21 Қыркүйек, 2017

Қоғамда БАҚ-тың рөлі қашанда жоғары

7280 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы алатын орны ерекше екені белгілі. Ендеше, ақпарат өкілдері құқық бұзушылыққа түбегейлі қарсы болып, онымен күреске сүбелі үлес қосуы керек. «БАҚ қоғамдағы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру құралы ретінде» деп аталған «дөңгелек үстелге» қатысқан журналистер, блогерлер мен қоғам белсенділері осылай дейді.  

Қоғамда БАҚ-тың рөлі қашанда жоғары

Жиынды ашқан Ұлттық интернет ассоциациясының төрағасы Серікқазы Кәкібаланов дөңгелек үстелге қолдау білдірген Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне және соған қарасты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына, сондай-ақ талқылау алаңын ұсынып, ақпараттық сүйемелдеу жасаған «Егемен Қазақстан» газетіне алғысын білдіріп, қарастырылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды. 

Дөңгелек үстел барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитеті басқарма басшысы Бақдәулет Сариев құзырлы мекеменің атқарып жатқан шараларын сөз етті.

«Бүгінгі таңда біздің министрлік тарапынан коммерциялық емес ұйымдардың мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Аталған өзгерістер үкіметтік емес әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда ашықтық пен қолжетімділік қағидаларын енгізіп, жобаның тиімділігі мен халыққа қызмет сапасын арттыруға бағытталған,» деді Б. Сариев.

Алқалы жиында сөз алған «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі ақпарат өкілдерінің қоғамдағы атқаратын рөлін жан-жақты ашып берді.

«Медиа саласын бекерден-бекер төртінші билік деп атамайды. Бұқар жыраулар ханға қара халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп отырған, бүгінде ол қызметті БАҚ атқарып отыр. «Егемен газетінің» де негізгі ұстанымы осыған саяды. Біздің міндет биліктің бағытын халыққа хабарлаумен шектелмей, халықтың сөзін билікке жеткізу. Сондықтан, елдің назарын аударып, қоғамды алаңдатқан тақырыптар мен қордаланған мәселелерді бірінші беттен бере бастадық», – деген Д.Қыдырәлі «Егемен Қазақстан» газетінің құқық бұзушылыққа қатысты көтерген тақырыптарына тоқталып, басылымның осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.

Д.Қыдырәлі газеттің өзінде құқық бұзушылыққа жол бермеу мәселелері жіті қадағаланатынын мәлімдеді. Мысалы, редакцияға келіп түскен оқырман хаттары жарияланбастан бұрын жан-жақты зерттеу жүргізіліп, оның қаншалықты рас-өтірігі анықталады. Кейбіреулер бұқаралық ақпарат құралдарын бопсалау мақсатында пайдаланып, домалақ арыз жазуы ықтимал. Алда-жалда бұл мәселе жіті тексерілмесе, оның қоғамға тигізер зияны мол. Сонымен бір мезгілде бұқаралық ақпарат құралдары арзан сенсация қумай, қоғамдық өмірге қажетті салаларға көңіл бөлуі тиіс.

«Интернеттегі 7 жаңалықтың алтауы негативке толы. Мұның өзі құқық бұзушылық. Өйткені, социологияда жаман ақпараттардың көп болуы адам жүйкесіне кері әсерін тигізетіні мәлім. Сонымен қатар, зәбір көрген балалардың аты-жөнін, жай-күйін интернетке жариялап жібертін жағдайлар кездеседі. Таяқтың екінші ұшы бар екенін ескермегендер сол баланың болашағына, ата-анасына түсіретін салмағын елеп-ескере бермейді», – деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ БАҚ-тың қоғамға тигізетін алғашқы эффект әсері деген бар. Тақырыбын айқайлатып жариялаған өтірік ақпарат қоғамда теріс пікір қалыптастырады. Ал сол ақпараттың жалғандығы мәлім болғанда бастапқы жаңалықты оқығандар оның өтірік екенінен бейхабар қалады. Сондықтан, журналистер ең әуелі өздеріне артылар жауапкершілік жүгін сезінуі тиіс деп есептейді газет басшысы.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар да өз пікірімен бөлісті. Белгілі блогер Аршат Ораз қоғам­дағы құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудағы бло­герлердің рөлі туралы сөз етті. Ол «блогер» деген ұғымның өзі өзгеріп кеткеніне назар аударды.

«Мен екі жайтты көтергім келіп отыр. Біріншісі – мәселе көтерілгенде көбіне жалған немесе бұрмаланған ақпараттар тарап жатады. Оның соңы арандатушылыққа апарады. Сондықтан, ақпараттың ара-жігін ажыратып алу керек. Екіншісі – боп­салаушы топтар. Олардың камераға түсіретін арнайы жігіттері, жоғары деңгейлі техникалары бар. Қоғамда өзекті мәселе көтерген секілді болып, түймедей нәрсені түйедей етіп жариялайды. Немесе сол арқылы жергілікті орган­дардан белгілі бір көлемде ақша та­лап етеді. Міне, осы кезде блогерлер бірінші болып ақпараттың растығына назар аударып, шындықты жариялауы керек», – деді Аршат Ораз.

Жиында белгілі журналист әрі блогер Амангелді Құрмет құқық бұзушылықтың жойылуына тілшілердің қаншалықты үлес қосып жүргенін сөз етті. Ол бұл мәселеде журналист пен қоғамның рөлін айтқанды жөн көрді. Қазіргі ортада әлі жойыла қой­ маған таптаурындардың барын айт­ты. Мәселен, құқық бұзушылықты полицейге жеткізген адам «стукач» саналады. Бұл тұрғыда ол құқық бұзушылыққа төзбеуді қалыптастыру үшін мемлекеттің және халықтың өз әрекеті барын көлденең тартты.

Өз кезегінде сөз алған блогер Сырым Әбдірахманов еліміздің шет аймақтарында тақырыпқа қатысты көптеген мәселелердің кенжелеп қалғанын айтты. Бұл тұста блогерлер де халықтың мұң-мұқтажын билікке дер кезінде жеткізіп отыруы керектігін айтады С.Әбдірахманов.

Белгілі журналист Қанат Әуесбай құқық бұзбаушылықты қалыптастыруда ең үлкен рөлді заң атқа­ратынына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде жекеменшік, нақты бір мүддеге құрылған, арандатушылыққа апаратын ақпарат құралдары көп. Соның салдарынан жұрт арасын­ да тілшілер жайында керағар пікір қалыптасады.

«Бүгінде ақпарат құралын тіркеу аса қиындық тудырмайды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне арнайы құжаттарыңды тапсырсаң, тіркеліп алуға болады. Есесіне ертең осындай «жартылай жұмыс істейтін» сайттар жалған ақпаратты таратып жібереді. Өз кезегінде мұны рейтингі жоғары басылымдар сілтеме арқылы жариялап, жұртты дүрліктіріп қояды. Істің ақ-қарасы анықталғаннан кейін сөздің соңы журналистерге келіп тиеді», – деді Қанат Әуесбай.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қол­дау орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған алқалы мәжілісте Ұлттық интернет ассоциациясының басшысы Серікқазы Кәкібаланов осы мәселеге қатысты «Нүкте.кз» сайтының ашылғанын мәлімдеді. Іс-шараға жиналған қауым көте­рілген мәселенің маңыздылығын ерекше атап өтті.