдарбаевтың айтуынша, елімізде геологиялық барлау саласына инвестиция тарту мә­селесі баяу жүргізілуде. Ор­таша алғанда инвестиция көлемі 1 шаршы метр аумаққа шамамен 7 доллардан келеді. Ал бұл көрсеткіш Америкада – 87, Австралияда – 167, Канадада 203 долларды құрайды екен.
Кодекс жобасы жер қойнауын пайдалануда экологиялық және өнеркәсіп қауіпсіздіктерін сақтау талаптарын күшейтуді көздейді. Бұған қоса, жер қойнауын тиім­ді басқаруға, қатты пайдалы қазба­ларды барлау мен өңдеуге лицензия­лар беру жағын қарастырады, кен орындарын өңдеуге беру мер­зімі 25 жылды құрайды. Сондай-ақ құ­жат жобасында жер қой­науын пай­даланушылардың міндет­теме­лері бекітіліп, рұқсаттар беру тәр­тібі белгіленген.

Көрме технологияларының тиімділігі мол

Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ЭКСПО-2017 көрмесінде айтылған жаңа идеялық шешімдерді, тың технологияларды білім саласына енгізу жөнінде әңгіме өрбітті.

Министрдің айтуынша, осы инновациялық жобаларды енгізуге байланысты арнайы жұмыс тобы құрылыпты. Бұлар жаңартылған жел, күн, геотермалды энергетика, гидроэнергетика мен биоэнергетика және ядролық энергетика саласындағы дамыған елдердің көрме экспозицияларын жан-жақты зерттеп, тәжірибеге енгізбекші. Еліміздің білім мен ғылым саласы үшін пайдалы соны жобаларды министрлік үш топқа бөліп қарастырып отыр. Оның біріншісі ғылыми идеялар мен коммерциялық қолжетімді инновациялар болса, екіншісі – технология, үшіншісінде соңғы жетістіктерді саралайтын әдістемелік құралдар жинақталған. 

Е.Сағадиев халықаралық көр­меге 55 университет пен ғылыми орталық өкілдері қатысып, 100-ден астам кездесу өткенін мәлімдеді. Өзара жүздесулер аясында 9 меморандумға қол қойылып, университеттер 20-дан астам екіжақты ынтымақтастыққа қол жеткізген. 

Көрмеден көрген жобаларды білім саласына енгізу жұмыстары әлі де жалғаспақ. Е.Сағадиевтің айтуынша, бұл мәселені министрлік үнемі қадағалауында ұстайтын болады. 

Жиынды түйіндеген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жауапты министрліктерге жаңа технологияларды пайдалануды ынталандыру, инновациялық шешімдерді әзірлеу, стартап-ортаны дамыту үшін заңнамаға өзгерістер енгізіп, сол бойынша ұсыныстар әзірлеу керектігін айтты. Сондай-ақ қараша айының соңына дейін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жобасының қайта қаралған нұсқасын аяқтап, Үкімет қарауына енгізуді тапсырды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»