Қазақстан • 21 Қыркүйек, 2017

Қазақстанда қалайы өндіруге салық мөлшері азайтылмақ

671 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда қалайы өндіруге салық көлемін азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде Салық кодексінің жобасын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика бiрінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда қалайы өндіруге салық мөлшері азайтылмақ

«Жер қойнауын пайдалану саласында геологиялық барлауға инвестициялар ынталандырылатын болады. Әлемдік практиканы ескеріп, көмір бойынша экспорттың жүктемесін рента салығына ауыстыра отырып, тау-кен саласы үшін үстеме пайда салығын алып тастау ұсынылады. Әлемдік тәжірибеде тау-кен саласы үшін мұндай салық жоқ. Шын мәнісінде, аталған салықты тек көмір өндіруші компаниялар төлеп келген», деп түсіндірді Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, табысты барлау жүргізуді ынталандыру мақсатында коммерциялық анықтау бонусын алып тастау жоспарлануда. Теңіз және терең мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануда өте қарапайым баламалы салық ұсынылады. Қатты пайдалы қазбаларды барлауды жеделдету үшін жалдау төлемдерінің тетігі енгізіледі. Инвесторларды ынталандыру үшін дивидендтерді және 35 пайыздан артық өндірілген шикізатты өңдеген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы акцияларының өсімін корпоративтік табыс салығынан босату ұсынылып отыр. Белгілі болғандай, мұнай мен газды өзіндік құнынан төмен өткізу кезіндегі кірістерді анықтау бойынша тәсілдер қайта қаралады.

«Сондай-ақ қалайы бойынша пайдалы қазбаларды өндiруге арналған салығының мөлшерлемесін 6%-дан 3%-ға төмендету ұсынылады. Бұл металлургияның жаңа саласы - қалайы өнеркәсібін қолдау үшін жасалып отыр», дейді ол.