Қазақстан • 20 Қыркүйек, 2017

Ұлттық өнердің ұйытқысы

1359 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ырза Тұрсынзада – «Алтын Орда» авторлық дизайын үйінің негізін қалаушы һәм бас директоры. Аталмыш дизайнерлік үй ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар мен күнделікті тұрмысқа қажет көрпе, жастық, төсек-орын, қыз жасауын дайындап, оған заманауи менеджмент жүйесін енгізгені үшін Президентің «Алтын сапа» сыйлығы және «Халық сүйіктісі» белгісінің иегері мәртебесіне қол жеткізген. Сонымен бірге мекеме басшысы Ырза ханым «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі атанып, «Құрмет» орденімен марапатталған, «Қазақстанның ең үздік өнімі» байқауында қатарынан бес дүркін жеңімпаз атағына ие болған шебер ұйымдастырушы.

Осы орайда, ұлттық өнерімізді ұлықтап, оның насихатын халықаралық деңгейге көтерген Ырза Тұрсынзада­қызымен әңгімелесіп, мән-жайға қанықтық.

Ұлттық өнердің ұйытқысы

– Ырза ханым, сізді былайғы жұрт қазақ қолөнерінің жанашыры һәм насихатшысы деп таниды. Бұл іске бет бұруыңызға не ­себеп?

– Алғаш рет 2009 жылы Астананы келіп көр­дім. Қаланың үлкен-үлкен сауда орындарын аралап жүріп, «бұл жерлерде ұлттық на­қыш-стильдегі дүниелер неге сатылмайды?» деген ой түйдім. Өйткені, өз басым бұған дейін көптеген шетелдерді аралап, қызмет ба­бымен Мәскеу қаласында оншақты жыл тұрған адам едім. Сонда байқағаным, сырт елдерде әуежайынан бастап, сапаржайына дейін сол елдің этно тұрмысын танытатын төлтума бұйымдары сатылады. Ол бізде жоқ. Сөйтіп, өзіміздің ұлттық бұйымдарды этноинтерьер стилінде жасап көрмекке бел будым. Яғни, көнеден келе жатқан қол кесте, құрақ-жамау, сырмалау, өрнектеу, жиектеу, оюлау т.б. сияқты қазақы шеберлікті дамытып, заманға сай жаңғырту қажет екенін ұғындым. 

– Жұмысты қалай, неден бастадыңыз?

– Алдымен кәдімгі қарапайым көрпе топтамасын жасаудан бастадым. Оған «Gold линия» («Алтын көрпе») деген ат қойдық. Еңбектің нәтижесінде  «Шалқардағы суреттер» атты вер­нисаж көрпе, «Оюлы әуендер» деген көр­пелер топтамасы, «Жібектің жасауы», «Баян­ның жасауы» деп аталатын туындылар көп­тің игілігіне жарай бастады. Бұл бұйымдар на­рықтан өз орнын тапты.

Одан кейін ұлттық дәстүрді ұлықтауға ойыс­тық. Атап айтқанда, «Шілдехана», «Бесік той», «Сүндет той», «Қыз ұзату», «Келін түсі­ру» сияқты қазақ қоғамында әбден ор­нық­қан жоралық рәсімдердің символдық ма­ңызын арттыратын модерн дүниелер жасай бас­тадық. Мысалы, ұзатылып жатқан қыздың жа­сауына сол әулеттің қадірлі адамының өсие­ті немесе батасы кестеленген жастық, іліп қоюға ыңғайлы интерьер дизайнды тұс­киіздер жасадық. Сонымен қатар жаңа отаудың төрінде тұруға ыңғайлы кестеленген әулет шежіресі, жеті ата тізбегі, сол әулетке тән ұлы адамдардың ұлағатты сөздерін, нақылдарын көзтартарлық көркем өнер туын­дысы ретінде ұсынуды қолға алдық. Уақыт өте келе шетелдік меймандарды қабылдауға арналған ресми орындарға арнайы этно, вип аймақтарды жасай бастадық. 

Ұлттық өнердің ұйытқысы

– Ең алғашқы этноаймақты қайда жаса­дыңыз?

– Алғаш рет 2010 жылы өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті мен ШЫҰ халықаралық құры­лымының жиыны кезінде арнайы этноаймақ жасадық. Сонымен қатар ЕҚЫҰ саммитіне арнап 56 мемлекеттің туын қолмен кестелеп, асыл таспен көмкеріп, үлкен кілем жасадым. Көлемі – 2,60 х 1,60 метр. Ол қазір елордадағы Мемлекеттік орталық музейде тұр. 

– Сөйтіп, уақыт өте келе ұлттық бұ­йым­­дар­ды шетелдерге насихаттауды баста­дыңыз...

– Әрине, екі жыл бұрын тарихы қатпарлы, көне бұйымдар отаны Италияға барып, елдің ең ірі қалалары – Венеция, Рим, Миланда авторлық көрме өткіздім. Көр­менің ерекшелігі – қазақтың байырғы өнер туын­дыларының ұлттық стильін сақтай отырып, этномодерн, этноклассика, этно хай-тек үлгі­лерімен ұш­тастырып, жаңа дүние жасап, бұйым­дардың түс гаммасын, кестелеуді, монограммасын еуропалық стильмен үйлестірдім. Бұл іс өз жемісін берді. 

– Көрменің нәтижесі ойдағыдай болды дейсіз ғой...

– Еуропалықтар біздің бұйымдарға қатты қызықты. Олар маған «мұндай ерекше тың дүниелерді қалай ойлап таптыңыз?» деп сұрақ қойды. Мен «Бұлар мен ойлап тапқан жаңа дүниелер емес, бұрыннан ата-бабамыз жасап келе жатқан шаруа. Мен тек қана сіздерге ескіні жаңғыртып ұсынып отырмын» дедім. Қысқасы, қазақ қолөнеріне деген шетелдіктердің шынайы ықыласы маған шабыт берді. Олар өте күрделі фактуралардың бір-бірімен көркем үндестік тауып тұрғанын бірден аңғарды. Осы сапарымызда италиялық үлкен кәсіпкер өзінің мурано шыныларымен жарақталған шығыс стильіндегі бөлмесін жасақтау үшін бізге арнайы тапсырыс берді. 

– Жасаған бұйымдары­ңыз­ды сатуға шы­ғардыңыздар ма?

– Шынымды айтсам, дү­ние­­ле­рімізді кәде­сый немесе көрме-жәрмеңкелерге лайық­тап жасағанымыз болмаса, қарапайым халыққа сату туралы ниетім болмаған-тын. Себебі, бұйымдар тым қымбат. Мысалы, бір көрпенің өзін жасауға 2-3 ай кетеді. Оны қалай арзан сатасыз. Уақыт өте келе халықтың кестелі көрпелерді сатып алуға деген құштарлығын аңғардым да бұйымдардың форматын өз­герттім. Атап айтқанда, халық сатып ала ала­тын, қалтасы көтеретіндей дүниелер қа­жет екен. Сөйтіп, өте жоғары эксклюзивті дүние­лерді үш түрлі форматта: эконом, бизнес және элиткластарға бөліп жасай бастадық. 

– Осынша жоғары эксклюзивті туынды­лар жасау үшін дайындығы жоғары шебер­лер қажет екені түсінікті, бұл мәселеде қиын­дық­тар бар ма?

– Бар. Әсіресе, кесте тігетін, көрпе құрақ­тайтын қыз-келіншек тапшы. Шебер іздеп күллі Қазақстанды шарлап шықтым. Адам жоқ­тың қасы. Содан кейін шеберлерді елден іздемей, өзім үйретіп, дайындауым қа­жет екенін түсіндім. Сөйтіп, ақылы түрде шеберлік сабақтарын бастадым. Бұдан нәтиже шықпады. Өйткені, ақылы сабаққа қарапайым халық келе алмайды екен. Келген адамдар тек бизнестік көзқараста, яғни ұлт өнерін дамытсам деп емес, үйреніп алып пайда тапсам деген ниетпен келетінін аңғардым. Ақыры шеберлік сабағын тегін үйрететін болдым. Қазір облыстарды аралап тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүрмін. Адамдар ағылып келіп жатыр... 

 – Шеберлік сабақтарын әуелі нені үйре­ту­ден бастайсыз?

– Алдымен кәсіп үйренудің қыр-сырын ай­тамын. Одан кейін барып, кесте тігуді, құрақ құрауды, әшекейлеуді, өрнек түрлерін таңдауды, оны логикалық таныммен қиыстыра білуді үйретем. Сонымен қатар көнеден келе жатқан ұлттық өнерді игеру үшін ол адамның бойында қандай қабілет-қасиет болу керек екенін басып айтамын.

– Сонда қандай қабілет-қасиет болуы керек? 

– Ұлттық өнер үйренуге ниет еткен адам алдымен өз халқының тарихын, шежіресін, салт-дәстүрін жақсы білуі керек. Өзін ұстауы, ішкі мәдениеті мен талғамы, тіпті тұлабойы ұлттық болмысқа терең бойлауы қажет. Он­сыз болмайды. Ұлтының ұлағатын бо-йына сі­ңірмеген адам төл өнерді де сіңіре алмайды. Өйткені, ұлттық өнерде тектілік бар. Қол­өнерге қарап, халықтың тарихын оқи аласыз. Себебі, қолөнер – үнсіз тілмаш. Оның әдемілігі, эстетикалық сипаты тамашалаушыларға рухани азық сыйлайды. Жеңіл-желпі жүріске үйір, темекіге құмар, селтеңбай қыздар, мұндай эстетикалық құны мінсіз, текті өнерді үйрене алмайды. Қолымдағы жұмысшы қыз-келіншектердің сәл кемшілігін көзім шалса, «қарағым, саған бұл өнер қол емес, бара ғой» деймін. Абай атамыз айтты емес пе: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп. 

Ел аралап жүріп бір байқаға­ным, тігін-кесте, құрақ-жамау сияқ­ты эстетикалық өнерді игерген қыз-келіншектердің мінезі көр­кем-биязы, етек-жеңі жабық, шаштары ұзын, әдемі болып келеді екен. Осыған қарап-ақ ұлттық өнердің құны тексізге тоқтамайтынын түсіндім. 

– Өзіңіз шеберлікті кімнен үйрендіңіз?

– Әжем асқан шебер адам болды. Біз қа­зір кесте тігу үшін алдымен бейнесін жазып, сызып аламыз. Ал әжем небір күрделі ою-­сызудың бейнесін түсірмей-ақ бірден кестелейтін. Сондай керемет шебер адам еді. Осы кі­сінің ықпалы көп болды. 

– Ырза ханым, сіз ала жаздай елорда ір­ге­­сінде бой көтерген Этноауылда шеберлік са­бағын өткіздіңіз, бұдан не түйдіңіз?

 – Бұл менің өмірімдегі ең бір ұмытылмас оқиға болады. Этноауылда өткен облыс күндеріне байланысты өңірдің айтулы ше­берлері жиналып, өздерінің қолөнер бұйым­дарын әкеліп, көрме өткізді. Іздесең таппайтын тамаша қыз-келіншектерді көрдім. Шіркін-ай, осындай Этноауылды қала ішінде жабық ғимаратта, қысы-жазы жұмыс істеп тұратындай етіп жасаса ғой...

Әңгімелескен Бекен Қайратұлы, 
«Егемен Қазақстан»