Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

«Қасиетті Қазақстан» картасы жасалуда

2112 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», деген болатын.

«Қасиетті Қазақстан» картасы жасалуда

Осы орайда, Елбасы тапсырмасы негізінде, өткен мамыр айының ортасында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен елордамыздағы Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру. Осы істі абыройлы атқару үшін орталық жанынан арнайы ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, оған жергілікті өлкетанушылар мен этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері тартылған-тын. 

Жұмыстың басталғанына үш ай уақыт өтті. Осы аралықта жо­ға­рыдағы сараптамалық кеңеске өңірлерден қасиетті орын-нысанға үміткер есебінде 1000-ға тарта тізім келіп түсіпті. Сараптамалық кеңес осылардың ішінен 100 нысанды жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысанды жергілікті маңызы бар қасиетті орын-нысан қатарына енгізген. Бұл тізім болашақта әлі де толығуы мүмкін дейді сарапшылар.

Өткен сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде жоғарыдағы іс-шараның атқарылуы мен барысын көпшілікке хабарлау мақсатында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының же­тек­шісі Берік Әбдіғали, ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері танымал археолог Зейнолла Самашев пен этнограф Жамбыл Артықбаевтың қатысуымен «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» тақы­ры­бында баспасөз конференциясы өтті.

Конференция барысында жур­налистерді бұған дейінгі атқа­рыл­ған шаруалармен таныстырған Бе­рік Әбдіғали, бұл істің негізгі ма­ңызы – Елбасының рухани жаң­ғы­руға байланысты мақала­сында ай­тылғандай «Туған жер», «Өл­ке­тану», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақ тіліндегі 100 оқу­лық», «Мәдени-географиялық бел­деу» бағдарламаларымен қатар, қазір­гі таңда қазақ қоғамының талқы­лауы­на түсіп жатқан латын графика­сы, т.б. барлығы бір-бірінен жалға­сып жатқан, ажырағысыз тұтас идео­ло­гиялық дүниелер екенін жеткізді. 

Осылай Елбасы тапсырмасын тиянақты орындау үшін құрылған жаңа мекеме «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы дәл қа­зір қасиетті нысандарды анықтау мақсатында өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстарды әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, бағыт-бағдарын анық­таумен шұғылданып отыр. Бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген ғалым-этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылып, зерттеушілер басшылыққа алатын нұс­қаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданған көрінеді. 
 Сөйтіп аймақтарда пайда болған жұмыс топтары, өздері тұрып жатқан жердегі үлкен ақсақалдар және жергі­лікті өлкетанушылармен ақыл­даса отырып, қасиетті орындарды анықтап, тізімін жасап шық­қан. Бұл тізімдер айналып келіп сарап­тамалық орталықтың сүзгісінен өт­кен. Келесі бағытта  жергілікті жер­дегі қасиетті нысандарды ғылыми-сарап­тамалық сүзгіден өткізу мақсатында арнайы экспедициялар жасақталуда. 

«Халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша қастерлі-киелі орындар арқылы жас буын­ды патриоттыққа тәрбиелеп, олардың санасын халықтың бай тарихымен ұштастырып, тегі мықты, түбі тұ­рақ­ты жұрттың ұрпағы екендігін бойларына сіңіру – бағзыдан жалғасып келе жатқан үрдіс. Елбасы бізге «сиы­натын-табынатын орын жаса» деген жоқ, бұқараның рухани жаңғыруына әсер беретін, қастер­лі құндылықтарды насихаттау­ды тапсырып отыр», деді «Қасиетті Қа­зақ­стан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали. 

Расында бұл жобаның аясына, Қазақстан жеріндегі тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи сананы жаңғыртуға қатысты нысандар қамтылуда. Осы арқылы қазақстандықтардың біртұтас рухани кеңістікте ынтымақты өмір сүру тетігі қаланбақ. Нақтырақ айтқанда, «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы ғұрыптық рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған діни немесе тарихи-археологиялық мұраларды насихаттауға арнал­ған жоба емес. Бұл – рухани құнды­лық­тарды қалыптастыратын ғылыми-әлеуметтік жоба. 

Осы орайда, оқырмандарымызды атқарылып жатқан жұмыс барысымен толықтай хабардар етіп, кей­бір дүниелердің аражігін ашып тү­сіндіру үшін жоба жетекшісі Берік Әбдіғалиді сөзге тарттық:

– Қазақстандағы қасиетті орындарды жалпыұлттық және жергілікті нысандар деп бөлдік. Жалпыұлттық нысанға күллі елімізге ортақ тарихи сипатқа ие орындар еніп отыр. Нысанның жалпыұлттық сипат алуы­на екінші себеп, ол аймаққа, өңірге бөлінбейтін, қадір-қасиеті барша ел азаматтарына ортақ, тұтас ұлттықты насихаттауға бағытталған болуы шарт. Тіпті, Қазақстан жерінде ұлтқа, дінге байланыспайтын да қасиетті орындар бар. Сөйте тұра бұл нысан қазақ жерінде тұрғандықтан, этностар мен мәдениеттерді тоғыс­тыратын маңызын да ескермей кетуге болмайды. Мысалы, ШҚО жеріндегі «Абылайкит». 

 Сол сияқты Алтайдағы «Берел қорымын» алайық. Бұл адамдар табынып-сиынатын жер емес. Бірақ біздің ата-бабаларымыздың өткен тарихынан ақпар беретін құнды нысан. Осы арқылы бұрынғы ата-бабаларымыз ерте дәуірде қандай мәдени мұралар қолданды, өз кеңістігінде қалай өмір сүрді соны білеміз. Әсі­ресе қазба жұмыстары кезінде та­был­­ған дүниелердің образдары мен бүгін­гі күннің этнографиясының тари­хи сабақтастығы ұрпақ үшін өте қажет. 

 Астана қаласынан киелі орындар тізіміне «Бәйтерек» монументі кіріп отыр. Неге? Өйткені Бәйтерек пен Тәуелсіздік монументі біздің еркіндігіміз бен жаңғыруымыздың символы. Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік» алаңы мен Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш те қасиетті орындар тізімінде. Бұл нысандар қарапайым ескерткіш ретінде маңызды емес, бірақ оның оқиғалық мәні аса маңызды. Яғни осы ескерткіштер арқылы біз нендей тарихи құндылықтарды насихаттаймыз мәселе осында. 

 – Берік Әбдіғалиұлы, қа­сиет­ті нысандарды анықтауда ең бас­тысы қандай критерийді басшы­лыққа алдыңыздар?     

 –  Әуелі елміздегі барлық қасиетті нысандарды алты топқа жіктедік. Атап айтқанда, табиғи ландшафттық қастерлі орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, Қазақ хандығының астаналары мен қалалары, зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысандар, тарихи тұлғаларға қатысты қастерлі жерлер, саяси-тарихи оқиғаларға байланысты киелі орындар. 

Осылардың әрбіріне ғылыми-сараптамалық негіз жасалуда. Сол сияқты халық тағзым ете­тін орындарға қатысты аңыз-әпса­на­ларды терең зерттеу керек екенін аңғардық. Себебі жергілікті аңыздар арқылы қасиетті нысанның сипаты анықталады. 

Қазір тарихшы, археолог, этнограф ғалымдармен бірле­сіп, Қа­зақ­станның қасиетті орын­дары­ның картасы жасалуда. Бұл карта муль­тимедиалық құрылымдар арқылы мобилді форматта, электронды түрде халыққа қолжетімді болады. 

Сонымен қатар қасиетті жерлерге қатысты роликтер жасалып жатыр. Жыл аяғына дейін шағын үш ролик дайын болады. Бұл ролик­тер әлеуметтік желілер арқылы та­ратылады. Жыл аяғына дейін «Қа­зақстанның киелі жерлерінің  гео­графиясы» атты виртуалды-инте­­рактивті картаны іске қосамыз. Оны интернет арқылы тамашалауға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ағылшын, орыс, қазақ тілінде интернет сайт ашылуда. Онда мо­билдік қосымшалар болады. Сайт­тың бір артықшылығы, іздеу жүйесі оңтайландырылған. Яғни нысандар­ды категория бойынша немесе ті­келей атау-сөз арқылы іздей аласыз. 

 –  Сіздер жасап жатқан «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасының нақты шегі бар ма?

 – Бағдарлама бес жылға арналып, 2017-2021 жылдарды қамтып отыр. Осы аралықта әр жыл са­йын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Биыл жыл аяғына дейін энциклопедияның бірінші томы жарық көреді. Жинаққа – Алматы және Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыстары қам­тылуда. Бұл істі атқаруға этнограф-ғалымдар Нұрсан Әлімбай, Жам­был Артықбаев, Ғарифолла Әнес басшылық етуде. 

Алдағы жылдары жоспар бо­йынша далалық-этномәдени экспе­ди­­ция­лар жасақталып, аймақта құрыл­ған жұмыс тобымен бірлесе оты­рып, жоғарыдағы тізімге алын­ған нысандар бойынша ақпар жинайды. 

Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни бұл туризмнің ерек­шелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, тарихи сананы жаңғыртуға негізделген, ту­ған жер тарихымен танысуына бағыт­талуымен құнды болмақ. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»