Жеңіл атлетика • 22 Қыркүйек, 2017

Жеңіл атлеттеріміз жарады

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ашғабадта өтіп жатқан жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындары бел ортасына келді. Жарыстың бесінші және алтыншы күні Қазақстан құрамасының қоржыны төрт алтын, алты күміс және жеті қола медальмен толықты. Әсіресе жеңіл атлеттеріміз жарады. Олардың еншісінде үш алтын, бір күміс және екі қола жүлде бар.  

 

Жеңіл атлеттеріміз жарады

Григорий Егоров жаттық­тыратын жеңіл атлетика құра­масы екі күнде 10 медаль жеңіп алды. Оның алтауы – алтын. Өткен жарыс күні Сергей Гри­горьев (сырықпен секіру), Ольга Рыпакова (ұзындыққа секіру) және Иван Иванов (ядро серпу) V Азия ойындарының алтын жүлдесін иеленген болатын.

Жарыстың бесінші күнінде Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру), Виктория Зябкина (60 метрге жүгіру), Элина Михина (400 метрге жүгіру) топ жарды. Мария Овчинникова (үш қарғып секіру) күмісті иеленсе, Ольга Сафронова (60 метрге жүгіру) мен Михаил Литвин (400 метрге жүгіру) үздік үштіктің қатарынан көрінді. Ал әйелдер арасында 4х400 метрлік эстафетадан Қазақстан қыздар құрамасы чемпион атанған болатын. Алай­да ұйымдастырушылар алтын жүлдемізді қайтарып алды. Се­бебі жарыс кезінде Анастасия Виногродова сызықты басып ке­тіп, құрамамызды жарыстан шет­тетті. Сөйтіп, алтын Таиланд құ­рамасына бұйырды.

Жалпы, Қазақстаннан Аш­ғабадқа 14 жеңіл атлет аттанған болатын. Оның тоғызы жүлдеге қол жеткізді. Жеңіл атлетика бойынша, қазақстандық атлеттер медаль саны бойынша жалпы есепте топ жарды.

Сонымен қатар белбеу күре­сінен үш балуанымыз алты медаль иеленді. Айдос Құлман­бетов (82 кг) V Азия ойындарының чемпионы атанса, 90 кило салмақта белдескен Ерсұлтан Мұзаппаров бір күміс және бір қола медальды қанағат тұтты. Сондай-ақ Пери­зат Жақыпбекова (70 кг) классикалық жарыста қарсы­ласына есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтса, еркін дәстүр бойынша күміске қол жеткізді. Ал Бекбол Нұрланұлы (100 кг) қола жүлдегер атанды.

Ал бильярд спортынан Ер­нар Шымбаев пен муайтай өкілі Еламан Саясатов V Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді. Құрама қоржынына қола медальды джиу-джитсудан Галина Дуванова, муайтай спортынан Ерқанат Оспан (60 кг) мен Намик Нефталиев (71 кг) салды.

Жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарының алтыншы күнінің қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы жалпы­командалық есепте 31 медальмен (7, 9, 15) бесінші орынға тұрақ­тады. Әзірше, Түрікменстан құрамасының спортшылары алдына жан салар емес. Кешегі күн­нің кестесіндегі нәтиже бойын­ша, олардың қоржынында 130 медаль бар (55 алтын, 38 күміс және 37 қола). Иран Ислам Рес­пуб­ликасының спортшылары 43 жүл­демен (11, 8, 24) екінші орын­да тұр. Ал үшінші сатыға табан ті­­реген Тайланд құрамасының қор­­жынында 33 медаль бар (10, 11, 12).

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»