Қазақстан • 22 Қыркүйек, 2017

Шығанақ жолымен немесе тары өсіру дәстүрі жалғаса береді

1576 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақтөбенің ақ тары­сы­ның бұрынғы даңқын қайта оралтып, оны шын мә­нін­дегі бренд деңгейіне дейін көтеру жөнінде Ақтөбе облыс­тық әкімдігінде де тың іс-шара­лар кешені белгіленгені де көңілге үлкен медеу.

Шығанақ жолымен немесе тары өсіру дәстүрі жалғаса береді

­

Ашығын айтқанда бұған де­йін тары өсіру технологиясы туралы ақпаратымыз аз еді. Осы орайда бұған қатысты ой-өрісімді кеңейте түсуге әжептәуір көмегін тигізген, тарылы өңірде туып-өскен перзент, Ойыл ауданының құрметті азаматы, жетпістен асса да шығармашылық бабын жоғалтпаған аға әріп­тес Аманқос Орынғалиұлы­на алғысым шексіз. Ол кісі тарының жай-күйін өте жақсы біледі екен. Бұған қоса Әбекең «бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тама­ды» делінетін Ақтөбе ай­мағына кеңінен тарап кет­кен айшықты афоризмнің ав­торы болып шықты. Осы арқылы А.Орынғалиұлы тары дақылының барлық қасиетін бір ауыз сөзге сыйғыза салған. Ғажап емес пе?! 

Тағы бірде тарының кәнігі білгірі ХХ ғасырдың 30-жыл­дарының аяғы мен 40-жыл­дарының алғашқы жарты­сында тары өсіруден әлемдік рекорд жасалған жерге барып қайту мүмкіндігі бар екенін айтты. Іздегенге сұраған деген­дей, бұл ұсынысқа қуана келіс­тім. Осынау журналистік ісса­пар­дың ұзын-ырғасы төменде­гідей болып шықты. Әлемдік рекордты, тіпті бұдан да гөрі те­рең­детіңкіреп айтқанда содан кейінгі 75-80 жылдың ара­л­ы­ғында да қайталан­баған ре­корд­ты кім жасағанын оқыр­ман айтпай-ақ түсініп отырған шығар.

Ол әрине, стратегиялық дақыл­дың атасы –Шығанақ Берсиев. Даңқты тары өсіру­ші Ойыл өңіріндегі Қара­тал, Қарасу және Жымжарған ауыл­­­дарының арасында бел шеш­­­­пей еңбек етіп, күнді түнге ұлас­тырған екен. Сондықтан да күні бүгінгі дейін бұл ауыл­дар­дың атаулары Ш.Берсиевтің еселі еңбегі мен тары өсіру жө­нін­дегі тың тәсілдеріне қатыс­ты айтылатынын іссапар кезін­де терең түйсіндік. Тағы бір көзіміз көрген жайт алдың­ғы екі ауыл Ойыл өзені­нің бо­йын­да орналасыпты. Ал к­е­йін­гі Құмарған ауылы кеңес­тік кезде Берсиев атындағы кеңшардың басты әрі негіз­гі бөлімшесі болыпты. Міне, осы киелі дейтіндей топырақта жарықтық Шығанақ атамыз алты-жеті жыл қатарынан әлем­­дік рекордты уысынан тү­сір­­мей келгені шын мәнісінде айту­­ға ғана жеңіл болса керек.

Осындан 75-80 жыл бұрын ата­­мыздың кетпені тиген атыз­­дар­дың сорабы әлі күнге дейін құс жолындай сайрап жат­қа­ны ер мен жердің тағы бір қай­­та­ланбас қасиетіндей әсер қал­дырады. Тағы бір ай­тары­­мыз, жоғарыда аталған ауыл­­дарға қарасты Қияқты және Шөңке деп аталатын ел­ді­­­ме­­кендер де бар екен. Шы­­ға­­нақ Берсиев дүниеден оз­ған кез соғыстың соңғы жыл­дары­ның біріне тап келеді. Бұдан кейінгі кезеңдерде – елуінші-алпы­сыншы жылдарда бұл өлке­де Шығанақ дәстүрін жалғас­тырушылар біраз болға­ны­мен, кейін тары өсіру ісінің шеңбері тарыла түскенін де дәуірдің бұл­тартпас шындығы деуге болады.

Берсиев тарыдан мол өнім алу үшін ең алдымен арам­шөп­тен таза құнарлы жерді таңдап алып, оған қой қиын төккен. Тұқымсепкішпен әр гектарына 20 келіден тоғыспалы әдіспен 5-6 сантиметр тереңдікке тұқым сеуіп, топырақты ауыр ағаш катокпен тегістеген. Негізінен суармалы тары егістігіне арқа сүйеп, дақылдың өсіп-жетілу кезе­ңінде 4 рет суарып, 2 рет үс­теп қоректіндірген. Жаз бойы оның арамшөбін үш рет отап, оған күл мен құс саң­ғы­рығын шашқан. Тарыны пісіп, жетілуіне қарай іріктеп орған. Тары атасы Ойылдың ақ тарысының сабағы майысып тұрған күлтелерін таңдап, тек ірі дәндерін ғана тұқымға алған деп мәлімдейді белгілі Берсиевтанушылар.

Ендігі кезекте бүгінгі Ойыл өңірінде Шығанақ Бер­сиев қалдырған тары егу мен өсіру дәстүрі қалай жал­ға­сын тауып келеді деген сауал­ға да жауап бере кеткі­міз келе­ді. Шынтуайтына кел­генде тәуел­сіздіктің алғаш­қы жыл­­дары­нан бері ұмыт қала бастаған бұл іске ойыл­дық­тар соңғы екі-үш жылдың төңі­­ре­гінде тереңдеп ден қоя бас­тапты. Ақтөбенің ақ тары­сы­ның бұрынғы даңқын қайта оралтып, оны шын мә­нін­дегі бренд деңгейіне дейін көтеру жөнінде Ақтөбе облыс­тық әкімдігінде де тың іс-шара­лар кешені белгіленгені де көңілге үлкен медеу.

Осы орайда тары өсіру ісі жоғарыда айтылғандай, Шы­ға­нақтың қолының табы қалған Құмжарған, Қияқты және Шөңке елдімекендерінен бастау алып отыр екен. Бұл өңірлердің қазіргі күні Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округ аумағына кіретіні де ата дәстүрге адалдықтың бір белгісі іспеттес.

Мұнда өткен жылы тары егіп, оны өсірумен айна­лы­суды мұрат тұтқан «Нәби Диас» атауын алған арна­йы ауыл­шаруашылық коопера­тиві құрылыпты. Оның құра­мында 21 мүше бар екен. Осы кооперативтің төрағасы Ер­лан Қалниязов бізге 120 гек­тар алқапта тары еккендерін айтып берді. Содан соң ол көп бөгелмей бізді өздері өсір­ген тары алқабына апарып көр­сетті. Тары дақылы егістігін ал­ғаш көріп тұрғандықтан, оның шығымдылығы жөнінде баға бере алмайтынымды біл­ген соң, осы жерге бастап кел­­ген аға әріптесім Аманқос Орын­ғалиұлына қарадым.

Ол кісі менің ішкі ойымды айтпай түсінді де тары жақсы көтеріліпті, бас алып, әжептәуір өсіпті. Өнімділігі ойдағыдай болуға тиіс. Алайда әлі көк­теу күйін сақтап тұр екен. Сон­дық­тан алқапта бүгін-ертең орақ салуға сәл ертерек болар деп өз бағасын білдірді. Белгілі тары­танушының ұсыныс іспет­тес осы ой-пікірін кооператив төрағасы да қостағандай түр танытты. Кооперативтің 800 гектар ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жері бар екен. Е.Қалниязов соның есебі­нен алдағы жылдары тары егісті­гін одан әрі ұлғайта түсу жө­ніндегі ойын жеткізді. Тағы бір көңілге түйген жайт, «Нәби Диастың» тарыға орақ салу­ға тыңғылықты әзірлік жаса­ған­дары дей аламыз. Бұл үшін олар арнайы «СК-5» комбайнын сатып алыпты. Бұған қо­са­ры­мыз Ойыл ауданында суар­малы тары өсірушілер тек «Нәби Диас» кооперативімен шектелмейтінін білдік. Оның қатарын Жұма Жақыпов, Бер­ген Жұмырбаев және Ғазиз Займолдин секілді шаруа қожа­лықтарының жетекшілері толықтыра алады. Біз барған кезде олардың қай-қайсысы да суармалы тары егістігін оруға бел шешіп кірісіп кете қой­мапты. Бұл жерде де бүгін­гі әңгімеміздің басты ке­йіп­керінің бірі Аманқос Орын­ғалиұлының болжамы дәл келген секілді. Тек ойдым-ой­дым алқаптар бөлектеп қана орылу үстінде екен. Әри­не мұның себебі тек біреу ғана. Өйткені жоғарыда айтыл­ғандай, суармалы тары егістігі сол бір күндерде толық пісіп-жетілу деңгейіне жете қой­мап­ты. Кейін ойылдық тары өсіру­шілермен телефон арқылы хабарласқанымызда олар өз­дері көздеген деңгейде өнім жинап жатқандарын көтеріңкі көңілмен айтып берді.

Сөз соңында Ойыл ауда­нын­да кейінгі кездері суарма­лы тары өсірушілермен бірге қырлық тары егістігімен шұ­ғыл­данушылар легі де пай­да бола бастағанын айтқы­мыз келеді. Әрине оның өнім­ді­лігі алдыңғы әдіспен салыс­тыр­ғанда әжептәуір төмендеу келе­тіні рас. Соның өзінде Бер­сиев еңбек еткен топырақта бұл технология бойынша да күт­кен­дегідей сапалы өнім алы­нып жүргені қырлық тары өсіру ісі де тиімді екенін дәлел­дей түседі.

Ойыл – Ақтөбенің ақ тары­сы­ның отаны. Бүкіл еліміз бо­йын­ша бұл айрықша да­қыл тек осы аудан көлемін­де өсі­рі­леді. Әрине бұл тым аздық етері кәміл. Нәрлілігі мен жұғым­дылығы және құнар­лығы мен азықтық құнды­лығы бойынша барлық дәнді дақылдардың ал­дында тұрған тарыны еліміз­де жаппай өсіруге Үкімет тара­пынан тиіс­ті қолдаулар жасал­са, бұдан ұтпаса, ешкім де ұтылмасы анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы, 
Ойыл ауданы